1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
7 қыркүйек 2017
Әкім Досаев әңгімелесуден неге қашады?

«Жас Алаштың» Жамбылдағы қосынына Шу ауданы Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылының тұрғыны Аңсабек Шопабаев қария хабарласты. Әңгіме ауанына қарағанда, ауылында өткен жиында әкімдердің халықтың мұң-зарына құлақ аспайтынын ашына айтқаны үшін ауыл әкімі Жапарқұл Тәжиевтің қолы тиген көрінеді.
«Осымен төртінші жыл ерте көктемнен бел жазбай тырбанып, бірінші жылы жоңышқа септім, келер жылы қарбыз, одан кейін пияз ектім. Алайда еңбегімнің жемісін көремін бе деген шақта алқабыма елдің малы түсіп, ту-талақайын шығарумен келеді. Менің жеріме жақын маңайға «әкімнің рұқсаты бар» деп бір дөкейдің бақташысы мыңғырған мал бағады. Алқапқа түскен 10 жылқыны Ұлтуған Шәметованың қорасына қамадым. Бірақ та малды өзіміз ұстап бергенімізге қарамастан, учаскелік полиция ешқандай шара қолданбады. Ауыл әкімі алқабыма малы түскен адамға үш-ақ жылқысы бар деген анықтама беріп, сол бойынша акт толтырылыпты. Осындай жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанды. Ауылымызда ең болмағанда сиыр бағатын падашы жоқ.
Жылда еткен еңбегім еш кетіп, өнімімді дәулердің малы дал-дұлын шығарады. Өз басымдағы осы жағдайды аудан әкімі Қайрат Досаевқа айтсам, көмек қолын созар деп үміттеніп едім. Алайда әкімшілік кеңсесіне жауапты қыздар «әкім сізді қабылдамайды» деді. Жазған арыздарымның бірде-біріне жауап бермеді. Содан тамыздың 18-і күні ауылымызға жаңа тағайындалған әкім Жапарқұл Тәжиев жиын өткізді. Оған аудандық әкімдіктің қызметкерлері қатысты. Сол жиында мен өз басымдағы жағдайды баяндап, әкімдердің халықтың мұң-зарына құлақ аспайтынын айттым. Менен кейін Ұлтуған Шәметова сөз алып, мені қостап сөйледі. Сол кезде ауыл әкімі Ж.Тәжиев президиумда жиынды жүргізіп тұрған жерінен залдың ортаңғы қатарында отырған маған келіп, әй-шәй жоқ, көк желкемнен үш мәрте қойып қалды. Мен көзім қарауытып отырып қалдым. Сол сәтте ауыл әкімі «жиналыс бітті, қайтыңдар» деп тұрғындарды таратып жіберді. Жасым алпыс үшке таяған шақта елдің алдында масқара боламын деген ой түсіме кірмеп еді. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген, қатты намыстандым. Әкімді боқтаған жоқпын, бар жазығым басымдағы жағдайды ашынып айтқаным ба?
Ауыл әкімі Ж.Тәжиевтің маған қол көтерген оспадарлық әрекеті негізінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне арыз бердім, – дейді А.Шопабаев.
Біз Аңсабек қарияның арызы бойынша ауыл әкімі Ж.Тәжиевке жолыққан едік. Өз кезегінде ауыл әкімі: «Ол кісі ешкімге сөз бермей ұзақ сөйледі. Содан кейін келесі адам сөз алғанда қасына барып, «менің бұл ауылға әкім болғаным күні кеше, алдағы уақытта арызыңыз бойынша жұмыс істейтін боламыз» деп тыныштандырмақ ниетпен арқасынан қаққан едім», – деп жауап берді.
Аталған жиынға аудандық әкімдіктен барған өкіл, Шу ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Райхан Аманғазиева да ауыл әкімі Ж.Тәжиев А.Шопабаевты арқасынан қаққандай болды дейді. «Мүмкін, қолы қаттырақ тиіп кеткен шығар» деген Р.Аманғазиева Шопабаевтың босқа шырылдап жүрмегенін айтып, оның жазған арыздары бойынша бірқатар заңсыздықтар анықталғанын жеткізді. Ол бойынша толық мәлімет жақын күндері дайын болатынын алға тартты.
Ал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулетқұл Төлеков: «Ауыл әкімі Ж.Тәжиевке «Аңсабекті неге ұрасың?» десем, «Мен арқасынан қақтым» дейді. Аңсабек шаруа адамы ғой. Жылда еңбегі далаға кетіп, орасан шығынға ұшырап келеді. Не оған өтемақы ала алмайды. Осының бәрін жиында ақтарып айтып, ең болмағанда шерін тарқатайын деген болар. Оны ауыл әкімі асықпай тыңдауы керек еді. Ал әкімнің шыдамсызданып орнынан тұрып Аңсабекке келуінің өзі күмән тудырады. Менің өз ойым, әкім Аңсабектің арқасынан қаққан болып қаттырақ ұрып, нұқып-нұқып жіберген сияқты», – дейді. Расында, ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының сөзі көкейге қонымды сияқты. Мұның ақ-қарасын алдағы уақытта тиісті орындар анықтай жатар.
Ал осы Белбасар ауылының төменгі жағындағы 29 үй қауіпті жағдайда тұр екен. Жылдан-жылға жерасты суы көтеріліп, кейбір үйлердің ауласында тобықтан келетін су жайылған. Үйлердің маңайын қамыс басып, жағымсыз иіс жайлаған. Өйткені жерасты суын сорып алатын сусорғының жұмыс істемей тұрғанына бірер жылдың жүзі болыпты. Әсіресе биылғы жылы жерасты суы қатты көтеріліп, ауыл тұрғындары «үйімізге кіріп-шығудың өзі мұңға айналып барады» дейді. Қуат Молдияров, Нұрманбет Рысмендиев, Батыр Әшімов және тағы басқа ауыл тұрғындарының көмек сұрап бармаған жері жоқ екен. «Аудан әкімі Қайрат Досаев ауылымызға келіп, жағдайымызды көзбен көрсе» дейді қамыққан жұрт.
Газетіміздің 24 тамыздағы №67 санында Шу ауданының тұрғыны Сергей Қылдыбаевтың «Тері мен жүнді өртемеу үшін...» деген мақаласы жарық көрген еді. Ол аталған мақаласында «Осы тері-жүн базасын ашудың өңірге қажеттілігін жеткізіп, мән-жайды түсіндіру мақсатында аудан әкімі Қайрат Досаевқа бірнеше рет барып жолыға алмадым. Одан болмағаннан кейін екі мәрте хат жаздым. Біреуіне де жауап келген жоқ» деп ашынғаннан шыққан ащы дауысын «Жас Алаш» арқылы жеткізген болатын. «Бақсақ, бақа екен» демекші, әкімге қолы жетпей, хат жазып жауап ала алмай жүргендер жетерлік екен. Халқымызда «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген жақсы сөз бар. Алайда Шу ауданы тұрғындарының үніне құлақ түрсеңіз, аудан әкімі Қайрат Досаевтың елмен етене араласып, достасып жұмыс істеудің орнына, қарапайым халықпен арасы тым алшақтап кеткенін, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдауға уақыты жоқ екенін аңғару қиын емес сияқты.

Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар