1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (16256)   5 қыркүйек, сейсенбі 2017
5 қыркүйек 2017
Төлешовтен қалған байлықты бөлісу...

ФОСФОРШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ЕНДІГІ ҚОЖАЙЫНЫ КІМ БОЛАДЫ?
Атышулы шымкенттік бизнесмен, «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен 21 жылға бас бостандығынан айырылған Тоқтар Төлешовке қатысты сот процесі Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында әлі жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл сот Төлешов иелік еткен сыра зауытымен байланысты. «Сыра королі» мен оның бір топ сыбайластарына, дәлірегі бұрынғы қызметтестеріне, салықтан жалтарды деген айып тағылған. Төлешовтің «пара берді» деген тағы бір бабы бар. Сотталушылардың бірінің адвокаты қайтыс болып, сот отырысы соңғы екі аптада өтпей қалған еді. Осы аптада сот қайта басталды. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, адвокат ара шағудың салдарынан болған аллергиялық аурудан қайтыс болған көрінеді.

Жалпы, Төлешовтің өзі ғана емес, оның отбасы мүшелерінің де дәурені біткен сияқты. Былтыр қарашада шыққан сот үкімімен оның бар дүние-мүлкі, тіпті түйесіне дейін тәркіленгені белгілі. «Шымкентсыра» Т.Төлешов сотталмай жатып-ақ кепілде тұрған АТФ банктің меншігіне өтіп кетті. «Сыра королінің» Шымкенттегі зәулім сарайларының да тағдыры шешіліп қойған. Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, жуырда Шымкент қаласының Еңбекші аудандық соты Тоқтар Төлешовтің ұлы Төлеген Төлешов пен Оразкүл Жорабаеваға (Тоқтар Төлешовтің жұбайы) қатысты шешім шығарған. Сотқа талап арызды Шымкент қаласының әкімдігі берген. Сот шешіміне қарағанда, жоғарыда аттары аталған екі азамат тұрып келген тұрғын үй сот қаулысымен тәркіленіп, Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне өткен. Үйді босату үшін мерзім берілген.
Талап көрсетілген мерзімде орындалмаған соң, сотқа арыз тасталған. Сот талап арызды қанағаттандырып, екі азаматты үйден шығару туралы шешім шығарады. Жауапкерлердің өздері сот отырысына келмеген. Т.Төлешовтің танымал тоқалдары – «Қазақстан аруы» байқауының 2005 жылғы жеңімпазы Дина Нұралиева мен Сәуле Сауқымбекова да Төлешовтің үстінен сотқа арыз берген. Бұл арыздар алимент төлеуге, дүние бөліске қатысты көрінеді. Төлешовтің тоқалдары енді бұрынғыдай зауытта лауазымды қызмет атқарып, миллиондап жалақы алмайды. Қанша дегенмен тірі адам тіршілігін жасайды емес пе?
Біздің айтпағымыз Төлешовтен қалған басқа бір мұра жөнінде.
«Жас Алаштың» облыстағы қосынына өткен аптада шымкенттік ақсақал, тыл және еңбек ардагері Өркен Әбдіреев келді.
– Облыс орталығындағы 15-ықшамауданда Асанбай Асқаровтың тұсында Фосфоршылар мәдениет сарайы салынған болатын. Уақтысында бұл облыстағы ең үлкен мәдениет ошақтарының бірі еді. Бүкіл Одаққа танымал әншілер осында концерт берді. Түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Қазір сол нысанды көріп, адамның көңілі құлазиды, – деді Ө.Әбдіреев.
Ақсақалдың айтуынша, соңғы 20 жылда Фосфоршылар мәдениет сарайы өлі тыныштықты бастан кешіріп тұр. Нысан Төлешовке қарасты сыра зауытының меншігіне өткен соң осындай кейіпке енген. Қазір ғимарат мүлгіген тыныштықта тұр. Қараусыз қалған соң айналасындағы ағаштар өсіп, субұрқақтар істен шыққан. Кешегі дүркіреген мәдениет сарайы бүгінде күл-қоқыс тастайтын, қаңғыбастар жиналатын жерге айналған. Фосфоршылар сарайының жеріне көз аларту да жоқ емес. Біраз жерді кәсіпкерлер иеленіп, кафе ашып алған.
– Былтыр 27 қаңтарда мен осы мәселені алға тартып, Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қабылдауына кірдім. Әкім «нысанды өзімізге алып, жақсылап жөндеп, халықтың игілігіне береміз» деді. Екі-үш күн өткенде Тоқтар Төлешов тұтқындалып кетті. Арада бір жарым жылдан астам уақыт өтті, ешқандай өзгеріс жоқ, – деген ақсақал нысанды мемлекетке қайтарып, оған Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру керек деген ұсынысын да жасырған жоқ.
Жыл басында халыққа берген есебінде Ғабидолла Әбдірахымов Фосфоршылар сарайын әкімдікке қайтарып, ол жерден Оқушылар сарайын ашатынын айтқан еді. Алайда әзірге бұл жай ғана құрғақ сөз болып тұрған сияқты. Біз хабарласқан Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтың айтуынша, Фосфоршылар мәдениет сарайы әкімдіктің балансына әлі өтпеген.
– Фосфоршылар мәдениет сарайы Төлешов құрылтайшылық еткен «Дархан груп» деген серіктестіктің меншігінде болып келген. Төлешовтен тәркіленген дүние-мүліктің ішінде бұл ғимарат жоқ болып шықты. Оның неге тәркілеуге ілінбей қалғанын біз білмейміз. Ғимарат «Шымкентсыраны» кепілге алған АТФ банктің меншігіне өткен шығар деп жорамалдағанбыз. Банк басшыларына осы жөнінде хат жазғанбыз. Олар «біздің есебімізде жоқ» деген жауап берді. Алдағы уақытта құзырлы органдар нысанның кімнің иелігінде екендігін анықтап беруі тиіс деп ойлаймын. Жалпы, Фосфоршылар мәдениет сарайын әкімдік сатып алып, оны елдің игілігіне беруді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстармен қала әкімінің орынбасары айналысып жатыр, – деген Ғ.Ильясов бұған дейін Шымкенттегі алып мәдениет ғимараты «Қазақстан» кинотеатрының да мемлекеттік меншікке сатып алынғанын, Фосфоршылар сарайы да сондай жолмен қайтарылатынын айтты.
Ал осындай алып ғимарат Тоқтар Төлешовтің иелігіне қандай жолмен өтіп кеткен? Жалпы, Шымкентте мәдениет нысандарының ту-талақайға түскені, соның салдарынан қазір бірінің дәріхана қоймасына, бірінің оқу орнына айналып кеткені белгілі. Бұл енді өз алдына қозғалатын тақырып.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар