1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (16256)   5 қыркүйек, сейсенбі 2017
5 қыркүйек 2017
Қазақ мектептері қашан көбейеді?

Әлхамдулилла, қазақ өсіп жатыр. Соңғы деректе ұлт саны 65,5 пайызға жетті. Халық саны өскен сайын оның әлеуметтік, тұрмыстық, саяси-экономикалық талап-тілегі де өсетіні белгілі. Бұл өз кезегінде қордаланып жатқан ұлттық мәселелерді уақыт оздырмай дер шағында шешіп отыруға итермелейді. Соның ішінде ең өзектісі – мектеп мәселесі.
«Отырам ба мен текке, Мен де кеттім мектепке» деп сөмкесін арқалап, білім ордаларының табалдырығын аттап жатқан қазақ баласының саны жыл санап еселеп артып келеді. Өткен жылы 1-сыныпқа барған оқушылардың 89 пайызы қазақ мектебіне барған. Мысалы, былтыр Алматы қаласы Алатау ауданындағы «Шаңырақ-2» ықшамауданындағы №26 мектепте 1-сыныптардан 17 сынып жасақталған. Әр сыныпта 20-25 баладан қабылданған. Мұндай өсім жақын болашақта жаңа мектептердің қажеттілігін тудыратыны айтпаса да түсінікті. Енді мектептің жайына келсек. Ар жаққа барыспай, бер жақтан алып айтсақ, 2003 жылы 8160 мектеп жұмыс істеген болса, 2009-2010 жылдары 7576 мектеп қалған. Жеті жылда 584 мектеп жабылған. Бұл мектептердің көбі шалғайдағы қазақ ауылдарындағы мектептер екенін ішіміз сезеді. Демек, қазақ мектептері жабылды деген сөз. Мектеп жабылған соң, оқушылар жақын маңдағы ауылдарға қатынап я болмаса интернатта жатып оқиды. Ал оқушының көбеюі сабақтың бірнеше ауысыммен жүруіне алып келеді. Қазіргі таңда ауысыммен оқып жатқан мектептер жетерлік. Үкіметтің ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін шешеміз дегеніне де көп жыл болды. Бірақ әлі «баяғы жартас – сол жартас».
Мектеп мәселесі ата-ананы ғана емес, қоғам қайраткерлерін де алаңдатып отыр. Күні кеше Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке М.Әуезов, Ж.Тұяқбай, М.Тайжан, М.Мырзахметов, М.Елеусізов бастаған азаматтар хат жазып, онда шаһардағы қазақ мектептерінің үлесін көбейту мәселесін көтерген. «Алматы қаласында мемлекеттік тілдегі балабақшаның 12-13%, қазақ мектептері үлесінің 35%-дан аспай, аралас мектептердің 45% деңгейінде болуы ешқандай сын көтермейді. Себебі аралас мектептер отарлаушыларға тілмаш, писарь т.б. дайындап, солардың саясатын жүргізу үшін бұратана халықтарға арнап ашылған. Ол мектептерді бітіргендермен интеллектуалдық ұлт құрылмайды. Сондықтан 2020 жылға дейін аралас мектептерді жауып, қазақ және орыс мектептерін қалдыру бағдарламасын іске асыру қажет. Бұл жерде мемлекеттік тілге басымдық беріп, балаларды қазақ мектептеріне беруге жан-жақты жұмыстар жүргізу және орыс мектептерінде мемлекеттік тілдің тиісті деңгейде оқытылуын қадағалау қажет». Айтылып отырған мәселе елдегі қазақ мектептерінің жайынан нақты хабар береді. Үкімет жаңа мектептер салу жоспары халықтың өсіміне қарай жоспарланып отырса ауысыммен оқу немесе бір мектептен 17 бірінші сынып ашу азаяр еді.
Бұл ойды «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім де қуаттайды:
«Кейінгі жылдары балаларын орыс мектептеріне беретін қазақ ата-аналардың үлесі көбейіп келеді. Мұны тоқтата алмай отырмыз. Осындай қауіпті тенденция бар.
Өз басым мектептердің аралас болғанына қарсымын. Балабақша мен мектеп біртілді болғаны дұрыс. Мәселен, аралас мектептердегі іс-шаралардың бәрі орыс тілінде өтеді екен.
Алматы облысы Кербұлақ ауданында бір жақсы тәжірибе көрдім. Ол ауданда бала туғаннан бастап тізімге алынып, халық өсіміне қарай қанша мектеп, қанша балабақшаға қажеттілік болады дегенді алдын ала есептеп, жоспарлап отырады екен. Өкінішке қарай, көп аймақта мұндай жұмыс жүргізілмейді. Сондықтан үкімет те осындай есеп жүргізіп, соның негізінде жоспарлы жұмыс істеуі керек-ақ. Бірнеше жыл бұрын солтүстік облыстардағы мектептерді аралау кезінде көзіміз жеткен бір нәрсе – жақсы салынған типтік мектептердің бәрі орыс мектептері. Ал қазақтың саны өсіп жатқандықтан, мектеп қажеттілігін өтеу үшін бұрынғы аурухананы, жүзу бассейндерін мектепке ыңғайлап беріп жіберген жағдайларды өз көзімізбен көргенбіз. Билік ауыл қазағының қалаға қоныс аударатынын, ол өз кезегінде қазақ мектебіне сұранысты арттыратынын болжай алмады. Яғни үкіметтің болжау, жоспарлау жұмыстарын жүргізбегені көрінді. Осыдан келіп қазақ мектептерінің мәселесі шығады. Бұл – білім беру саласындағы мемлекеттік жоспарлау ісінің төмендігі».
Қазақ халқының демографиялық өсімін есепке ала отырып, оның талап-тілегін де уақытында орындау мәселесі ендігі жерде күн тәртібінен түспейтін жағдайға жеткенін елдегі соңғы оқиғалар дәлелдеп берді. Қазақ мәселесі дегенде, ең әуелі мектеп мәселесі оң шешімін табуы тиіс. Осы орайда, қоғам қайраткерлерінің хатында көтерілген қазақ мектептерінің мәселесін тек Алматы әкімшілігі ғана емес, үкімет те басты назарда ұстағаны жөн.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар