1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
14 қыркүйек 2017
«Шашылсаң, тойға шашыл!»

МӘДЕНИ ШАРАЛАРҒА АҚШАНЫ АЯМАЙТЫН БИЛІК ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫНА КЕЛГЕНДЕ НЕГЕ САРАҢ?
Сонымен, жергілікті билік билеттерін жыл басынан бюджет қызметкерлеріне мәжбүрлеп сатқызған ЭКСПО да бітті. Бірақ мәселенің бәрі мәжбүрлеумен шешілмесі белгілі ғой. Айналып келгенде, салмақтың біразы бюджеттің есіл қаржысына барып тірелді.

Басқа өңірді қайдам, оңтүстікте үш ай жазда бюджеттің, демеушілердің қаржысымен ЭКСПО-ны тамашалап қайтушылар көп болды. Бұлардың дені оқушылар, ардагерлер, мектеп мұғалімдері. Облыстың аудан, қалалары ЭКСПО-ны тегін тамашалап қайтушыларды салтанатты түрде шығарып салып, күтіп алып жатты. Осыншама сән-салтанатқа қазынадан қанша қаржының бөлінгені туралы мәлімет әзірге айтылар емес. ЭКСПО-ның аясында өткен Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы күндеріне, қаншама мәде ни іс-шараға, жәрмеңке, көрмеге де бюджеттің біраз қаржысы жұмсалды-ау. Облыс орталығындағы мыңға жуық адамды құрайтын өнер ұжымдарын алып барып, Астананы бірнеше күн бойы ән мен күйге бөлегені қандай жарасымды тірлік болды десеңізші. Бір мезгілде 600 жас домбырашының Құрманғазының «Балбырауынын» орындағаны да қандай керемет сәт еді! ...Мейлі дейміз, қазақ «шашылсаң, тойға шашыл» дейді. Дегенмен, біздің айтпағымыз мүлдем басқа. Мәселе биліктің осындай шараға келгенде мырзалығы ұстап, ал халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегіне келгенде сараң бола қалатынында болып тұр.
«Жас Алаштың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы қосынына Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылының тұрғындарынан хат келді. Бас-аяғы 42 азамат қол қойған хатқа қарағанда, 2013 жылдың 6 мамырында сол кезде С.Ахметов жетекшілік ететін үкіметтің №455 қаулысымен Қожатоғай ауылы жерімен қоса, Отырар ауданынан Арыс қаласының аумағына енген. Содан бергі төрт жыл ішінде Қожатоғайдың халқы үйлерінің құжаттарын рәсімдей алмай жүр. Жергілікті жер кадастры бөлімінің қызметкерлері әр жер учаскесіне меншік құқығын беретін мемлекеттік акті үшін 23 206 теңге, ал жердің техникалық құжатына 25 000 теңге төлеу қажеттігін айтып отырған көрінеді. Екі құжатқа кететін шығын 48 206 теңге. Мамандар осы қаржыны төлемейінше, құжаттардың рәсімделмейтінін айтыпты. «Сонда Қожатоғайдың Отырар ауданынан Арысқа өткеніне біздің не кінәміз бар? Артық ақша шығарып, шығындалардай біз не жаздық?» дейді хатта ауыл тұрғындары.
Хатқа қарағанда, үйлерінің құжаттары рәсімделмегендіктен, тұрғындар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген несие алу мүмкіндігінен айырылған.
«Ауылда қазір 507 отбасы тұрады. Әр отбасы 48 мың теңгеден төлесе, жалпы шығын 24 миллион теңгеден асады екен. Біздің үкіметтен сұрарымыз: құжаттарды тегін реттеу жағын қарастырса, бюджеттен бұған қаржы қаралса» дейді хатта ауыл тұрғындары.
Осы хатты бізге алып келген қожатоғайлық Қаныбек Жұмабековтің айтуынша, сол 2013 жылдан бергі аралықта Арыс қаласының салықшылары құжаттары рәсімделмеген үй мен жердің салығын төлеткізіп жатыр. Яғни құжаттың дұрыс-бұрыстығы жеңілдетілген несие аларда ескеріледі, салық төлер кезде ескерілмейді.
– Егер осы мәселені шешу өз қолымыздан келер болса, жұртты шулатпай әлдеқашан шешіп тастар едік. Алайда заңның аты – заң, тәртіптің аты – тәртіп, – деді біз сөйлескен Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапар Дәрібай. – Бұл бір Қожатоғайдың басындағы жағдай емес. Сайрам ауданының Шымкентке өткен елді мекендерде де сондай проблема болған. Заң бойынша мұндай жағдайда тегін деген нәрсе жоқ. Бірақ құжаттарды кейбір позициялар бойынша арзандатылған жолмен рәсімдеуге болады. Жер кадастрының мамандары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр келіп, жиналыс өткізген. Мәселені шешу жөнінде облыс әкіміне хат жазылған. Облыс әкімі президентке хат жолдаған. Әлі жауап келген жоқ, – деді әкім орынбасары.
Мәселенің жергілікті жерде шешілмейтініне көзі жеткен Қаныбек Жұмабеков енді ауыл тұрғындарының хатын алып, Астанаға бара жатқанын айтты. Төрт жылдан бері шулап жүрген халықтың талап-тілегіне елордадағы атқамінерлердің не айтарын кім білсін? Үш айлық қызық үшін бюджеттің жүз миллиардттаған қаржысын суырып бере салған билік үшін 24 миллион теңге дегеніңіз не тәйірі?! Қожатоғайлықтар бір оңтайлы шешім шығып қалар деген үмітте.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар