1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №66 (16252)   22 тамыз, сейсенбі 2017
22 тамыз 2017
Балабақшаны табыс табу үшін ғана аша ма?

Қызылорда қаласында барлығы 200-ден астам балабақша бар. Алайда саны жағынан басымдық танытып отырғанымен, сапа жөнінен алдыңғы орынға табан тірей алмай отыр. Ұрпақты ұлағатты жолға салады деген балғынжайларымыздың бірінің басшысы қызметтен шеттетіліп жатса, енді бірінде бүлдіршінді таяқтың астына алған деректер әшкере болған. Бұл күнде қоғамдық кеңестің жүргізген тексеруі нәтижесінде төрт балабақша жұмыс уақыты бітпей жатып есігіне қара құлып салынса, 26-сы талапқа сай келмей отыр.

ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ, НӘТИЖЕ БАЙҚАЛМАЙДЫ
Осыдан бірнеше ай бұрын жол сақшыларынан бастап, жергілікті билік өкілдеріне дейін қатысқан үлкен жиында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жекеменшік балабақшалардағы жағдайды жіті бақылап, ондағы автокөлік жүргізушілерінің тәжірибелі болуына мән беру керектігін айтқан. Тіпті автокөліктердің түр-түсін де біркелкілендіру керектігін тапсырған.
– Жергілікті полиция қызметі бұл мәселені қатаң назарға алсын. Әрбір автокөліктің түсі бала таситынынан хабар беріп тұруы тиіс. Егер бұл талапқа көнбейтін балабақшалар болса, лицензиясымен қош айтысады. Бұл тапсырма бір ай ішінде орындалатын болсын және оған облыстық білім басқармасы жауапты, – деген болатын Қ.Көшербаев.
«Жүргізушілерінің дені мұрты енді тебіндеген бала. Жүргізуші куәлігін сатып алады, сосын тәжірибесі жоқ» деген аймақ басшысы жергілікті полиция қызметіне де тапсырманың бір бөлігін бағыттаған.
Бұл тапсырма берілгеннен кейін де бір ай емес, бір жарым айдан астам уақыт сырғып өтіп кетті. Уақыт ешкімді күтпейді, күткен де емес, ал өз кезегінде мұны аңғарып қалған Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та еселеп ұпай жинағысы келді ме, жоқ әлде, расымен, тапсырманың уақтылы орындалмауына алаңдады ма, бөлім басшыларының басын қосып, тағы бір жиын өткізді.
– Балабақшаны елу балаға деп ашады, барсаң қырық бала ғана бар. Мемлекеттің артық ақшасы жоқ, сондықтан бар балаға ғана береді. Ал оны тексеруге бара қалсаң, ретсіз тексеруге болмайды дейді. Оларда қанша бала бар екеніне ішінара тексеріс жасаған құзырлы орындар сосын бізді кінәлі етіп шығарады. Бұлай болмайды. Кәсіпкерлікті қолдауын қолдап жатырмыз, бірақ барлығы заң шеңберінде болсын, – деп айтты Н.Нәлібаев.
Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Көшербаев Сайлыбаевқа, Нәлібаев қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітовке тапсырма берген-ді. Бірақ бас мұғалімдердің «Мектепке жол» акциясынан қолдары тимей жүрген сыңайлы. Оқушының қолына бір сөмке ұстатып, өңірдегі екі телеарнаның эфирінен сәт сайын көрінуді бақыт санайтын сыңайлы. Ал тапсырмаға келгенде тапжылмастан отыр. Мұнысы, әрине, түсініксіздеу болып қалды.

САНЫ КӨП ТЕ, САПАСЫ ЖОҚ...
Қала тұрғыны Сұлушаш Қожанова бірнеше балабақшаға немерелерін апарады. Немересінің бірін мемлекеттік балабақшаға берсе, тағы бірін жекеге берген. Оның айтуынша, екеуінің де жағдайы мәз емес. Өңір балабақшамен қамтуда алдыңғы қатарда болса да, сапа жағынан тиісті деңгейге жете алмай отыр.
– Ең әуелі олардың қалай рұқсат алғанын қайдам, балабақшалар алдымен жеке тұрғын үйге есептеліп салынған. Екінші қабаттағы терезесінде тор жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, іштегі баспалдақтарынан бала тұрмақ, менің өзім әрең шығамын. Ауласында ойын алаңы жоқ, бар болғанның өзінде, балалардың ойнауына қолайсыз. Сонан соң балаға жөнді тамақ берілмейді, тіпті балаларымды күтіп алу үшін көлігіме су салып жүремін. Үйге келісімен балалар аштықтан келгендей тамаққа бас салады. Балабақшаларда білім үйретеді дейді, менің немерем мемлекеттік балабақшада тәрбиеленді, әлі әріп танымайды, амалсыздан ақылы негізде мұғалім жалдауыма тура келді. Не пайда? – деп қынжылады С.Қожанова.
Бұл мәселе қоғамдық кеңес мүшелері жасаған зерттеулерде де анық байқалады. София Теңізбаева: «Жеке кәсіпкерлер балабақшаны табыс көзі ретінде пайдаланып жүр. Егер де шын ықыласымен айналысқысы келіп жатса, оларды субсидиялаудың қажеті жоқ. Ал мемлекеттен көмек алғысы келеді екен, онда барлық талаптарға жауап берсін. Сонан соң барып көмек алсын. Ал қолдарынан келмесе қоя салсын», – дейді бұл тұрғыда.
Сұлушаш Қожанова: «Мен балаларды күтіп тұрғанда аспаздардың әрқайсысы екі дорбамен шығады. Шыны керек, кейде қиналғандарын көріп көтеріскің келеді. Оның ішінде қанша баладан үнемделген балабақшаның тағамы кетіп барады. Мұнан бала денсаулығына, балабақшаға келген залалды есептеп көріңіз», – деді әңгіме арасында. Демек, балабақшадан үйге қайтқанда Сахарадан келгендей шөлдеп келетін, аштықтан келгендей қарны ашып, асқазаны шұрылдап келетін бала денсаулығынан соң аурушаңдық туралы сөз айтудың өзі артық.
Сонда есептеп көріңіз, бала басына мемлекеттен бөлінетін 24 200 теңге қолдау мен әр ата-анадан берілетін төлемақыны қосқанда, балабақша ай сайын табыс көзіне айналмағанда қайтсін?! Олар үшін балалар бар болғаны табыс әкелуші ретінде болып отыр.
С.Қожанова сондай-ақ ойыншықтардың тексерілмейтінін, тіпті аз екенін, соның салдарынан балалар өзара төбелесіп қала беретінін де назарға алуды сұрайды.
«Біз қазір мәселе бар екенін айтамыз. Бірақ бұрын да осылай болған. Тиісті мекемелердің басын қосып тексеру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Балабақшаларды бүгін ашып тастағанмен, кезінде кімдер, қалай қабылдады? Болашақтағы балабақшаларға рұқсат беру қалай жүргізіледі? Осыған мән бергеніміз жөн», – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Б.Нұрқожаев.

Түйін
Соңғы кездері Қызылордада «Сіз балаңызды үйіңізде ұстай беріңіз. Бар болғаны ХҚКО ар­қылы бізге тіркей салыңыз. Біз сізге 3000 теңге береміз» дей­тіндер де көбейіпті. Ал тексеру келгенде ағайын-туған, дос-жаран, көрші-қолаңға өтініш айтып, бала санын толықтыру үшін сабылатындарды көзіміз көріп те жүр. Тіпті шалғай ауылдар­дағы мемлекеттік балабақша­лардың өзінде бар жағдай. Сон­дағымыз не?! Балабақша – бо­лашақ ұрпақтың тәрбиесі. Шы­бықты қалай исек, солай өсетіні белгілі. Ал біз шы­бықты қалай қарай иіп жатырмыз?!

Дәулет ҚЫРДАН
Қызылорда

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар