Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Өзен мұнайшыларының 23 қыркүйекте “Қазмұнайгаз” БӨ” ААҚ, облыс және қала басшыларын кездесуге шақырғанын (“Жаңаөзеннен жел ессе, бастықтардың басына бұлт үйiрiледi”, “Жас Алаш”, №82, 13 қазан 2009 ж) айтқанбыз. Онда мұнайшылар құзырлы орындардың басшыларына жазбаша 42 сұрақ қойған. Оған қосымша кездесу кезiнде жүзбе-жүз жүздеген сұрақ бердi. Сұрақ емес-ау, оның негiзгi бөлгi талап. Әрине, талап орындалуы керек. Өйткенi, талап – Қазақстан азаматтарының құқығы. Құқық – аяқасты болып тапталмауы тиiс. Бiрақ бастықтар екiұдай күйде. Мұнайшылардың талабын орындайын десе, “арба сынады”, орындамайын десе “өгiз өледi”. Талапты орындаса, Астанада асқақтап, Маңғыстау мұнайына шекелерi шылқып отырған шенеунiктер майшелпектен айырылады. Орындамайын десе, Ата заңда көрсетiлген құқығын пайдаланып мұнайшылар қос өкпелерiн қысып, қабырғаларын қайыстырып барады. Қазiргi мұнайшы баяғы алпысыншы жылдың ақыры мен жетпiсiншi жылдың басындағы ұрдажық мұнайшы емес. Мерзiмдi басылымдар мен ғаламтор арқылы күнделiктi әлемдiк ақпараттардан сусындап отырған бiлiмдi де, бiлiктi, саналы да, сауатты, ақылды да, айбарлы, сөздерi салиқалы да, салмақты жастармен толыққан. Сондықтан бұларды алдаймын, арбаймын деп Алдаркөселiк пен Қожанасырлыққа барудың қажетi жоқ.
Дегенмен, келмеске кеткен кеңестiң қызыл шапанының шалғайынан шыққан, құқығын талап еткен жанды СОКП-ның қызыл билетiмен қорқытатын әдеттерi сүйектерiне сiңiп қалғандар бүгiнде “Үндемеген үйдей бәледен құтыладының” кебiн кигiсi келедi. Мiне, осындай ойда болған басшылар уәделерiн орындағысы келмедi. 23 қыркүйекте кездесуде бiр айдан кейiн қайта кездесiп, жауабын айтамыз деген сөздерiнде тұрмады. 23 қазанда мұнайшылар оларды күттi. Бiрақ ешкiм хабар алмады. Жаңаөзендегi жұмысшылар автостансасында бүкiл мұнайшылар бiр-екi сағаттап жұмысты кешiктiрдi. Автобустар тоқ-
тады. Таңалакөбеңнен жиналған мыңдаған мұнайшы жұмысқа шықпай наразылықтарын бiлдiрдi. Бұл оқиға, яғни күнiге бiр-екi сағаттап жұмысты тоқтату екi-үш күн қайталанды.
Уәде орындалмаса iс насырға шауып, оқиға ушыға түсерi белгiлi. Себебi, ашынған халық аштыққа төзсе де, қорлыққа көнбейдi.
Осыны сезген “Қазмұнайгаз” Барлау Өндiру” ААҚ бас директорының орынбасары В.Я.Мирошников, акционерлiк қоғамның басқарушы директоры Қайролла Ережепов, әлеуметтiк саясат департаментiнiң директоры Орал Ыдырысовтар Астанадан құстай ұшып жеттi. “Әр жердiң түлкiсiн өз тазысымен аула” деген бекер емес-ау деймiн. “ҚМГ” ҰК мен “БӨ” ААҚ басшылары осы принциптi ұстанған секiлдi. Себебi, жоғарыдағы үшеуi де Өзен мұнайшыларының өмiрiмен етене таныс, “нағыз жанашырлары”. Мысалы, Владимир Мирошников осында бiраз жыл мұнай саласында еңбек еткен, басшылық жұмыстарда iстеген, “Жаңаөзен қаласының құрметтi азаматы”. Ал Қайролла Ережепов 2003-04 жылдары Парламент депутаты болған кезде мемлекеттiк тiлге қарсы шыққан қазақ. Бүкiл дүниежүзiндегi атом қалдықтарын Ақтаудың iргесiне әкелiп көмуге жанұшырып атсалысқан Маңғыстаудың төл перзентi. Орал Ыдырысовта “Өзенмұнайгаз” ААҚ вице-президентi болды. “Өзенмұнайгазды” “БӨ” ААҚ құрамына қосуға бiлектi сыбанып кiрiскендердiң бiрi. “Алыстан арбалағаннан жақыннан дорбалағанды” жақсы көретiн жан деседi бiлетiндер. Мүмкiн, дұрыс шығар. “Естiген құлақта жазық жоқ”.
Сөйтiп, 27 қазан күнi сағат бесте мұнайшылардың басшылармен қайта кездесуi болады екен деген хабар шағын қалаға лезде тарады. Әуелден хабардар болғандықтан ба, қала iргесiндегi Теңге, Қызылсай ауылы тұрғындарының да төбелерi көрiндi. Халық өте көп.
Жалпы соңғы кезде “Өзен кен орындарынан сонау 1975 жылы 16 миллион 200 мың тонна мұнай өндiрiлген. Ол кезде тұрғындардың саны 45-50 мыңдай едi. Ал қазiр 115 мың тұрғын бар. Бiрақ жылына небәрi 6 млн тонна “қара алтын” өндiрiлiп тұр. “Айырма жер мен көктей” деген сөздер билiктегiлердiң аузынан көбiрек естiлетiн болды. Әлде бұл сөз “модаға” айналған ба? Немесе қазiр тұрғындардың саны екi еседен асты, сондықтан мұнайдың да жылдық жоспарын 32-35 млн тоннаға жеткiзулерiңiз керек дегенi ме? Болмаса халықтың 50 мыңнан артығы бiздiң мойнымызда отыр, бiз бағып отырмыз деп мiндетсiгенi ме, кiм бiлсiн? Әйтсе де, 1975 жылмен қазiргi кездi салыстыруға бола ма?
Қылмыс iстемеген, ұрлық жасамаған адам күнәһар саналатын заман болды. Небiр айдарынан жел ескен кәсiпорындар мен iрi-iрi зауыт-фабрикалар ту-талақайға түсiп, құлқынның құлдарының өңешiнен өтiп кеттi. Жауыннан соңғы саңырауқұлақша жетiлген жебiрлер мен жемқорлар, қоғамды жайлаған тобырлар мен обырлар әлi тыйылар емес. Соның зардабын қарапайым халық тартып жатыр.
Мiне, Өзен мұнайшыларының билiкке қатаң талап қоюы осындай жағдайларға байланысты туындап отыр. Ендi соған көңiл бөлелiк. Олар екiншi кездесуде айтар ұсыныс, талап-тiлектерiн қағазға түсiрiп, орталарынан бiр жiгiттi шығарып сөйлеттi. Ол әңгiменi “Өзенмұнайгаз” ААҚ-ын 2004 жылы көп мыңдаған мұнайшылардың келiсiмiнсiз жаңадан шаңырақ көтерген “Қазмұнайгаз” БӨ” ААҚ құрамына филиал етiп қосқалы зардап шегiп жатқандарынан бастады. Алғашында бұл өзгерiстен мұнайшылар көп үмiт күткен. Әйтсе де, бәрi керiсiнше болды. Әсiресе, әлемдiк қаржы дағдарысы тұсында әлеуметтiк-экономикалық жағдайды шиеленiстiрiп жiберген. “ӨМГ” ӨФ жұмысына айтарлықтай нұқсан келтiрген. Астанадағы бас кеңсенiң өткiзетiн тендерлерi өз нәтижесiн дұрыс бермей жатыр. Соның себебiнен өндiрiске келiп жатқан құрал-жабдықтардың бұрын пайдаланылған дүниелер екенi анықталуда. Мұнай кен орындарының экологиялық жағдайы, қала тұрғындарының денсаулығы сын көтермейдi.
Осы тұста Мирошников мырза: “Өңiрде бүгiнгi таңда шешiлуi қиындап тұрған екi мәселе бар. Бiрi – халықты жұмысқа орналастыру. Екiншiсi – мұнай өндiру. Шынында да, мұнай өндiрудiң жағдайы мәз емес. Себебi, Өзен кен орындарының өнiм өндiрiп тұрғанына қазiр 40 жылдан астам уақыт болды. Бұрғылау қондырғыларының 60-65 пайызы 30 жылдың арғы жағындағылар. Мiне, осының бәрi өнiм мөлшерiнiң кемуiне алып келедi. Оның үстiне “Бұрғылау” мекемесi жекеменшiк”, – дедi.
Әрине, жер астындағы мұнайды өндiрудiң мөлшерi геологиялық барлау мен бұрғылауға тiкелей байланысты. “Бұрғылау” мекемесiнiң сырттай сатылып, негiзгi қожайынының кiм екенi белгiсiз болып, елдi сергелдеңге салуы өндiрiске керi әсер еткенi шындық. Мекемедегi әлеуметтiк теңсiздiк, жалақының күрт төмендеуi, орынсыз қудалаулар бұрғышылардың наразылығын тудырғаны баршаға белгiлi. Көпке созылған келеңсiздiк Астананы алаңдатпады. Кемшiлiктi түзеуге тиiстi кейбiр басшылар мекеменiң құлдырауына жаны ашыған жұмысшыларды аластауға тырысты. Тырнақ астынан кiр iздеп, өз кiнәларын өзгеге аударуға әрекеттендi. Нәтижесiнде өткен көктемде 1200-ден астам бұрғышы ереуiлге шығып, 14-15 жұмысшы аштық жариялауға мәжбүр болды. Бұрғышылардың талап-тiлегi орындалмаса, мұнайдың 4-5 мекемесi бiзде жұмысты тоқтатып, қолдау бiлдiремiз деген соң, Астанадағылар аздап ақылға келейiн дедi. Осы жердегi басшысын өзгертiп, халықтың көңiлiн аулады.
Қарапайым мұнайшы сұраса маңдай терi мен табан етiнiң ақысын сұрайды. Еңбегiнiң жемiсi мен жеңiсiн көргiсi келедi. Төмендегi талап-тiлектер мен мысалдар да соның айқын айғағы.
Мұнайшылардың аудандық коэффиценттi қысқартып, жалақыңызды көбейтемiз дегенге сенбейтiнi де, көнбейтiнi де белгiлi. Өйткенi, қазақта “Аузы күйген үрiп iшедi” деген сөз бар. Себебi, бұрын 70 пайыздық аудандық коэффиценттi жердiң шалғайлығына, экологиялық жағдайдың нашарлығына байланысты Маңғыстау облысының барлық бюджеттiк сала қызметкерлерi де алған деседi. Сол аудандық коэффиценттен қазiр Астанада жүрген бiр шенеунiктiң алдағанына көнiп қағылып қалған көрiнедi. Соның зардабын облыстағы бюджеттiк сала қызметкерлерi әсiресе, мұғалiмдер мен дәрiгерлер әлi тартуда.
Себебi, айлығы шайлығына жетпейдi. Түбекте орналасқан облыс халқының 90 пайыз азық-түлiгi сырттан тасымалданады. Оның көпшiлiгiнiң бағасы удай, сапасы судай. Сондықтан мұғалiмдер мен дәрiгерлер шамасы келсе, жалақысы тәуiрлеу жұмыстарға кеткiсi келедi. Облыста бiлiм сапасының төмендеуiмен, ел арасында әртүрлi ауру-сырқаудың дендеп бара жатқанын өмiрдiң өзi көрсетiп отыр. Сол үшiн мұнайшыларда осы күйге түссе ақыры не болады? Осыны ойлаған олар жазбаша талаптарын 500-ден астам адам қол қойып, Астанадан келгендердiң өзiне табыстады.
Жаңаөзен қаласының әкiмi Жалғас Бабахановқа да сын, ескертулер айтылмай қалмады. Белгiлi дәрежеде орындалуы тиiс талаптар да қойылды. Осыған байланысты қала әкiмi iле-шала қала активтерiн жинап, тиiстi салалар бойынша комиссиялар құрып, айтылған сын, ескертулерден қорытынды шығаруға кiрiсiп кеттi. Құрылған комиссиялардың құрамына жергiлiктi журналистердi де кiргiзiп, тексеру нәтижелерiн ақпарат құралдары арқылы қалың бұқараға тұрақты түрде хабарлап тұруды мiндеттедi. “ҚазМұнайГаз” ҰК мен “Барлау Өндiру” ААҚ басшылары да Өзен мұнайшыларының орынды талаптарын орындауға осылай кiрiссе, қане. Сонда Өзен мұнайшылары да өршеленбей, билiк басындағылардың өздерi де өкiнбей өмiр сүрер едi. Әй, бiрақ қайдам, Қазақстанның қара қазанынан қара басының қамын көбiрек күйттегендердiң қатары азаймай тұрған шақта мұнайшының мұңы сейiле қояр ма екен? Бiрақ, кiм бiледi, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың назары түссе, оған ешкiм кедергi келтiрмесе, Өзен мұнайшыларының базары қызып, қазаны дұрыс қайнап, ажары кiрмес пе екен?