1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (16255)   31 тамыз, бейсенбі 2017
31 тамыз 2017
Су жаңа 69 көліктің жәрдемі болмай тұр

Қызылордада жол-көлік оқиғасы өткен жылға қарағанда 4,8 пайызға артқан. Яғни жол апатының ұзын саны 49 135-ке жетіпті. Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев бұл ретте көш бастап тұрған себеп: жол ережесінің бұзылуы, мас күйінде көлік жүргізу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру екенін алға тартып отыр. Одан бөлек, жақында ғана қолданысқа берілген Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолы бойында үй жануарларының көптеп кездесуі жолдағы көліктің апатқа ұшырауына себепкер болып отыр.

Күні кеше Қызылордадағы «Хандәулет» балабақшасының көлігі апатқа ұшырап, 11 бала әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алып, екі тәрбиеші облыстық медициналық орталыққа жеткізілген болатын. Нәтижесінде тәрбиешілердің бірі жансақтау бөлімінде көз жұмды.
«Меніңше, мұндай балабақша меңгерушілерін соттау керек. Соншалықты ақшаға құнықтырған не нәрсе?! Неге жүргізуші куәлігі жоқ адамға балалардың тағдырын сеніп тапсырады? Қызылорда қалалық білім бөлімінің де мәселесін қарау керек. Әкім орынбасарлары да назарда болады. Бір-екі меңгерушіні жазаламай, бұл мәселе шешілмейді деп ойлаймын», – деп шүйлікті Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
Жол апатына қатысты оқиғалардың 50 пайызында алғашқы 15 минутта құтқару мүмкіндігі бар көрінеді. Алайда жергілікті жедел жәрдемнің ондай уақытта баруға қауқары жетпей тұр. Бір ғана оқиғаны мысалға алсақ, Құмкөл трассасындағы жол апатына жедел жәрдем қызметі «жеделдетіп» 51 минутта жетіпті. Титықтатқан бұл мәселеге байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова: «Қазіргі уақытта біздегі жедел жәрдемнің жағдайын білесіздер. Техникаларымызды жаңартып жатырмыз. Бізде барлығы 52 бригада, әлі 18 бригада жетіспейді. Бұған байланысты құжаттарын даярлап, ұсыныс жасадық. Мәселе шешіліп қалады. Күре жолдағы жол апатына себепкер болатын үй жануарларының мойнына жарыққа шағылысатын арнайы мата байлау арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға болады. Бірнеше мәселені шешіп, түйінді тарқату үшін бюджеттен 10 миллион теңге қаражат қажет болып отыр», – деді.
Байқасақ, қайсыбір жиында болсын күрмеуі қиын мәселелер тілге тиек болса, басқарма басшылары мен аудан әкімдері жасаған баяндамаларының соңында «әдемілеп» қаражат сұрауды әдетке айналдырған. Алайда соңғы жылдары қайсыбір саланың болсын бюджеті ұлғайып, еселеніп отыр. Бір ғана медицина саласының бюджетінде миллиардтаған теңге қаражат бар. Әйтсе де жол апатынан болған адам шығындарының азаюына сеп болып жатқан жоқ.
«Биыл ғана жергілікті полицияға су жаңа 69 машина бердік. Жағдай жасалып жатыр. Сұраған ақшаны беріп жатырмыз. Неліктен нәтиже жоқ?» – деп Қырымбек Көшербаев наразылығын білдірген.
Арал, Жезқазған, Шымкент трассаларындағы құтқару пункттерінде бірнеше мәселе туындап отыр. А.Әлназарова «аралығы алшақ» десе, төтеншеліктер «құтқару жасағында маман жетіспейді» дегенді алға тартады. Айтпақшы, тәрбиешінің өмірін қиған жол апатына себепкер болған балабақша көлігін жүргізуші өткен жылы жол ережесін өрескел бұзғаны үшін куәлігінен қағылған екен. Бірақ ол көлік жүргізуге құқық беретін куәлікті қайтып алуды қажет деп санамапты...
Мұндай жантүршігерлік жол апаттары облыстың басқа аудандарында да кездеседі. Десек те, Қызылорданың құқық қорғау саласы жол апатын азайта алмай, қауқарсыз күй кешіп отырғаны қатты ойландырады. Сонда жергілікті полицияға берген 69 шетелдік көліктің жай ғана ысырап болғаны ма?!

Дәулет ҚЫРДАН
Қызылорда

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 5 қыркүйек 2017 15:20
Елдегі былықтың барлығына"орынтақта"отырғандардың маман емес,парамен"орынтақты"сатып алғандар.Уәжім:Адам тасымалдайтын көліктерді,көлік құралын жүргізуде 10 жылдан кем емес"стажы"барлар ғана жүргізіп,мұнан аз"стажы"барлар жүргізсе,жүргізуші,көлікті оған тапсырушы,білім бөліміндегі"куратор"сотталулары керек.Дәл осы жолы әрқайсысы 10 жылдан,ал куәлігі жоқ жүргізуші 20 жылға.Бітті мұндай жағдай еш уақытта қайталанбайды.Бірақ.."заң шығарғыш"жепутаттарда"мамандар емес қой..
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар