1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (15434) 6 қазан, сейсенбі 2009
6 қазан 2009
Жексембиннiң де «Джипi» сатыла ма?

Құдай бiледi, дәл қазiр елiмiздiң шенеунiктерi «Өттi дәурен осылай...» деп iштей күрсiнiп жүрген шығар, сiрә... Қызметтiк көлiктiң қызығына батып, бiрiнен-бiрi асып, қымбат шетел­дiк көлiк мiнген күндер бiздiң мемле­кеттiк қызметкерлердiң көзiнен ендi бұл-бұл ұшқандай... Күнi кеше ғана министрлерiне қызметтiк көлiктiң орнына велосипед мiнудi тапсырған Тә­жiкстан президентiнiң жарлығына сырт­тай жырқ-жырқ күлiп жүрушi едiк, ендi сол кептi өзiмiз киген сықылдымыз.

Қыркүйек айынан бастап Қазақстанның қызметтiк көлiктерiне «қырғын» тидi. Бұдан былайғы жерде аймақтарда қызметтiк көлiктi тек облыс әкiмi, оның орынбасарлары, сондай-ақ аудан, қала әкiмдерi, басқарма-департамент бастықтары ғана мiнетiн болды да, әкiмшiлiк, басқарма iшiндегi бөлiм бастықтары, басқа да қолында билiгi бар кiшiгiрiм дөкейлер, департамент-басқарма басшыларының орынбасарлары қызметтiк көлiктерiнiң кiлтiн тапсыруға мәжбүр болды. Биылғы жылдың 7 тамызында жарық көрген үкiметтiң қаулысы әлемдiк қаржы дағдарысынан аман-есен шығып, дамуға қарай бет алу үшiн осындай қадамға барып отыр. «Бiреу тоңып секiредi, бiреу тойып секiредi» деген, қаржы дағдарысы жағаға ендi қолды салып жатқан кезде жамбылдық шенеунiктердiң шетелдiк қымбат көлiктер сатып алғанын «Жас Алаш» газетiнде кеңiнен жазғанбыз. Алғаш рет шенеунiктердi қымбат көлiктерден бас тартуға премьер-министр Кәрiм Мәсiмов шақырған едi. «Қаптаған «Мерседес» пен «Камрилердiң» орнына отандық «Шкода-Октавияға» ауысыңдар» деген едi ол. Үкiмет басшысын қолдаудың орнына облысымыздың шенеунiктерi Мәсiмовтi мазақ еткендей қадамға барды. «Кризистiң» бастапқы белгiлерi байқала бастаған тұста облыстық әкiмдiк әрқайсысы 67 мың АҚШ доллары тұратын жетi бiрдей «Лексус S 350» көлiгiн сатып алды.
Ал, ендi осы үнемдеуден кiм ұтты, кiм ұтылды? Байқап отырсыздар, «Лексус», «Тойота-Камри», «Мерседес», «Джип» мiнгендердiң бәрi бiрiншi бастықтар. Яғни, олардың ешқайсысы қызметтiк көлiгiн мемлекетке қайтып тапсырмайды деген сөз. Олар уайымдайтын ештеңе жоқ. Сосын Үкiметтiң қаулысы бойынша бiр мекемеде бiр-ақ қызметтiк көлiк қалуы керек. Ол осы мекемеде кезекшi көлiктiң мiндетiн атқарып, ұжым ортақ пайдалануы тиiс. Ал әл-әзiрге Жамбылда жаяу жүрген бастықты көргенiмiз жоқ. Яғни, мекемедегi жалғыз көлiктi бастықтың мiнiп алып түспейтiнi, мың жерден жұмысы бiтпей жатса да, қызметкердiң бастығына «жұмыс ортақ, көлiк ортақ» дей алмайтыны бесенеден белгiлi. Сондай-ақ бөлiм бастықтарының да жағдайлары сорлап тұрған жоқ екен. Қызметтiк көлiктермен қош айтысқан күннiң ертеңiнде әкiмшiлiктiң алды жекеменшiк қымбат көлiктерге толып кеттi. Өзi рөлге отырды дегенi болмаса бұлар да қаражаяу қалған жоқ. Екi ортада осыншама қызметтiк көлiктердiң шопырлары сорлап қалды. Әсiресе, араларында зейнеткерлiк жасқа небәрi 1-1,5 жыл ғана қалған, өмiр бойы осы әкiмшiлiктiң отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген тәжiрибелi, егде шопырларға обал болды. Бiр күнде жұмысынан босап қалған олар ендi басқа жерден жұмыс таба ала ма, жоқ па? Әрине, қанша астында көлiгi бар десек те, бұл жағдай бөлiм бастықтары мен басқарма бастықтарының орынбасарларына да оңай тимегенi анық. Ауданға, ауылға ең көп шапқылап, жұмысты үйлестiретiн, ұйымдастыратын билiктiң «шауып кел-барып кел» буыны осылар ғой. Ендi амал жоқ, қазiр олар кабинетке байланып, бар тiрлiктi телефон арқылы шешуге кiрiсiп те кетiптi.
Жамбыл облыстық қаржы басқармасының бастығы Нұржан Календеровтың айтуына қарағанда, облыстағы департамент-басқармалардан 30-ға жуық көлiк алыныпты. Алайда, бұл үнем аудандық, қалалық әкiмшiлiктерге әлi жете қоймапты. Аудандардан әзiрге тек әкiм аппаратының жетекшiсi мен мәслихаттың тексеру комиссиясы төрағасының ғана көлiктерi алынған. Сондықтан алдағы уақытта гаражға қамалатын көлiктердiң санын дөп басып айту қиын. Бұл жағы әзiрге есептелiп жатқан көрiнедi.
Қазiр «бұл көлiктердi аукцион арқылы сату керек пе, жоқ әлде көлiгi жоқ ауыл әкiмдерiне, басқа да лимиттiк рұқсаты бар мемлекеттiк қызметкерлерге беру керек пе?» деген сұрақты әкiмшiлiк қызметкерлерi талқылап жатқан көрiнедi. Мейлi ғой, мұз секiлдi күннен-күнге құрсауы қысып келе жатқан қаржы дағдарысынан шығу үшiн қолдағы бар мүмкiндiктi сарқа пайдаланып, үнем жасаған дұрыс. Бiрақ, кезiнде Хрущевтiң «жылқы малының шығыны көп» деп қылқұйрықтың бәрiн етке айдап жiбергенi, Горбачевтiң «арақ-шарапты азайтамын» деп бүкiл жүзiмдiктi отап тастағаны секiлдi бұл тiрлiкте де асыра сiлтеушiлiкке жол берiлмесе болғаны... Бүгiн қызметтiк көлiктердi болмайтын қаржыға сатып, ертеңгi күнi бiрнеше есе қымбатқа қайта сатып алып жүрмеймiз бе? Сосын сатылуға қандай көлiктер шығарылады? Егер шынында көлiктер сатылатын болса, қолдан-қолға өтiп, «денсаулығы» сыр берген бес бөлiм бастығының қызметтiк көлiгiн сатқаннан гөрi облыс әкiмiнiң бiр орынбасарының астындағы көлiктi саудалаған әлдеқайда тиiмдi болатыны бесенеден белгiлi. Дағдарыстың қиындығы бәрiне ортақ, оны тек бiрiгiп жеңуiмiз керек. «Халық қаласа хан астындағы түйесiн сояды» деген, халықтың тағдыры, елдiң жағдайы таразыға түсiп тұрған шақта қазынаны толтыру үшiн Жамбылдың жарты патшасы Бөрiбай Жексембин астындағы екi көлiгiнiң бiреуiн түсiп бере ала ма? Әлде қызметтiк көлiгiн бергендi қызметiн бергенмен бiрдей көре ме? «Джипiн» берсе де, «Мерседесiн» берсе де, Жексембин мырзалық танытса, басқалар да қымбат қызметтiк көлiктерiнiң кiлтiн ортаға атып ұратыны айдан анық қой. Әлде бұл дағдарыстың әкiмдерге қатысы жоқ па?
Оралхан ДӘУIТ,
Жамбыл облысы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті