19 қараша 2009
Жаңаөзендегi аштық жариялау акциясы уақытша тоқтатылды

Қарашаның 15-iнен бастап Жаңаөзен қаласында әртүрлi мекемелерден 35 мұнайшы аштық жариялау акциясын бастаған болатын. Себебi, жаңаөзендiктер осыған дейiн өздерiнiң жоғарыдағы басшыларына және жергiлiктi құзырлы орындарға бiрнеше рет көкейкестi талаптарын қойған едi. Бiрақ оларды орындауға билiктегiлер онша құлық танытпаған болатын. Мұнайшылардың талаптары мынадай едi:
1. «Өзенмұнайгаз» өндiрiстiк филиалын («ӨМГ» ӨФ) «Қазмұнайгаз» Барлау Өндiру» АҚ-нан («ҚМГ БӨ» АҚ) бөлiп, бұрынғы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ын құру немесе «ҚМГ БӨ» АҚ-ның Астанадағы бас кеңсесiн Маңғыстауға көшiру (осы жөнiндегi ҚР премьер-министрi К.Мәсiмовтiң бiр жыл бұрынғы уәдесi әлi орындалмай отыр!);
2. Құзырлы құқық қорғау органдарының ӨМГ ӨФ-ындағы биылғы жылдың ортасынан бастау алған мұнай ұрлығы және мұнай құрал-жабдықтары жөнiнде жұмысшылардан құрылған комиссиямен бiрге тексерулер жүргiзуi;
3. Мұнай мамандығына оқыған жастарға жұмыс тауып беру. Ол үшiн әр басқармадан кемiнде 20-30 жұмыс орнын ашу;
4. 2008 жылдың қазан айынан бастап қысқартылған сыйақыларды қайтару;
5.Жылдық жоспарды 6,1млн тоннаға азайтып, жалақыны, бiрiншi дәрежелi тарифтiк ақыны 18 мың теңгеге өсiру;
6. Инфляцияға сәйкес коэффициент төлеу. (Мұнайдың бiр баррелi 75-80 доллардан сатылып жатыр);
7. «ӨМГ» ӨФ-ның директоры Д.Әбiлхановты, оның экономика мәселелерi жөнiндегi орынбасары Р.Дүкенбаевты, көлiк жөнiндегi орынбасары А.Башеновты, жалпы мәселелер жөнiндегi орынбасары О.Телеғұсовты қазiргi жұмыстарынан босату;
8. «ӨМГ» ӨФ-ның бұрынғы директоры Қ.Елеусiновтi, оның экономика мәселелерi жөнiндегi орынбасарлығына М.Орынбаевты тағайындау, яғни бұрынғы өз қызметтерiне алып келу;
16 қараша күнi түнгi сағат 2.00-ге дейiн мұнайшылармен келiссөз жүргiзген «Қазмұнайгаз» Барлау Өндiру» АҚ президентi К.Ыбырашов талаптарды орындауға уақыт сұрап, наразылық акциясын уақытша тоқтатуға қол жеткiзiп, келiсiмге келдi. Атап айтқанда, мұнайшылар жетiншi талапты орындауға 15 күн уақыт, қалған жетi талапты орындауға жаңа жылға дейiн күтуге келiсiмдерiн бердi. Егерде осы уақыттар iшiнде қойылған талаптар толықтай орындалмаса наразылық акциясын кең көлемде, бұрынғыдан да ауқымдырақ жүргiзетiнiн мәлiмдедi.
Жәнiбек ҚОЖЫҚ,
Маңғыстау облысы.




