1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (16254) 29 тамыз, сейсенбі 2017
29 тамыз 2017
Қазаққа қанша көкжиек керек?

Айдос САРЫМ
арнайы «Жас Алаш» үшін

«Қазақстан» ұлттық арнасы толықтай ребрендинг жасап, өз атауын жаңалап «Qazaqstan» деп ауыстырып, құрамына кіретін барша құрылымдық және аймақтық бөлімшелерінің атын латын қарпіне көшірді. Оның алдында мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталығы еліміздің республикалық дәрежедегі 100 қасиетті, қастерлі тарихи және табиғи орындарының тізімін бекітті. Аты дардай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткеріліп жатқан осы тарихта қалар шаруалардың ел мен ұлт үшін ғана емес, барша қазақ үшін үлкен маңызы бар деп ойлаймын. Себебі бұлардың барлығы да әрбір қазақ азаматы үшін белгілі бір өркениет көкжиегін ашады, бағыт пен бағдар береді.
Күнделікті күйбің тіршіліктен бас көтере алмай, жан сауғалап әупірімдеп жүрген әрбір замандасымыздың осы сөздерді естіп, «Мұның маған қандай пайдасы бар? Менің өмірім осының бәрінен қалай, қаншалықты өзгереді?» деп сұрақ қоюы заңды құбылыс. Рас, тағдырдың тауқыметін көріп, несиеден көз аша алмаған, пәтер жалдап, ертеңгі күні баласын мектепке қалай жіберемін деп жан мен тән азабын көтеріп жүрген ата-ана үшін мұның бәрі ғарыш сияқты алыс та, түсініксіз де құбылыстар болып көрінуі ықтимал. Заңды, орынды сұрақтар.
Алайда барлығы тек әлеуметтік мәселеге барып тіреле бермейді. Адамның басқа да жан иелерінен басты ерекшелігі, адамды адам қылған, басқадан айрықшалаған қасиеті – ойлау, ойлану, жоспарлау, болжау қабілетінің бар екендігі, күнделікті тамақпен, от-сумен қатар, рухани азықтың да қажеттілігі. Олай болатын болса, осыны бір анық дейтін болсақ, жоғарыда аталып өткен шаруалардың барлығы да қазақ азаматының жай-күйіне, тыныс-тіршілігіне, болмысы мен болашағына тікелей қатысты дүниелер. Себебі осы істеліп жатқан дүниелердің барлығы дерлік еліміздің алдағы уақыттағы ұзақ мерзімді дамуының бағдары туралы сұрақтарға жауап іздеу, жауап беру болып табылады. Бүгінгі күні, шынын айтайық, «Осы біз қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Бұл мемлекеттің иесі мен киесі кім? Қандай құндылықтарға негізделген мемлекет құрып жатырмыз осы?» деген сұрақтар әрбір есті, ойлы қазақты мазалап жүргені жалған емес. Шенеуніктеріміздің, атқамінерлеріміздің теріс қылықтары мен отарлық психологиясына қарап, «осылар түбі елді сатып кетейін деп жүрген жоқ па?» деп қалатын тұстарымыз да аз емес.
Алашты Арқаға көшіру, латын қарпіне өту, Қазақстанның «Қасиетті географиялық картасының» жасалуы, қазақ гуманитарлық ғылымдарына жан бітіру мақсатында ұлттық аударма бюросының құрылуы, Алматыда ашаршылық құрбандарына, Қызылордада Мұстафа Шоқай атамызға бағышталған еңселі ескерткіштердің бой көтеруі сияқты көптеген сауапты шаруалардың барлығы дерлік осы мазасыз сұрақтарға жауап іздеу, бағдар беру әрекеті. Бүгін дәурен кешіп жатқан мемлекетіміз – басқа емес, бөтен емес, Қазақ мемлекеті. Ұлттық мемлекет құрып, шынайы тәуелсіздігі үшін күресінің екінші кезеңін бастаған қазақ қоғамы мен өркениеті. Мұны қазаққа қажетті тарихи көкжиек деп атасақ әбден болады. Бұның бәрі дүйім қазаққа бағышталған сигнал: бұл мемлекет Қазақ мемлекеті болып табылады, бола да бермек. Бұл жердің иесі де, киесі де қазақ деген сигнал. Жекелеген адамға тарихи көкжиек не үшін керек? Бұл да болашақты болжау, бағдар беру. Кемі бұл дегеніміз – балаңды қазақ мектебіне бер, қазақша білім алдыр, қазақ болып тәрбиеле, себебі ертеңдері балаң қазақша білмесе, бәсекеге қабілетті бола алмайды, замана көшінен, мемлекет талабынан қалып қояды деген ұзақ мерзімді бағдар. Бүгінгінің қиындығы мен қиянаты, қылықсыз касиеті мен қияметі осы бір өмір шындығын өзгерте алмайды. Бір ғана дерек: 0 жастан бастап 14 жастағы Қазақстан тұрғындарының бүгінгі саны 5 миллион адамды құраса, осылардың 4,2 миллионы немесе 85 пайызы қазақ балалары. Соның ішіндегі орыс балаларының саны 300 мың немесе 6 пайызын құрайды. Ертең осы балалар мектеп жасынан шығып, неке құрып, өздері бала таба бастайтын уақытта, яғни 2025-2030 жылдардың шамасында қазақ саны да осы 85 пайызды құрайды деген сөз. Бұған славян этностары арасындағы миграциялық үдерістерді қоссаңыз, одан да көп болмақ. Заман да, тарих та, демография да, айналып келгенде, қазақ жағында. Бізге керегі – тек тарихи қателіктерге бой алдырмай, Арқамызды толық иемдену, басқаны емес, өз қазағымызды қазақ қылу. Міне, тарихи көкжиек дегеніміз осы.
Бірақ адам баласы тек тарихи көкжиегімен ғана бақытты ғұмыр кеше алмайтыны да хақ. Қиындықтар болады, болуы тиіс те. Адамзат қиындықтарға тап болу, дағдарыстар арқылы ғана дамып отырады, шыңдалады, өседі, өркендейді. Бірақ осы қиындықтар мен дағдарыстарды мойымай, сынбай бастан кешіру үшін адам баласына, қазақ баласына басқа да көкжиектердің болғаны абзал. Болашағын бағдарлай алмаған, үмітсіз қара түнекте, басы мен аяғы жоқ бейуақта күн кешкен адамның өмір сүруге, бақ жинауға, бала өсіріп, тәрбиелеуге деген құлшынысы болмайтыны да анық. Егер болашаққа деген үміті мен сенімі зор болса, адам қандай да қиындықтарға төзіп, оларды жеңе алады. Осы үміт пен сенім оны мойымауға, арпалысуға итермелейді, мәжбүрлейді. Себебі өмірдің басты заңы, басты капиталы, энергиясының басты көзі және бастауы – дәл осы үміт пен сенім. Олар адамның өресі ғана көріп, сезе алатын көкжиектердің болуына байланысты.
Тағы қандай көкжиек бар немесе болуы мүмкін?
Бүгінгі күні барша қазақтың бір ғана ұзақ мерзімді көкжиегі бар. Ол – ұрпақтық көкжиек. Бай болсын, кедей болсын, қазақ болсын, шүршіт болсын барша ата-ананың талап-тілегі мен арман-мұраты шамамен бірдей. Балам ұры-қары болсын, қызым жезөкше немесе көкнаршы болсын деген әке-шешені, құдайға шүкір, әлі кездестірген жоқпын. Бәрінің тілегі – балам аман-есен өссін, ауруға шалдықпасын, жақсы балабақшаға барып, жақсы мектепті тәмамдасын, жақсы институт бітіріп, оң мамандық алып, жақсы адам кездестіріп неке құрып, маған немере сыйласын деген қарапайым, мәңгілік формулаға саяды. Бұл, қарап отырсаңыздар, кез келген қазақ азаматының кем дегенде 25 жылдық жоспары, болжамы, бағдары. Ертең, арғы күні не болады екен деп қиналған адам үшін бұл ең мықты, ең кешенді бағдар, тұғыр, тамыр, жәкір. Ұрпақтық көкжиек дегеніміз осы.
Ал ағымдағы биліктің білім-ғылым саласына қайта-қайта эксперимент жасап, қайта-қайта жалған реформалағаны қазақты осы көкжиегінен айырады. Қазақ ұлтшылдарының білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке қайта-қайта шүйлігіп күн бермейтіні де осы себепті. Себебі білім беру саласы – ұзақ мерзімді тұрақтылықты, тәртіпті, мызғымас ойын ережелерін талап ететін сала. Ал егер жаңа министр келген сайын осы сала мың құбылып, мың өзгеретін болса, оқушылардың, олардың ата-анасының, балаларға сабақ беретін мұғалімдердің мазасы кетеді, сабақтың сапасы төмендейді. Осыны анық дейтін болсақ, барша қазақ болып білім саласына көңіл бөліп, ұлттық мәміле, ұлттық консенсус нәтижесінде бір шешімге тоқтап, білім саласына тыныштық бергеніміз маңызды. Білім беру орындарын саясаттан аластату, науқандардан құтқару, ақша жинап көрмеге күштеп кіргізу, ресми газетке зорлап жаздыру, сайлау кезіндегі саяси қылмыстан арашалап қалуымыз қажет. Өтірік айтқан, сайлаушылардың дауысын ұрлаған, жоғарыға жалтақтай берген мұғалім ұлт болашағына төнген қауіп деп ұққанымыз дұрыс. Баланың, ата-ананың көзіне тіке қарай алмаған мұғалім балаға адами, азаматтық қасиет дарыта алмайды, сапалы білім бере алмайды.
Адам адам болған соң тіршілік етуін қоймайды. Тіршіліктің басты бағыты – бизнес жасау, кәсіп ашу. Ал ертеңінен үміті жоқ, жоғары жаққа кім келеді, ол бизнеске қалай қарайды, кәсібімді тартып алмай ма, меншігімді бопсаламай ма деп қорқыныш-үрей билеген кәсіпкерден не қайыр? Мұндай жағдайда есі дұрыс бизнесмен инвестиция жасап, кәсібін жоспарлай алмайды. Осы себепті де көптеген бизнесмендердің өз қаражатын сыртқа шығарып, шетелден мүлік алуға тырысуы да, бір жағынан, заңды құбылыс. Елімізден соңғы 25 жыл ішінде кемі 100 миллиард доллардың шетелге кетуі де осы себепті. Осы капиталдың барлығы дерлік елде қалып, ел игілігіне жұмыс істегенін елестетіп көріңіздерші?! Қаншама еңбек орны, қаншама жаңа кәсіп, жаңа зауыт, жаңа фабрика ашылар еді. Себебі де бір: еліміздің экономикасында қалыптасқан ойын ережелерінің жиі ауысуы, мүлік пен капиталдың қорғансыздығы. Бұны экономикалық көкжиек деп атауға болады. Кәсіпкер қанша жерден патриот болса да, ақымақ бола алмайды. Үш адамның болса да басын қосып басқара білген, тіршілік жасап, табыс таба білген адамның бәрі де ақымақ емес, ақымақ болуға қақысы жоқ. Сол кәсіпкерлеріміздің жайын ойласақ, шынайы патриоттық сезімдері мен құлшынысын іске асырсын десек, еліміздің заңдарын түзеп, олардың мызғымастығын қамтамасыз ету міндет. Болашақтағы дамуымыз тек шағын және орта бизнес дамуына байланысты болмақ. Олай болса азаматтық, салық, кеден, кәсіпкерлер кодекстері осы кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін ашу, жұмысын жеңілдету жағына қарай бет бұрып, алдағы 10-15 жылда еш өзгеріске түспеуі керек деген шешім қабылдануы тиіс. Сонда ғана ел азаматтарының бизнеспен айналысуға, болашағын, инвестициясын жоспарлауға мүмкіндігі артады.
Мүлік пен капитал мызғымастығы, шындап келсек, әділет пен заңдылық деген фундаменталды мәселеге барып тіреледі. Қарап отырсақ, жұрт қатарлы Конституциямыз, озық заңдарымыз бар сияқты. Бірақ тек қағаз жүзінде. Ең қорқыныштысы – еліміздегі соттардың заңға емес, қалта мен телефонға бағынатынын бесіктен белі шықпаған баладан бастап, барша жұрт жатқа біледі. Менікі дұрыс, заңға сай деген кез келген адам сотта басшымен не қалталымен кезігіп қалса ұтылатынын, жығылатынын түсінеді. Яғни сотқа деген сенімі мен үміті жоқ. Ал сот дегеніміз – соттағы әділетті, заңды шешімге қол жеткізу дегеніміз – мемлекетшілдік пен азаматтықтың басты нышаны, алғышарты. Ісім, сөзім заңды деп нық сенген адамның заң алдындағы қорғансыздығы, заңға арқа сүйей алмауы, заң органдарынан опық жеуі мемлекеттен безуге, мемлекетке деген сенімсіздікті тудырады. Яғни біздің барлығымызға жетпей жатқан басты көкжиек – заңдылық көкжиегі. Қателік орын алуы мүмкін, озбырлыққа тап болуымыз ықтимал, алайда мемлекет бар, заң бар, әділ сот бар деген үміт пен сеніміміз бар болса, барлық мәселені шешуге, барша қиындыққа төзуге болатын еді. Осы себепті де ең бірінші болып атқарар шаруамыз – сот реформасы. Барша сот жүйесінде бүгінде әрі кеткенде 10 мың адам қызмет етеді. Қажет болса, осы 10 мың адамның орнына былыққа батпаған, заңды майшелпекке айналдырмайтын, ақты ақ, қараны қара дейтін 18 миллион азаматымыздың ішінен тағы бір 10 адамды шығара алатын потенциалымыз бар. Тіпті керек болса, Грузиядағыдай үш-төрт мәрте құрамын ауыстырсақ та мүмкіндігіміз бар. Осыдан кейін қолға алар шаруамыз мемлекеттік қызмет реформасы мен құқық қорғау органдарының реформасы болуы шарт. Себебі мемлекетті мемлекет ететін – армия, полиция, мемлекеттік органдар мен қызметтер. Ал полицияң бандыдай төбелесіп, пышақтасып жатса, армияң жауды емес, қолындағысын жайпап-жалмап жатса, мемлекеттік қызметкерің жаудан бетер зиян тигізіп, құлқынының ғана жайын ойласа мемлекеттен не қалмақ? Сотты түзесек, қалғандарын да түзеуге болады.
Осы төрт көкжиегі түзу, төрт құбыласы түгел елдің ғана болашағы бар. Бірінсіз-бірі бүтін бола алмайды. Осы төртеуін қатар, тең ала жүрсек қана Алаш аманатын ақтай аламыз. Жұрт қатарлы ұлттық мемлекет бола аламыз. Сонда ғана құлдық, отарлық, советтік санадан арылып, шын мәніндегі жаңарған, модернизацияланған ұлт бола аламыз. Соған ел, ұлт болып араласып, азаматтық белсенділік танытуымыз борыш пен парыз. Шынайы рухани жаңғыру дегеніміз – осы. Басқасы мүмкін емес.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Төре | 29 тамыз 2017 19:02
Айдос інім -ай, айтқаныңның бәрі дұрыс. Сен сияқты ойлай білетіндер осы неге Үкіметте жоқ? Неге бәрі тупой, тек қалтасын ғана ойлайды? Мына жалмауыз системадан бізге құтылмай айтқаныңның бәрі орындалмайды. Алдымен басын жоқ қылу керек, шауып кесіп тастау керек.
Че | 30 тамыз 2017 01:38
Сенде көптің рухани жаңғыру деп байбалам салып қазақстан 2050 ге сеніп жүрген тыңшы жендетсің. Латынға көшіп ата ананыда қайта 1-ші сыныптан латынмен білім алсын дегенді неге айтпайсың? Ата ананың тілі жазуы қысқарады баламен де тағы сұмырай !
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар