10 желтоқсан 2009
«Бiздердi жат қолына тастап, құл, малай қылғанша...

«ЖIБЕК ЖОЛЫН» МЕМЛЕКЕТТIҢ ӨЗI САТЫП АЛСЫН», – ДЕЙДI САУДАГЕРЛЕР
Алматыдағы халықарлық «Жiбек жолы» автобөлшек сауда орталығында дүрбелең туғанын бұдан бұрын жазған болатынбыз («Жас Алаш». № 95, № 96). Онда аталған базардың жат қолына өтуi мүмкiндiгiн, саудагерлердiң наразылық шарасын ұйымдастырғанын, олардың басты талаптарын, сондай-ақ мемлекетшiл мырзалардың үйiп-төккен уәделерiн тiлге тиек еткенбiз. Көп уақыт өтпестен саудагерлер «Отандық базарды қорғаймыз» қоғамдық кампаниясын құрды. Бүгiнде жұдырықтай жұмылып, бiр жеңнен бас, бiр жағадан қол шығаруда. Әйтсе де, осы мәселенiң қызуы басылмай тұр. Керiсiнше, өрши түстi. Ұлттық баспасөз орталығында арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған саудагерлер және дабыл қақты. Олар: «Жiбек жолын» Ресейдiң бас ауруына айналған Черкизов базарының қожасы Тельман Исмаилов сатып алған. Ендi сауда орталығы автобөлшек емес, киiм-кешек базарына айналатыны айдан анық болды», – дейдi.
– «Жiбек жолындағы» жалгерлердiң басына қара бұлт төндi, – деп сөз бастады жалгер Дмитрий Белоусов. – Базар әкiмшiлiгiнде ауыс-түйiс болып жатыр. Ендi сауда орталығын Черкизовтықтардан құралған топ басқаратын көрiнедi. Қайта құруға дайындық жүруде. Бiр-екi жылда бүкiл базарда жат елдiң азаматтары қаптайтыны анық. Кеш болмай тұрғанда олардың мұнда аяқ басуына қасқая қарсы тұруымыз керек, – дедi ол.
Жалгер Асылбек Рахманбердиев: «Бiрiмiз – бар малымызды, екiншiмiз үй-жайымызды сатып, базарда сауда жасап жүрмiз. Мәселен, кезiнде әрбiр контейнердi үш мың доллардан сатып алдық, – деп сөз бастады да, – Қыстың қырауында жаңа жылға дейiн «базарды босатыңдар» деп тұр. Далада қаламыз. Базар сатылады екен, оны мiндеттi түрде жат қолына өткiзу керек пе? Үкiмет сатып алуына болмай ма? Екi мың адам жұмыссыз қаламыз. Жеп отырған нанымыздан айырылып, сонда қайда барамыз? Президент халқына бас-көз болмай ма? – деп жалғады.
Ал көпбалалы ана Гүлбану Камалованың айтуынша, бүгiнде базар жағалап кеткендер көп. Суық, көк тайғақта тiк тұрып сауда жасап жүр. Балапандарына бiр жапырақ нан табу үшiн. «Бөтен адамдарға неге базарды сатады? Бiздi неге қуады? Белгiсiз. Түбiнде басқа бiр сыр бар ма, сiрә. Дәл қазiр ақ қар, көк мұзда бала-шағамызбен қайда барамыз? Көбi үй-жайын, көлiгiн салып несие алған. Оны қалай өтеймiз? Бар үмiт осы базарда едi. «Сауда орталығын жабамыз», – дейдi. Бұл не сұмдық? Қазақстанда қазақстандықтарды қорғайтын азаматтарымыз қайда? Ауыр айтсам, айып етпес. Бұл – қорлық ендi. Бар-жоғы бiр айдың iшiнде керексiз заттай екi мың адамды далаға тастау дұрыс па? Неге көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтарымыз қозғалмайды? «Жiбек жолын» мемлекеттiң өзi сатып алсын. Басқа мемлекеттiң адамына бiздердi құл, малай қылғанша. Жоғарыдағылар соны түсiнсе неттi», – дейдi Гүлбану Камалова.
Республикалық «Талмас» қоғамдық қозғалысының жетекшiсi Ермек Қойшиев те бұл оқиғаға байланысты пiкiрiн бiлдiрдi. Ол: «Жiбек жолындағы» саудагерлердiң басым бөлiгi – несиегерлер. Араларында жалғыз баспанасын кепiлге қойып, ақша алғандар да бар екен. Базар жабылса, олардың ертеңгi күнi не болмақ? Жалпы бiз базардың жаңа басшылығы жөнiнде мәлiметтер жинауға кiрiстiк. Бiрнеше дәлелдерiмiз де бар. Мәселен, жаңа басшы саудагерлердiң бар ақшаларын өз кәсiбiне салғанын бiлдi. Бiле тұра, базардың жабылатыны туралы алдын ала ескерту жасамады. Оның үстiне, саудагерлер заңгерлерге немесе саяси партияларға, атап айтқанда, «Азат» ЖСДП-ның өкiлдерiне кездеспестен бұрын, мемлекеттiк органдардан көмек сұрап, қолқа салған. Мәселен, Қарасай ауданының әкiмшiлiгiнен. Өкiнiштiсi сол – бiздiң бүгiнгi билiк өз азаматтарының құқығын қорғап, көмек берудiң есесiне, күштiк құрылымдары арқылы жұдырық көрсетудi мақұл көредi», – дедi.
Ресей Федерациясның премьер-министрi В.Путиннiң табандылығы арқасында Мәскеу аса iрi көлемде салық төлеуден жалтарған, заңсыз жолдармен тауар сатқан Черкизов тобынан тазарған-ды. Ол ендi Алматыдан орын тепсе не болмақ? Сайланған шенеунiктер мен ел қауiпсiздiгiне жауапты адамдар шынымен-ақ солардың шылауында кеткенi ме? Ертең қаптап келетiн қытайлар мен вьетнамдықтардың, көршi елдiң сапасы төмен тауарларының тасқыны астында қалу қаупiнен кiм құтқарады?
Билiкке сенiм жоқ. Сондықтан халықтың өзi жұмыла қарсы тұруы керек шығар. Сатушы да, тұтынушы да базарын – күнкөрiсi, жұмыс орнын қорғау үшiн. Елiнiң тәуелсiздiгiн сақтау үшiн.
Дилара ИСА




