4 ақпан 2010
Тоғыз отбасы баспанасыз қалды

«Жас Алаш» редакциясының қоржынына Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында тұратын тоғыз отбасынан хат түстi. Қысқа қайырғанда хатта былай делiнген: “Зайсан қаласы, Шаймардан көшесi 59-үйдiң қазығы қағылғанына 60-70 жыл толды. Қабырғасы қамыстан соғылған, төбесi жұқа тақтаймен шегеленген. Бұрын аурухана, артынан жатақхана болған. Онда тоғыз отбасы тұратын едiк. Көбiнiң балалары кәмелет жасқа толмаған. Жалғызбасты, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, бiр сөзбен айтқанда күнкөрiсi қиын отбасылар күнелтетiн-дi. Бiрақ, 18 қаңтар күнi таңғы сағат бестер шамасында басымызға қара бұлт төндi. Қар үздiсiз жауып, баспанамыздың шатыры құлап, қабырғасы жарылды. Қатты аязда далада қалдық.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлiмiне, әкiмшiлiке және iшкi iстер бөлiмiне бiрдей хабарластық. Алайда, мән-жайды бiлу үшiн тек iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi келiп, көрiп, болған жайды жазып-сызып кеттi. Ал әкiмшiлiк пен төтенше жағдайлар бөлiмi үн түнсiз қалды.
Сонда да кешке жақын аудан әкiмшiлiгiне барып, жағдайымызды айтпақ болдық. Аудан әкiмi Әнуарбек Мұхтарханов қабылдамады. Одан соң Зайсан қаласы әкiмiнiң мiндетiн атқарушы Бақыт Көшербаевтың есiгiн қақтық. Одан да қайыр болмады. Керiсiнше, бар айыпты өзiмiзден iздедi. “Шатырдағы қарды күремегенсiңдер. Салынып жатқан 60 пәтерлi үйден дәмелерiң бар”, – деп қуып шықты. Не керек, соңында жергiлiктi әкiмшiлiк “20 мың теңгеден көмек берiледi. Одан артығын күтпеңдер” деп шығарып салды. Ендi сiздерден көмек күтемiз”.
Сонымен, қатты аязда бас-аяғы 45 адамы бар тоғыз отбасы далада қалды. Оған да екi апта толды. Ақ қар, көк мұзда олар қай жердi паналап жүр? Осы уақытқа дейiн жергiлiктi әкiмшiлiк қандай көмек бере алды? Мән-жайды толық бiлу үшiн баспанасыз қалған тұрғындармен және Зайсан ауданының әкiмi Әнуарбек Мұхтархановпен хабарласуды құп көрдiк.
– Дәл қазiр тоғыз отбасының төртеуi шатыры жоқ үйде тұрып жатыр. Қалғандары – пәтерде. Ауру әйелiм және алты баламен бiз де пәтер жалдап тұрмыз, – деп сөз бастады Едiге Себетбаев. – Аудан, қала әкiмiнен қайыр болмағандықтан, облыс әкiмiне де хат жаздық. “Жиналыс өткiзедi” дедi. Бiрақ, облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев бұл жиналысқа келмедi. Орынбасарын жiберiптi. Оған арызымызды бергенiмiздi қайтейiк, аудан әкiмiнiң қолына қайта түстi. Әкiмшiлiк уәде еткен 20 мың теңге көмегiн де әлi күнге ала алмадық. Аудан әкiмiнен, мiне, екi апта өттi бiрде-бiр хабар жоқ. Ал осы тоғыз отбасының екеуi зейнетақыны, қалған жетеуi жәрдемақыны талшық етiп отырған едi. Ендi күндерiн қалай көредi? – дедi ол.
Төрт баласымен ойда-жоқта далада қалған жалғызбасты ана Майра Байырқанова: “Қыстың ортасында жұмыссыз жүргенiм аздай, баспанасыз қалдым. Лашық болса да пана едi. Ендi мiне, ол да жоқ. Әкiмдер “бұл төтенше жағдайға жатпайды. Шатырдағы қарды күремегенсiңдер. Тума-туыстарыңа барып тұрыңдар” дейдi. Тозып тұрған шатырға шығып, күнде қалай тазалаймыз? Осында шешем тұрады. Екi келiнiмен. Өздерi тар үйде тығылып отыр. Төрт баламмен онда қалай барамын? Қыс мезгiлiнде үй-жайымыз осылай қирап қалатынын кiм бiлген? Әдейi жасаған жоқпыз ғой мұны. Жалпы, қарапайым халықтың басына осындай қиын күн туса билiктiң болысады дегенi бекер екен”, – дедi наразы үнмен.
Ал Зайсан ауданының әкiмi Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылған. Мән-жайды тексерiп, таразылаған. Комиссия “шатырдағы қарды дер кезiнде күремеген” дегендi айтқан. “Тоғыз отбасының үйiн жөндеуге немесе басқа баспана беруге жағдай көтермейдi. Биыл 60 пәтерлi үй салып жатырмыз. Тоғыз отбасының бәрi сол үйден алғысы келедi. Бiз бере алмаймыз. Өйткенi, жылдар бойы кезекте тұрған тұрғындар бар. Бiрақ, бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiне сәйкес кәсiпкерлердi осы мәселенi шешуге шақырдық. Көндi. Шатырды жөндеймiз. Күн жылынғанын күтiп отырмыз. Ал 20 мың теңге көмектi айдың ортасында беретiн шығармыз”, – деп сендiрдi аудан әкiмi.
Әйткенмен, дәл қазiр тоғыз отбасының жайы мәз емес. Барар жерi, басар тауы болмағандықтан төрт отбасы сол апатты жағдайда тұрған баспанаға қайта оралған. Алты баласы бар Ақшановтар отбасы әупiрiмдеп жүрiп пәтерақысы арзан лашық тауыпты. Не керек, тұрғындар өлместiң күнiн кешiп жүр. Ал аудан әкiмшiлiгi басы бүтiн баспана былай тұрсын, бiрiншi көмектi әлi күнге көрсетпей отыр.
Дилара ИСА




