1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 81-82 (16268-16269) 12 қазан, бейсенбі 2017
12 қазан 2017
Қаржы қайда, жол қайда?

Жақында еліміздің үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың атышулы пікіріне байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Жоқ, біз бұл жерде ағайынды екі елді ғана емес, осы екі елдің өз ішін де екіге бөлген даулы мәселе туралы әңгіме қозғағалы отырған жоқпыз. Бізсіз де бірі мақтап, бірі даттап, боқтаудан бастап, саяси сараптамаға дейін жасап, болжамдар айтып жатқандар аз емес. Үкіметбасының ұзын сонар мәлімдемесінде бізді елең еткізген «Біз ұзындығы 2800 шақырым болатын «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» Трансконтиненталдық магистралінің қазақстандық аумағының құрылысын толығымен аяқтадық» деген бір ғана сөйлем. Шыны керек, алғаш оқығанда түсінбей қалдық. Одан кейін тәржіма жасағандар қателескен болар деген ой келді (мұндай ресми құжаттардың ресми тілде дайындалып, қазақ тіліне аударылатыны, аудармасының кейде ақсап жататыны жасырын емес қой). Ерінбей орысша нұсқасын оқып шықтық. Қате емес екен. Онда да «Мы полностью завершили строительство казахстанского участка Трансконтинентальной магистрали «Западная Европа–Западный Китай» протяженностью 2800 км» деп айқайлап тұр. Осыдан кейін сумаң етіп екі сұрақ бой көтерді.

БІРІНШІ СҰРАҚ: ЖОЛ ҚАЙДА?
Егер «Трансконтиненталдық магистральдің қазақстандық аумағының құрылысын толығымен аяқтадық» деген жалпақ тілмен айтылған деректі құжат тіліне аударсақ, халықаралық автобанның құрылысымен айналысқан мердігерлер жол құрылысын толық бітіріп тапсырды, тиісті билік орындары салынған жолды бүге-шігесіне дейін тексеріп қабылдап алды, бүгінгі таңда магистральмен көліктер жүйткіп жүріп жатыр дегенді білдіреді. Іс жүзінде солай ма? Олай емес! «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» магистралінің Жамбыл облысы, нақтырақ айтқанда Қордай ауданы, аумағындағы телімі толық бітпегендіктен, Алматыдан Таразға шыққан көліктер жотада салынған жаңа жол арқылы жүргенімен, Тараздан Алматыға шыққан көліктер Қордай асуы арқылы ескі жолмен жүріп жатыр. Естуімізше, автобанның Алматы облысы аумағындағы жайы да оңып тұрғаны шамалы. Жақында ғана Шымкентке жол түсті. Ондағы жағдай да дәл осындай. Даңғыраған жаңа магистральдың үш-төрт жеріндегі ойқы-шойқы телімдерді былай қойғанда, кей тұстарда жаңа жол әлі бітпегендіктен, ондаған шақырымды ауылдардың ішімен өтетін ескі жолмен жүруімізге тура келді.
Сонда кім кімді алдап отыр? Жергілікті билік үкіметті алдап отыр ма, әлде үкімет халық пен мемлекет басшысын алдап отыр ма? Бұл мәселеде осы магистральмен күнде жүріп жатқан, жағдайын өз көздерімен көріп отырған халықты алдаймын деудің бекершілік екені түсінікті. Ендеше, президентті алдап отырғаны ғой. Әрине, бұған дейін де шенеуніктердің жалпыұлттық телекөпірлерге ауы да, бауы да дайын емес нысандарды іске қосуға толық дайын деп енгізіп, көзбояушылыққа барғандарын естігенбіз. Тіпті бір жолы президенттің өзі: «Жаңа нысан жұмысқа толық дайын деп шулайсыңдар. Мен салтанатпен іске қосамын, бірақ жұмыс істемей тоқтап тұрады», – деп ренжігені де бар. Бірақ олар, негізінен, белгілі бір аймаққа ғана белгілі, біреу білсе, біреу білмейтін зауыт, фабрика сияқты нысандар болатын. Ал Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне дейін созылып жатқан, құрылысы елдің назарында тұрған «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» сынды алып нысанға қатысты көзді бақырайтып қойып жалған айту... Не дерімізді білмей отырмыз.

ЕКІНШІ СҰРАҚ: ҚАРЖЫ ҚАЙДА КЕТТІ?
Біздің шамалауымызша, магистраль бойындағы құрылысы әлі бітпеген телімдердің ұзындығы бірнеше немесе ондаған шақырымды емес, жүздеген шақырымды құрайды. Шетелдік технологиямен салынып жатқан халықаралық автодәліздің құрылысы мемлекетімізге арзанға түсіп отырған жоқ. Естуімізше, әр шақырымының өзіне миллиондаған АҚШ доллары жұмсалуда. Егер магистральдің қазақстандық аумағының құрылысы толығымен аяқталып, салынған жол қабылдап алынса, бітпей қалған жүздеген шақырым жолға бөлінген қыруар қаражат қайда? Біреулердің құлқынында кетіп қалған жоқ па?
Мүмкін, біз бір нәрсені дұрыс түсінбей отырған шығармыз (бірақ «трансконтиненталдық магистральдің қазақстандық аумағының құрылысын толығымен аяқтадық» дегенді басқаша қалай түсінуге болады?). Дегенмен біз дұрыс түсінбей, мәселенің байыбына бара алмай отырсақ, үкімет түсіндірсін. Ақылға қонарлық, елді сендірерлік уәжін айтсын. Олай болмаған жағдайда, күдігіміз расқа айналған жағдайда бұл мәселемен Қайрат Қожамжаров мырза басқаратын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысуы керек деп ойлаймыз.

Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ, Журналистер одағының мүшесі

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Жегиш | 16 қазан 2017 14:26
Жеп койдым ага.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар