31 желтоқсан 2009
Бiздiң билiктiң сиыр жылындағы сиқы
ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ДАҚПЫРТТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ IСТЕРI
Қоғам үшiн биылғы жыл жылатып отырып күлдiретiн, күлдiрiп отырып жылататын жыл болды. Президент Н.Назарбаевтың жеке билеп-төстеу тәсiлдерi бұрынғыдан да әккiлене һәм әйгiлене түстi. Баяғы Кеңес өкiметiн басқарған бас хатшылар сияқты «кемелденген» шағы ғой бұл. Мұны өзi де жылдың төрт мезгiлiнде дәлелдеп жүр. Жалпы, биыл Нұрсұлтан Әбiшұлының «iшкi-сыртқы» саясаты баяғы ырғағынан жаңылған жоқ. Тек «қойға қасқыр шаптылап» елдi дүрлiктiрiп, артынан қожайынының алдында жиi-жиi ұятты болып жүрген кейбiр «қойшылардың» қолапайсыз әрекеттерi болмаса...
Сарапшылардың зерттеуi бойынша, өткен жылы посткеңестiк елдердiң iшiнде сыбайлас жемқорлық жөнiнен алдына жан салмайтын ел ретiнде Украина танылып едi. Ал биыл Қазақстанның жанында Украинаңыз әдiрем қалды. Байқасақ, бiздiң елде сыбайлас жемқорлықты жұрт қылмыс деп санамайтын болыпты. Қазақстанның саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қауымдастығының төрайымы Бақытжамал Бектұрғанова осылай дейдi. Онысы рас та. Дәл қазiр жұртты «билiк ауысыпты» немесе «премьер-министр iстi болыпты» деген сенсация болмаса, басқасы селт еткiзе қоймас, сiрә. Бұған жұрттың етiн үйреткен билiктiң өзi.
2008 жылы 1 сәуiрде Жақсыбек Құлекеев тұтқындалғанда жұрт сенер-сенбесiн бiлмедi. «Күлкi күнiндегi билiктiң қалжыңы шығар» дестi. Шынында да солай екен. «Құлекеев 100 мың доллар пара алды» деп «қалжыңдапты» билiк. Мұнысы сотта белгiлi болды. Таққан айыбын дәлелдей алмай терлеп-тепшiген қаржы полициясының мундирiн сыйлады ма, әйтеуiр сот әрненi жамап-жасқап, Құлекеевтi 3 жылға бас бостандығынан айыра салды.
Әдетте қатардағы полицейлер күдiктiнiң қылмысын дәлелдеу үшiн кез келген себеппен оны тұтқындайды. Қалтасынан есiрткi «тауып алады» немесе қойнынан шолақ мылтықты «суырып» шығады. Изоляторға бiр жеткiзiп алған соң күдiктiнi мүлдем басқа қылмысы бойынша тергейдi. Бұл — бiздiң полицейлердiң Кеңестiк мектептен алған қарадүрсiн сабағы. Қазiр қаржы полициясы мен ҰҚК осы тәсiлдi ашықтан-ашық қолдана бастады ма деген күдiгiмiз бар. Оған дәлел жеткiлiктi. Дәлелдiң бастапқысы — жоғарыда сөз еткен Құлекеевтiң iсi.
ҰҚК «Қазатомөнеркәсiптiң» басшысы Мұхтар Жәкiшевтi тұтқындап, айды аспанға бiр-ақ шығарды. «Жәкiшев уран кенiштерiн шетелге сатып жiбердi» деп. Iс сотқа тақағанда тағылған айып мүлдем басқа болып шықты. Жеме-жемге келгенде «пара алды», «Венада ұлттық компанияның кеңсесiн ашты, қызметкерлерге жалақыны заңсыз төледi» деген солқылдақ айып тағылды. Сонда билiктегiлердiң «Жәкiшевтiң кесiрiнен уранымыздың 60 пайызынан айырылып қалдық» деп аттандағаны қайда? Уран кенiштерiнiң сатылып кеткенi рас болса, оны сатқан кiм сонда?
21 желтоқсанда Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Су ресурстары комитетiнiң басшысы Анатолий Рябцевтiң қылмыстық iсiне байланысты үкiм оқылды. Сот оны «қызмет өкiлеттiгiн асыра пайдаланды», «жалған қызметтiк құжаттар жасады» деп айыптап, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Әу баста оған тағылған айып қандай едi? Тiптi айтудың өзi қорқынышты. Оны «ҰҚК қызметкерiн сатып алу үшiн аса iрi көлемде пара бермек болды», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшiлiк жасады» деп айыптағанда «әп бәлем, шортан қармаққа iлiндi!» дескен көпшiлiк. Бекер екен мұнысы. «Шортан» дегендерi тағы да жай «шабақ» болып шықты.
Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрлан Ысқақовты тұтқындаған да — сол баяғы атынан ат үркетiн қаржы полициясы. Қаржы полициясының қызметкерлерi бұрынғы министрдiң қолына кiсен салғаннан кейiн-ақ iле-шала «Ысқақов бюджет қаржысын талан-таражға салды», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды», «қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджеттiң 1,1 миллиард теңгесiн жымқырды» деп жарты әлемге жар салған. Iс сотқа барғанда қаржы полициясы тағы да жерге қарады. Сот Н.Ысқақовты ҚР Қылмыстық кодексiнiң 307-бабы, 4-тармағымен (қызмет өкiлеттiгiн терiс пайдалану) 4 жылға «амалсыздан» соттады. Қанша дегенмен оны тұтқындап әкелген анау-мынау емес, қаржы полициясының өзi ғой...
Қазақ кәсiпкерлерiнiң iшiндегi «сақасы» — Марғұлан Сейсембаевтың үстiнен қылмыстық iс қозғалғанда әншейiнде ұлардай шулайтын қалталылар үнсiз қалды. «Өгiзге туған күн бұзауға да туады» дедi ме, кiм бiлсiн...
Қаржы полициясы М.Сейсембаевтың өзiн ғана емес, тұқым-тұқиянымен бiрге итпен iздеп таба алмай жүр әлi. Естуiмiзше, Сейсембаев «сыбайластарымен» бiрге «Альянс банктiң» 112 миллион долларын жымқырып кетiптi-мыс. Мысқылдап отырғанымыздың себебi бар. Ауыр айыпты тағуын тақты, ендi сонысын тағы дәлелдей алмай қала ма деген жанашырлық қой бiздiкi.
Бұрынғы бастығы М.Сейсембаев сияқты емес, Жомарт Ертаевтың жолы ауыр екен. Жеке ұшағы болмады ма, әлде дер кезiнде қамдай алмады ма, әйтеуiр қолға түсiп қалды. Қаржы полициясы оны «1,1 миллиард долларды қолды еттi» деп айыптады. Ертаевтың қылмыстық iсiн Бас прокуратураның арнайы прокурорына бағынатын жедел-тергеу тобы тексерiп жатыр. Мұны тамыз айының аяғында қаржы полициясының арнайы өкiлi М.Жұманбай мәлiмдеген. Қожамжаровтың қоластындағыларының бұл әрекетiн қалай түсiнсеңiз де, өз еркiңiзде.
Қорғаныс министрiнiң орынбасары Қажымұрат Мейiрмановтың тұтқындалуы талайлардың тiрсегiн дiрiлдеттi. ҰҚК оған ауыр айып тақты. Оның үстiне қатардағы шенеунiк емес, әскери адам ғой. ҰҚК-нiң айтуынша, Мейiрманов Қылмыстық кодекстiң 380-бабының 2-тармағына сәйкес (билiктi терiс пайдалану, билiктiң асыра қолданылуы немесе әрекетсiздiгi салдарының ауыр зардаптарға әкеп соғуы) қылмыс жасапты. Ел iшiндегi қылмыс болса бiр сәрi, Мейiрмановтың iсi шетелдi де шулатты. Израильден сатып алған «суперқарулар» торғай атуға да жарамайтын болып шықты. Қорғаныс министрi Даниал Ахметов қызметiнен кеттi. Бiрақ, бұдан мұрты қисайған Даниалды көрмедiк.
ҰҚК Мейiрмановтың қылмыстық iсiн тергеудi бiтiрiп, жақын арада сотқа жiберетiнiн мәлiмдеген. Одан берi де екi айдан асты. Әлi хабар жоқ. Ал соттың не шешетiнiн уақытында көремiз.
Көктемнiң алғашқы күндерi баяғы саяси қуғын Мұхтар Әблязовтiң төңiрегiнде тағы да дау бұрқ еттi. «ТұранӘлем банктiң» жаңа басшылығының мәлiметi бойынша Бас прокуратура М.Әблязовтiң үстiнен Қылмыстық кодекстiң 176-бабының 3-тармағы бойынша (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ұйымдасқан топ болып iрi мөлшерде иеленiп алу немесе ысырап ету) қылмыстық iс қозғады. Кейбiр деректер бойынша, Әблязов миллиондап емес, миллиардтап қылғытқан көрiнедi. Алайда, бiздiң «iз кесушiлер» бұл жолы да қылышын «құмалаққа» шабуға мәжбүр болды. Бас прокуратура қылмыстық iс қозғап, алашапқын болып жатқанда М.Әблязов жеке ұшағында миығынан күлiп отырған болатын...
«Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы Рамазан Есiркеповтiң iстi болуы — «таз ашуын тырнадан аладының» керi. Өз құпиясына ие бола алмаған ҰҚК журналистi жазықты еттi. Қатардағы шенеунiк сотталса, халықаралық қауымдастық онша мән бермеуi мүмкiн. Ал журналистiң iсi қашанда назарда. Бұл жолы да солай болды. Бiрақ, бiздiң тоңмойын ҰҚК илiкпедi. Журналистi 3 жылға соттатып тынды ақыры.
Жаздың жаймашуақ күндерiнiң бiрiнде белгiлi құқыққорғаушы Евгений Жовтис абайсызда адам қағып өлтiрiп, iстi болды. Сонысы үшiн 4 жылға сотталып кете барды. Бұрын-соңды абайсызда болған оқиға үшiн адам соттап көрмеген сот Жовтиске келгенде бұлт ете түстi.
Соңғы екеуi қылмыстық iстен гөрi саяси iске жақындау. Өйткенi, екеуi де қоғамдық-саяси оқиғаларға ашық араласып жүрген азаматтар. Бiрi — газетi арқылы жұртқа шындықты жеткiзсе, екiншiсi — халықаралық мiнберлерде билiктiң бетiн аймандай етiп жүрдi.
Биылғы жылғы дақпыртты қылмыстық iстердiң iшiндегi ең атышулысы — Алматы қалалық қаржы полициясы төрағасының орынбасары Айдын Жантелеевтiң iсi. Атышулы дейтiнiмiз, осыдан кейiн ҰҚК төрағасы А.Шабдарбаев қызметiнен босады.
Әлдекiмдер депутаттың көрпесiнiң астына үңiлдi. Мұның бәрi билiктегi ат төбелiндей топтың арасындағы талас-тартыстың «жемiсi» екенiн жұрт бiлiп отыр.
Мiне, Сиыр жылы бiздiң билiктiң сиқы осындай болды. Зеңгi баба билiктiң маңдайынан сипамады. Керiсiнше, өлермен етiп мүйiздетiп тастады. Барыс жылында билiктен барысқа тән тектiлiк күту бекер сияқты. Мына тiрлiгiмен алдағы жылы тышқаншылап кетпесiне үмiт аз.
Е.Биеке.





Уәж айту