1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (16255)   31 тамыз, бейсенбі 2017
31 тамыз 2017
Құлдыққа түсу оңай, құлиеленушіні жазаға тарту қиын

Он сегіз жастағы Рамазанда әзірге арман жоқ. Алыс-жақын шетелді шарлап әлемді көру, білім қуып дүниені тану, Алматы мен Астананы, тіпті болмағанда Шымкенттің шаңын шығара қыдырып, қызыққа толы кештерде аражігі ажырамас құрбы-құрдас, мәңгілік дос көрінетін замандас, сезімге мас бойжеткендердің ортасында шалқып жүру иә болмаса қатарынан қалмай әскерге сұранып кету Рамазанның ойына кіріп те шықпайды.

Рас, ол соңындағы төрт бауырын асырау үшін Алматыны бетке алып та көрген. Бірақ бозбала орта жолда құлдыққа түсерін қайдан білсін? Өмірінің дәл осы кезеңін ол есіне мүлдем түсірмеуге тырысады. Сыр тартқан жанға тіс жармайды. Біздің де сұрақтарымызды ұзақ уақыт бойы жауапсыз қалдырып жүрді.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданынан жиырма-отыз шақырымдағы шағын ауылда жүзден астам түтін бар. Бұл ауылда айлығы тұрақты жұмыс орны екеу ғана: мектеп пен шағын медпункт. Қалғандары бес-алты малдың бетіне қарап отыр. Ал жері мен малы жоқтар аудан орталығы мен қаланы жағалап сауда жасайды. Немесе басқа жұмыс іздеп алысқа кетеді.
2016 жылы мектеп бітірген Рамазан аудан орталығындағы дүкеннің біріне сатушы болады. Еңбекақысы аз. Ауылдағы үйінде анасы мен соңындағы төрт бауырына және өзіне тапқаны жетпейді. Бірақ басқа жұмыс жоқ. Бір күні оған «Алматыға жақсы айлық төлейтін жұмысқа кетіп бара жатқанын» айтқан алыс ағайыны «бірге барайық» дейді. Рамазан еш ойланбастан келіседі. Сөйтіп, Алматының «Алтын орда» базарына автобуспен жетеді. Дәл осы жерде «табан астында қалтамдағы ақшамды ұрлатып алдым» деген ағайыны Рамазанды бір көлікке отырғызып, «артыңнан жетемін, жүре бер» деп шығарып салады.
– Сарыағаштан Алматыға жеткенше жол соғып тастады. Жеңіл көлікке отырып біраз жүрген соң көзім ілініп кетіпті. Бір оянсам, жапан далада келе жатырмыз. Үш айға созылған құлдықтың жолы осылай басталды. «Сотка» ұстамайды. Қашып кетейік десек, қай бағытқа жүреріңді білмейсің. Қыстың кезі. Қысқа күн мен ұзақ түн суық. Бес адам қора тазалап, шөп тасып, мал бақтық. Бір ай өткен соң ақша сұраған едік, «кейін» деді. Дөрекі сөйлеп, күш көрсеткісі келіп тұратын, – дейді Рамазан. Осы сөзінен кейін ол көпке дейін үндемей, тістеніп отырып алды.
– Үшінші айдың ортасында малды қыстаудан алыстатып жаятын болдық. Көкжиектен ауылдар көріне бастады. Бірде мал жайып жүріп сол ауылдың біріне жақын келгенде, алдымнан шыққан жолаушыдан телефон сұрадым. Сөйтіп, үйіме хабарымды бердім. Көп кешікпей полиция келіп алып кетті. Еркімізден тыс мал бақтырған адам қолымызға 15 мың теңгені ұстата салды. Сол сәтте полицияның келгеніне, малдан, ауыр жұмыстан құтылғанымызға қуанғанымыздан үндемей кете беріппіз қой. Қазір ойласам, сол кезде полиция қызметкері бізді машинаға отырғызып алып кетерден бұрын, «кімсің?», «мұнда не істеп жүрсің?», «кім алып келді?», «қалай ұстады?» деп неге сұрамаған? Үйге аман жеткеніме тәуба дедім, – дейді ол.
Рамазан өзіне еркінен тыс мал бақтырғандарды заң жүзінде қудалағысы келмейді. Өзінің айтуынша, оған уақыты да, шамасы да жоқ.
Зорлық-зомбылық құрбандарының мүддесін қорғайтын мамандардың айтуынша, Қазақстанда құлдықта болған адамдардың басым бөлігі жәбір көрсетушінің үстінен сотқа арызданбайды.
– Бізде құлдық құрбандары қорғансыздың күнін кешеді. Себебі заң олардың жағында емес. Мәселен, құлдықта болған адамның ісі прокуратураға жіберіледі. Ал әлгі азаматты қинап ұстап, қара жұмысын істеткенге мемлекет есебінен адвокат беріледі. Яғни салық төлеуші халықтың есебінен. Адамды құлдықта ұстайтындардың көбі ауқатты. Адвокатты өздері де жалдай алады. Ал жапа шеккен, құлдықтың қорлығын көрген адамға мемлекет есебінен адвокат берілмейді. Оны жапа шегуші, яғни арызданушының өзі жалдауы керек. Заң бойынша осылай. Құлдыққа түскен жан адвокатты қалай жалдасын? Оған оның күші, ақшасы немесе білімі жетпейді ғой. Олардың мүддесін прокурор қорғайды делінген. Іс жүзінде прокурорлардың оларға уақыты да жоқ. Олар тіпті іспен сот үстінде атүсті танысуы да мүмкін. Сонда әлгі байғұс не істейді? «Аман-есен құтылғаныма шүкір» деп жөніне кете береді. Оның үстіне Рамазан сияқты жандар сотқа арыз жазу үшін ауылдан аудан орталығына немесе қалаға баруы керек. Демек, жолға ақша қажет. Сосын қылмыстық істі тергеу бірнеше айға созылады, сотқа қатысу міндет деген сияқты. Оларға қалмай барып, қатысудың өзі күнін әрең көріп жүргендер үшін зор шығын, – дейді Алматы қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін кризистік орталық директоры Зульфия Байсакова.
Маманның сөзінше, Рамазанды іздеп келген полицейлердің ешқандай тергеу жүргізбегеніне елдегі тараптарды татуластыру механизмі себеп болуы мүмкін.
– Қазақстанда мәжбүрлі еңбекке жегілгендер мен оларды қинап ұстағандардың ісін сотқа жеткізбей татуластыру тәжірибесі кеңінен таралған. Құлдықта ұсталған адамға болмашы ақысын беріп, құжаттарын қайтарып береді. Сосын «екі жақ та риза» деп істі жабады. Құлдықта ұстау қылмысы мүлдем кешірілмеуі керек. Ал бізде ол қайырымдылық шарасы сияқты іс, – дейді Зульфия Байсакова.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2017 жылдың басынан бері 3932 адам жоғалып, оның 195-і әлі табылмаған. Ал ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылы адам ұрлау фактісімен 19 адам сотталған.
Ал АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жасаған 2015 жылғы сараптамасында адам саудасынан жапа шеккендерді қорғау ісінде Қазақстан «ең қарапайым қажетті алғышарттардың өзі жасалмаған ел» ретінде сипатталған-ды. Сол жылы үкімет жәбірленушілерге әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі стандарттарды бекітті. Алайда қоғамдық ұйым өкілдері «үкіметтің осы жақсылығы іс жүзінде көрінбей тұр» дейді.
– Құлдықта болған азаматтың қайта бейімделуіне әлі де дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Осы тақырыпта жыл сайын семинарлар мен түрлі жиындар өткізеді. Бірақ онда нақты мәселе анықталмайды, жаңа жүйе айқындалмайды. Үкімет бекіттік деп жүрген «минималды стандарттар» деген не? Бұл – педагогикалық, баспанамен қамту, заң және медицина сияқты он шақты қызметтің түрі. Бізде осы қызметтің тең жартысы материалдық-техникалық базасы мен құралдары жоқ үкіметтік емес ұйымдарға жүктеледі. Жәбірленушімен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымға мемлекет есебінен күніне 2500 теңге ғана беріледі. Кейбір облыстарда бұдан да төмен. Осы 2500 теңгенің есебін заңгер мен психолог кеңес беріп, аспаз азық-түлік сатып алып тамақ дайындап, уақытша тұратын баспананың ақысын төлеп, мамандарға жалақы төленуі тиіс. Осы дұрыс па? Бізде түрмедегі адамның бір күндік тамағының өзіне 790 теңге бөлінеді. Қосымша шығындарын айтпай-ақ қояйық. Ал еріксіз қорлық көрген адамды қайта бейімдеуге бөлінетін ақша қылмыскерге бөлінетін қаржыдан аз. Мемлекеттік органдар «иә, біз халықаралық стандарттарды қабылдадық, ақша бөліп жатырмыз» дейді. Бірақ сол ақшасы көмекке зәру азаматтарға қол ұшын беруге жетпейді, – дейді З.Байсакова.
Айтпақшы, құлдықтан босап үйіне оралған Рамазан үкіметтен де, үкіметтік емес ұйымдардан да ешқандай көмек көрмегенін, өзіне ешкімнің хабарласпағанын, дәрігер немесе психологқа қаралмағанын айтады.
«Жұмыс тауып үйге көмектесу керек. Басқасын армандайтын шама жоқ», – дейді ол.

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
конбис казак | 4 қыркүйек 2017 12:32
иа биздин ел осылай азып тозып ит пен куска жем болып жогалмаса болганы
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар