1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16258)   12 қыркүйек, сейсенбі 2017
12 қыркүйек 2017
Есімовтің есебі ақталмады немесе ЭКСПО ішкиімсіз қалдырды

Сонымен, үш айға созылған ЭКСПО-2017 көрмесі де өз мәресіне жетті. Талай әңгімеге арқау болған ғаламдық шараны елорда тұрғындары жаңбырлатып жүріп шығарып салды.
Жабылу салтанатында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың айтуынша, «ЭКСПО-2017 көрмесі жоғары деңгейде әрі табысты өтіп отыр». «Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатты» деген бұл көрмені 4 миллионға жуық адам аралап көріпті. Олардың үштен екісі жастар мен оқушылар.
Бір қызығы, президент келтірген деректер ЭКСПО-2017 көрмесінің басшысы Ахметжан Есімовтің есебіне мүлдем қарама-қайшы болып шықты. Ол осыдан шамалы ғана уақыт бұрын миллиардтаған доллар жұмсалып, ел бюджетін алапат шығынға батырған көрменің кірісі мен шығысы туралы есебін беру барысында «Үш айға жуық уақыт ішінде ЭКСПО-2017 көрмесін 2,5 миллион адам тамашалап үлгерді. Оның 1,5 миллионға жуығы алыс-жақын шетелден келген туристер» деген болатын. Алайда президенттің сөзінде көрмеге ынтық болып Астанаға аяқ басқан туристердің саны Есімов берген есептен үш есе аз, яғни жарты миллионға жуық екені айтылды. «Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мыңдаған адам келіп тұрды. Көрмеге 180 елден жарты миллионнан астам адам келіп тамашалады. Осы орайда, әрбір алтыншы адамның шетелдік болғанын атап өткім келеді», – деп атап өтті президент.
Иә, көрмеге қатысты деректерде әзірше бірізділік жоқ. Қарама-қайшы деректер әлі де айтылып жатыр. ЭКСПО-2017 көрмесіне жұмсалған қаржының өзі әр деректе түрліше айтылады. Ресми деректерде жалпы көрмеге кеткен шығын 500 миллиард теңге, яғни 1,5 миллиард АҚШ долларына жеткенін айтса, кейбір тәуелсіз сарапшылар 1,5 емес, 3 миллиард доллар жұмсалғанын айтады.
Мың жерден асыра мақтап, сокралды сипат бергеніне қарамастан, биліктің ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу туралы бастамасын ел тұрғындары о бастан жылы қабылдаған жоқ. Дәл жаһанды шайқалтқан дағдарыс қарсаңындағы өте алып жоба елге оңай тимейтінін былайғы жұрт жақсы түйсінді. Мамандар ескертіп айтып бақты, белсенді қоғам ұсыныс тастап қарсылығын білдірді. Бірақ билікті алған бетінен қайтара алмады. Сондықтан да болар, өзге елге «айрықша» көрінген көрмені былайғы жұртқа онша ұнай қойған жоқ деуге болады. Ашылуы, ұйымдастырылуы мен жабылу салтанатына дейін сыни пікірлер көп айтылды.
Тіптен көрме аясында өткен мәдени шаралар мен ұлттың бар болмысын көрсетуі тиіс делінген этноауыл жобасына да көңілі толмайтындар көп кездесті. Соның бірі – керекулік шебер Баязит Қуандықов. Айтуынша, бір топ шебермен бірге тамыз айының ортасында этноауылға келіп, ұлттық өнімдер жәрмеңкесін өткізіпті. «Астанаға айдың 20-сында келдік. Екі аптадай болдық. Сонда байқағанымыз, этноауыл кешенінде көп адам болған жоқ. Тек өңірлердің мәдени күндері ғана адам көп болды. Оның басым бөлігі сол келген делегация өкілдері», – дейді ол. Баязит шебер екі апта бойы этноауылда болғанда шетелдіктердің болмағанын айтады Малайзия және тағы бір Африка елінен келген бірлі-жарым турист болмаса, өзге елден ешкім бас сұқпапты. «Жолымыз, жатар орнымыз, тамағымыз тегін дегені болмаса, қиын болды. Азын-аулақ заттар өткені болмаса, сауда болған жоқ. Астанадағы таныстарыма хабарлассам, олар «этноауыл деген қай жерде?» деп сұрайды. Ешкім білмейді. Айдалаға әкеліп неге орналастырған? Қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамаларға өте алыс. Арнайы автобус бар екен. Бірақ аралығы өте ұзақ, сағаттап күтуге тура келеді. Такси 5000 теңге сұрайды екен. Қолым босаған күні ЭКСПО алаңына бардым. Қолыма екі шағын домбыра ала барғанмын. Бірнеше адам сұрады, «қайда сатып жатыр мұны?» деп. Этноауылда десем көбісі білмейді. Ол жерде мұндай заттар жоқ. Өзге ұлттардың, яғни Үндінің, Африканың асай-мүсейі мен түкке тұрғысыз сувенирлерін жұрт талап жатыр. Неге ол жерге де киіз үй тігіп қоймаған? Болмаса сол ЭКСПО көрмесі маңайына орналастыру керек еді. Жұрт көрер еді, барар еді шетелдіктер қызықтап. Жұрт бармасын, көрмесін деп қойғандай. Өзге ұлттар танысу керек емес пе? Бұл жобаның басты мақсаты сол емес пе еді?» – дейді керекулік шебер. Дегенмен болар ЭКСПО болды. Әлеуметтік желіде біраз жұрт бұл көрмені «енді қайтып келмеші» деп құтылғандарына риза болысып, шығарып салды.
Қош! Көрменің жабылуында отшашу шашылып біткен соң, Қазақстан бюджетінің түбі тесіліп, жыртық дамбалмен қалғанымыз белгілі болды. Мәселен, қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылғы тамыздың 1-інде республикалық бюджетке 6 трлн 7 млрд теңге түскен. Алайда бюджеттің шығыны кірістен әлдеқайда көп болып, 7 трлн 289 млрд теңгеге жеткен. Осылайша жыл басынан бергі жеті айдың қорытындысы бойынша, бюджет әдеттегідей дефицитке кезігіп, 1 трлн 282 млрд теңге шығынға батқан. Бұл – пайдаға кенелтеді деп ЭКСПО көрмесін өткізіп, соңында ішкиімсіз қалғанымыздың көрінісі...

Үкі НҰРАТАЙ
Астана

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Нуржан | 15 қыркүйек 2017 14:56
Мақалаға толықтай келісемін.
Ешкі маңыраймын деп мүйізінен айрылыпты деген осы.
Айнаш | 18 қыркүйек 2017 10:36
Расымен де Этноауылдың қаладан анағұрлым алыс, автобус тоқтамайтын жерде орналасқаны халық үшін дұрыс болмады.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар