1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
7 қыркүйек 2017
«Бір аспанда – жүз мың күн!..»

ӘЛЕМДЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ҚОЛ СОЗҒАН МЕМЛЕКЕТТЕР ҚАТАРЫ ӨСЕ ТҮСУДЕ
Үнді данышпанынан қалған «бір аспандағы жүз мың күнге» байланысты осындай бір тылсымды сөз бар. Алматы аспанындағы жалғыз күннің 40 градустан асқан қызуына шыдай алмай көл мен көлеңке сағалап кеткеніміз күні кеше ғана. Ал сол күн жүз мың емес, екеу болса қайтер едік деп таңғалатындай-ақ жағдай, енді.

Мұны жай ғана поэтикалық сөз тіркесі деуге бола ма? Ғалымдар осындай тылсымды байлам түйетіндей оқиға осыдан 30 мың жыл бұрын, шынында да, үнді елінде болғанын нақты деректермен дәлелдеп беріп отыр. Яғни әлемнің үрейін ұшырған ықтимал ядролық жарылыстар дөңгелек дүниеге таңсық емес деген сөз. Ядролық жарылыстар бұрын да болған. Бірақ санадан өшіп ұмытылған.
Демек, «жүз мың күнді» ақындық қиял емес, планетада бұрын болған ақиқат деп мойындауға тиістіміз. Нәтижесінде тұтас бір өркениет жойылып құрып кеткен. Демек, адамзат алдында үлкен проблема тұр деген сөз. Біз де әңгімемізді әлемге ядролық соғыс қатері бар ма деген аса актуалды да өзекті сауалдан бастағанды жөн көріп отырмыз. Қазіргі алмағайып заманда ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері планетаның есін алған осынау сауалдың өзектілігі күн сайын артып отырғаны өтірік емес.
Жалпақ жаһанды ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап отырған АҚШ, Ресей, Қытай сияқты азулы державаларды айтпағанда, соңғы дәуірде адамзат тарихындағы ең қаһарлы қаруды орта дәрежелі мемлекеттердің өзі де игеріп, әлемге азуын білей бастады.
Басқаны былай қойғанда, дүниенің беталысын толық өзгерткен соңғы дәуірде баяғы формациясын сақтап, консервативті даму жолынан айнымаған Солтүстік Корея сияқты экономикасы әлсіз мемлекеттердің өзінің де азды-көпті ядролық қаруға ие болған жайы бар. Атап айтқанда, қазір тоқымдай ғана Солтүстік Кореяның қолында 10 ядролық оқтұмсық бар делінеді.
Ал ол дегеніңіз – басқаны қойғанда, азуын айға білеген Американың өзін ұйқысынан шошытып оятатын қауқарлы қару.
Өткен көктемде аталмыш мемлекет орта қашықтықтағы баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерінің құпия бөлімдерінде қызмет істеген біз оның не екенін бір адамдай білеміз. Мұндай орташа қашықтықтағы баллистикалық зымырандар негізінен сүңгуір қайықтарға орнатылады. Себебі су астымен ықтимал дұшпанға жүзіп барып жақын жерден атуға сүңгуір қайықтардың мүмкіндігі әбден жеткілікті.
Ал Солтүстік Корея болса мұндай зымырандарын жер үстіне орналастырып отыр. Онда нендей негіз, нендей мақсат бар дегенге келейік.
Әркімнің бір жауы бар. Солтүстік Кореяның ықтимал жауы іргесінде. Яғни Оңтүстік Корея. Коммунист корейлер дұшпанын іргесінде тұрып-ақ жайратып сала алады.
Тіпті кейбіреулер Солтүстік Кореяның баллистикалық зымырандары Америка құрлығын да атқылай алады деген болжамдар айтуда. Әлбетте, оған біреу сенсе, біреу сенбейді. Дегенмен коммунист корейлердің ықтимал жағдайда Оңтүстік Корея мен Жапонияны жермен-жексен ете алатыны айдан анық.
Ресми Пхеньян болса «біздің зымырандарымыз жер бетінің кез келген нүктесіне жете алады» деген мақтаныштарын ресми түрде білдіріп отыр. Десек те, оған күмәнмен қараушылар көп. Рас, солтүстіккореялық зымырандар орбитаға көтерілді. Бірақ оның Америка жағалауына дейін жете алуы мамандарды толық сендіре алмайды.
Десек те, 2016 жылдың қара күзінде өткен парадта коммунистер жұрт назарына ұсынған «Хвасон-13» зымыраны Пхеньянның, шынында да, құрлықаралық баллистикалық зымырандар жасап шығаруға жақындағанын көрсетеді дейді сарапшылар.
Сонда Солтүстік Корея ядролық қаруды қайдан алды деген сауалдың тууы да заңды. Корейлер 1952 жылдың өзінде КСРО-ның қолдауымен ядролық бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алған. Ал оған 1959 жылы қытай мамандары қосылады. Ал 1963 жылы Пхеньян Мәскеуге ядролық қару жасау туралы өтініш білдіреді. Алайда Кеңестер Одағы одан бас тартады. Қытай билігі де солай жасайды.
Себебі өз аймақтарында келесі бір ядролық мемлекеттің пайда болуы екі державаға да қажет емес болатын. Соның салдары болар, 1985 жылы Мәскеу Корей Халық Демократиялық Республикасына ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қол қою талабын қойып, оның орнына ядролық зерттеулер реакторын салып беруге уәде еткен.
Соған қарамастан, 80-жылдары корей коммунистері МАГАТЭ-нің келісімінсіз ядролық бомба жасауға кірісіп кетті.

ТЕРРОРШЫ ҚОЛЫНДАҒЫ ҚАРУ. ОЛ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЫҚТИМАЛ?
Соңғы кезде ядролық қару тетігі терроршылардың қолына өтіп кетсе не болады деген сауал құдіретті державалардың бәрін алаңдатып отырғаны өтірік емес. Ол туралы БАҚ та жиі жазып жүр.
Дәл осы жерде «технологиялардың қолдан-қолға өтіп кетуі» деген анықтаманың сыр беруі де заңды. 90-жылдардың басында Қазақстан Республикасы Иранға плутони сатты деген өсек-аяңның шыққаны есімізде. Ақыры ол расталмады. Бірақ оқиғаның жаңғырығы біраз жерге барып қайтқан.
Ізінше Алматыдан Иранның жансызы ұсталғаны да есімізде. Одан сәл кейінірек ұлттық қауіпсіздік қызметінің жоғары шенді офицері шпионаж үшін ұсталды.
Сөйткен Ираныңыз көп ұзамай-ақ ядролық қару жасауға талаптанып жатқан күнәһар мемлекет есебінде құдіретті державалардың кәріне ілікті. Атап айтқанда, Иран Ислам Республикасына алдымен Америка шүйлікті.
Мұндайда мемлекеттер арасындағы саяси дүрдараздықтың маңызды рөл атқаратыны айтпаса да белгілі.
Есесіне АҚШ-тың басты қарсыласы Ресей халықаралық қауымдастықтың қарсылығына қарамастан, Иран Ислам Республикасында Бушер атом электр-
стансасын салуға кірісіп кеткен. Ал мамандардың айтуынша, атом электрстансасын салу дегеніңіз – болашақта ядролық қаруға қол жеткізудің бірден-бір мүмкіндігі.
Әлбетте, діни радикализм басымдық құрып отырған ислам елінің ядролық қаруға ие болуы батыс өркениетін қуанта қоймайтын оқиға.
Соған қарамастан, 2000 жылдардың басында Ресей бас штабы бастығының орынбасары, генерал-полковник Балуевский деген кісінің «Иранда ядролық қару қазірдің өзінде бар» деп салғаны және есімізде.
Бұл сөзді естігенде Вашингтонның күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылуы да заңды-тұғын. Ізінше батыс Иран Ислам Республикасына экономикалық санкция жариялады. Аталмыш ел оның зардабын өткен жылға дейін көрді. Экономикасы тұралады, мұнайын сыртқа шығара алмады. Десек те, ядролық технологияның бір мемлекеттің ғана құпиясы болудан қалған жайы бар.

КІМДЕ ҚАНША ЯДРОЛЫҚ ОҚТҰМСЫҚ БАР?
Қазіргі кезде кейбір тараптар «ядролық дүкен» деп атап жүрген Пәкістан елі алаңдаушылық туындатып отыр. МАГАТЭ-де осындай алаң бар. 2004 жылы осы елдің ядролық қару-жарақ бағдарламасы жөніндегі маманы Абдул Қадыр Хан ядролық технологияларды оңды-солды, атап айтқанда Ливияға, Иран мен Корея Халық Демократиялық Республикасына сатам деп жүріп әшкереленді.
Соған байланысты соңғы жылдары Пәкістанның ядролық арсеналының қауіпсіздігіне байланысты шаралар күшейтілді. Себебі аталмыш аймақта радикалды исламның күшейіп тұрғанын бүгінде еңбектеген балаға дейін біледі. Ал ядролық оқтұмсықтардың терроршылардың қолына түсуі дегеніңіз – нағыз ақырзаман болмақ.
Жалпы, қазір дүниежүзі бойынша ядролық оқтұмсықтар саны жөнінен Ресей Федерациясы көш бастап тұр. Мәскеудің құзырында қазіргі таңда 7300-ге жуық оқтұмсық бар. Ал АҚШ-тағы оқтұмсықтар саны тұп-тура 7000 делінеді. Дегенмен Ресейдегі әскери кезекшілікте тұрған зымырандар саны 1790 болса, америкалықтарда бұл мөлшер – 1930 оқтұмсық. Яғни бұл орайда АҚШ Ресейден алда тұр деген сөз.
Одан әрі Францияда – 300, Қытайда – 260, Ұлыбританияда – 215, бір-бірімен қырғиқабақ Пәкістан мен Үндістанда тиісінше 130 және 120 ядролық оқтұмсық бар делінеді.
Өздеріңіз көріп отырғандай, дүниежүзі бойынша оқтұмсықтар саны жағаны ұстатардай мөлшерде. Ал егер ықтимал жағдайда осы оқтұмсықтардың бәрі бір кезеңде іске қосылса не болмақ? Оны болжауды айтпағанда, ол туралы ойланудың өзі қорқынышты.
Ядролық қаруға ие болу ниетінің негізінен ықтимал қатерден қауіптенуден туындайтынын көріп отырмыз. Алда-жалда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ ядролық қару жасап шығармаса, КСРО-ның да ондай ниетке бара қоюы екіталай еді деген болжамдар да бар.
Сондай-ақ кезінде бір мемлекет болып, көп ұзамай діни сипаттамасына орай екі айырылған Үндістан мен Пәкістанның да ядролық қаруға жетіскеннен ие болмағаны айтпаса да түсінікті болса керек.
Алдыңғы жылы Саддам Хусейн режимі Кувейтті оккупациялап, оның арты Иракты бомбылауға ұласты. Сол кезде ядролық қаруы жоқ Ирак Республикасы не істеді дейсіз ғой?
Саддам Хусейн Бағдат көшелерін толассыз атқылап, бомбылап жатқан америкалықтарға шамасы жетпесе де, қолында бар 146 орта қашықтықтағы кеңестік «Скат» зымырандарымен АҚШ-тың одақтасы Израильді атқылай бастаған. Ал сол кезде күйрейтініне бек сенімді Саддам Хусейннің қолында ядролық қару болса не істер еді деген сауалдың туындауы да қисынды.
Әлбетте, «жан шығар» сәтте жеңіліп бара жатқан жақтың ешкімді аямайтыны айдан анық. Себебі – бәрібір өлім, бәрібір жеңіліс. Міне, бүгінгі таңда жалпы саны әлем бойынша 2 мыңнан асып отырған ядролық оқтұмсықтардың ықтимал қатері осындай, ағайын.

«ЯДРОЛЫҚ КЛУБ». ОЛ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
«Ядролық клуб» дегеніміз – ядролық қаруға ие мемлекеттердің ресми емес атауы. Әлбетте, оның басында Америка Құрама Штаттары тұр. Оған КСРО, Ұлыбритания, Франция мен Қытай ілеседі. Әлемдік «ядролық клуб» негізінен осы құдіретті бес державадан тұрады. Дегенмен 1970 жылы аталмыш клубқа қосылуға ниетті басқа мемлекеттерге тыйым салынды. Соған қарамастан, бүгінде ядролық қаруға ие мемлекеттер қатары күн санап артып келеді.
Рас, «ядролық клубқа» мүше елдердің арасында қатерлі қаруды таратпау туралы өзара келісім бар. Ал Израиль, Үндістан, Корея Халық Демократиялық Республикасы мен Пәкістан сияқты ядролық мемлекеттер мұндай келісімге қол қойған жоқ.
Соңғы кезде ядролық қаруға ие болуға мүдделі мемлекеттер қатары күн санап көбейіп келеді. Олардың арасында өзіміз жоғарыда сөз еткен Корея Халық Демократиялық Республикасы мен Иран Ислам Республикасы бар.
Израиль мемлекеті болса күні бүгінге дейін өзінде ядролық қарудың барын растамаса да, оның жоқтығы туралы жақ ашқан емес. Ол да ойланарлық жағдай.
Қиырда жатқан Оңтүстік Африка Республикасының да өз заманында ядролық қару жасау әрекетін бастағанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Дегенмен 1991 жылы аталмыш мемлекет әлемдік қауымдастықтың тізелеуімен бұл әрекетінен амалсыз бас тартты.
Қазіргі таңда әлемдік озық ой-сана осы ықтимал ядролық апаттың алдын алу мақсатында небір келелі жиындар өткізуде. Дегенмен одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Ядролық қаруға ие болуға мүдделі мемлекеттер қатары өскен үстіне өсіп отыр.
Білетіндердің айтуынша, алдағы уақытта ядролық қару-жарақтың бірден-бір шикізаты уран өндірісінің мұнай мен газ өнеркәсібін басып озар түрі аңғарылады. Демек, ықтимал үміткерлердің ядролық қаруға ие болу мүмкіндігі де соған сәйкес арта түседі деген сөз.
Уран өндірісі бұған дейін де толастаған емес. Қайта, керісінше, саланың өрістеп дамығаны байқалады.
Тіпті соңғы кезде өндірілген уран мөлшерінің молдығы соншалықты – оның аз байытылған түрлерін сақтау қоры туралы да әңгіме көтерілгені есімізде.
Ақыры сол аз байытылған әлемдік уран қоры Қазақсан Республикасында орын тебетін болды. Бұл да ойланарлық жағдай.
Қалай десек те, ғалымдар осыдан 30 мың жыл бұрын планетаның астын үстіне шығарғаны дәлелденген әлемдік ядролық қырғынның қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Ендігі мәселе адамзаттың өз парасаты мен ой-санасында ғана...

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар