Сегізінші өркениеттің небір алқалы жиындарының басты тақырыбына айналып отырған осы мәселелердің өміршең актуалдылығы күнделікті дерлік алдан шығып отырады. Орман шегініп, оның орнына елді мекендер ну жынысты жайпап келеді.

Бұрын аязды қыста ашыққан еліктің ауыл шетіндегі бір мая шөптің түбіне түнеп кететіні болушы еді. Қазір сол ерке елікті меңіреу жыныс ортасынан да сирек кездестіресің. Рас, Бурабай ормандарында асфальт жол жиегінде қорықпай, алаңсыз күйіс қайырып тұрған бұлан мен бұғыны көруге болады. Бірақ олар – қолға үйретілген, адам қолынан азықтандырылатын жануарлар. Кәдімгі үйдің малы сияқты.
Соған қарамастан, Бурабайға жиі келетін туристер қолтума бұғы мен бұланның қасында суретке түсіп жатады. Басқаша айтқанда, орман еркесі өңірге туристер тартудың бір тетігіне айналып отыр деген сөз.
Болашақта орман тағысын айтпағанда, қолға үйретілген бұлан мен еліктен, бұғыдан да айырылып қалмаймыз ба деген күдік те бар көкейде.

***
Қар қалың, аяз күшті болса, ормандағы аң-құстың да жүдейтіні, ашығатыны белгілі. Орман арасында өскен біз оны өз көзімізбен көрдік. Қары қалың, аязы қатты қыста ормандағы ашыққан жабайы елік ауыл шетіндегі бір мая шөптің түбіне түнеп, шөбін жеп, қиын тастап кететін. Тағы елікті орманды ауылдың ит екеш иті де жатсынбайтын тәрізді ме-ау… Кәдімгі көз үйренген ешкіні көргендей үрмей, абаламай, «е, өзіміз екен ғой…» деп тып-тыныш жата беретін.
Ит демекші, Бейімбетте «Көрші Құрымбайдың иті орыс көргендегі даусымен үрді…» деген образды сөйлем бар. Бөлек ұлттық өре мен болмысты ит екеш ит те біледі екен-ау деп таңғалар бір тұсың болса, ол да – осы!
Жә, ұлт тақырыбына бармай-ақ, әңгіме өзегін «ауыл мен село» деп жұмсарта, жатқыза қисындап көрелік. Басқаша айтқанда, ақиқат мынау: ауыл – аңқау, село – сұңғыла. Ауылда мылтық болмайды, ал селоның әр үйінде екі-екіден отқару бар. Село тұрғыны қолы қалт етсе аң аулауға шығады.
Сол кезде біз туған өңірге өлкеде әлдеқашан жойылып кеткен жабайы қабан аудандастырылды. Әлдебір қиырдан әкелінген санаулы қабан, аты шошқа емес пе, санаулы жылдың ішінде өсіп-өніп, Түкті таудың түкпір-түкпірін толтырды.
Түкті таудың бергі жағы – ауыл, арғы жағы – село. Яғни таудың бір жағында қазақ, екінші жағында орыстар тұрады. Басында қабанды онша түсіне қоймаған қазақ біртіндеп оның тегінің мұсылман үшін харам шошқа екенін білді, түсінді. Әлбетте, мұсылман қазақ шошқа жемейді. Сондықтан Түктінің өсіп-өнген қабанына қазақтан қатер жоқ.
Ал Түктінің село жағы, нақтырақ айтқанда орыстар жағы – қабан үшін Әзірейілдің мекені. Қас қарая Түктінің село жақ қапталы дүңк-дүңк мылтық атып жатады. Осылайша жаппай қабан қырғыны басталған. Орыс селосы қабанқуырдақтың астында қалды.
Қыра берсе қабанға да ақыл кіреді екен. Ақыры аудандастырылған қабан Түктінің село жағынан жаппай ауып қазақ жағына келді. Қазақтар оны атпаса да, харам санап, ит қосып қуалайды. Село жақ – ажал, қазақ жақ – қуғын. Қабанның да күні күн болмай қалған.
Ақыры Түктінің орыстар жағында жалғыз тал қабан қалмай, таудың барша жабайы шошқасы қазақ ауылының түбіне келіп тығылған. Тіпті Түктінің меңіреу жынысында қабан байғұс орыс көрсе тұра қашып, қазақ көрсе «е, мынау қазақ екен ғой!..» деп маңқиып тұра беретіндей дәрежеге жеткен.
Қазір жаппай қырғыннан қалған қабанның қарасы азайды. Біздің бала кезімізде Түктідегі орман ішінде саңырау құр да көп болатын. Меңіреу орманның ішінде жападан жалғыз қиялға беріліп келе жатқаныңда дәл табаныңның астынан 30-40-ы дүр етіп көтерілгенде зәрең зәр түбіне кетуші еді.
Қазір сол құр да азайыпты. Бұрынғыдай 30-40 болып топтанып жүргенін көрмейсің. Орман арасынан бірлі-жарымы ғана кездеседі. Оны да құртқан – сол село жақ.
«Шіркін, құр дегенің құт екен-ау!..» деп бүгінде бармағымызды шайнап өкінген жайымыз бар, ағайын.

***
Қазір Түкті таудың село жағынан бірде-бір қабан, бірде-бір елік, бірде-бір бұлан, құр көре алмайсың. Әлі күнге дейін бәрі де аң мен құсқа залалы жоқ, мылтықсыз қазақ ауылы жағында.
Планетаны мекендеген он сегіз мың ғаламның қаншасының жойылып кеткені туралы деректер де бар. Мәселен, мылтықты ағылшындар Жаңа Зеландияны отарлап алғанда аралда дрон деген құс мекендепті. Еті кәдімгі тауықтың еті сияқты, салмағы 1,5 центнерге дейін тартатын дрон өте аңқау, жүгіре алмайтын, ұша алмайтын момын құс екен.
Мылтықты ағылшындар осы дронды айналасы 20-30 жылдың ішінде құртып тыныпты.
Бұл да тарихта болған оқиға.
Табиғатқа тиіп отырған адами әсердің бір мысалы да осы. Оның үстіне урбанизация дамып, бұла табиғатқа тиер технологиялық зиян да молайып отыр.

***
Бала кездің тағы да бір әдемі суреті есте қалыпты. Қыстың боранды күні ауыл көшесімен елік ағып өтетін. Ондай жылдамдықты біз әлі күнге дейін көрген жоқпыз. Қас пен көздің арасында ауылдың бір шетінен келген сүйріктей елік зу етіп келесі шетінен бір-ақ шығады.
Ауылдың сабауқұйрықтары абалап үргенімен, елікке ешкім мылтық кезенбейтін. Себебі үсті-басы малмандай тер еліктің өзін қуған қасқырдан қашып ауылға енгенін біз жақсы білетінбіз. Жаны қысылғаны ғой байғұстың. Ал еліктің өкпесін өшіріп, әбден болдыртып алып жеуге дағдыланған қос қасқыр елік сияқты емес, ауылға кіре алмайды. Себебі ауыл қазағының елікке деген көзқарасы – бір басқа, қасқырға деген көзқарас – бір басқа.
Ол да жергілікті халықтың табиғатқа, экологияға, аң мен құсқа байланысты этникалық көзқарасының бір сипаты екен-ау. Соны қазір түсінгендейміз.

***
Өткен 2016 жылдың қысы қатты болды. Ормандағы аң қатты ашыққан. Сол кезде қазақстандық телеарналардың бірі берген хабар есімізде қалыпты. Солтүстік Қазақстан облысындағы бір қорықтың егері ормандағы ашыққан елік пен қабанға ат-арбамен шөп шашып жүрген. Сол егерьдің айтуынша, 2016 жылдың қаңтар-ақпанында ғана Ресейдің көрші Қорған облысынан 180-дей елік пен бұлан біздің жаққа ауып келіпті.
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар…» демекші, ол жақтағы жағдайдың да табиғат перзенттеріне аса жайлы болмағаны-ау деп бір түйдік.

***
Тақырыпқа орай қисындасақ, бүгінгі таңда экология мен баламалы қуат көздерін пайдаланудың жаһандық деңгейдегі актуалды тақырыпқа айналған жайы бар. Күні кешегі Астанадағы ЭКСПО-ның да басты тақырыбы сол болды. Айтты-айтпады, табиғатты әбден бүлдіріп, флора мен фаунаны жүдетіп алып, адамзаттың есін енді ғана жиғаны айқын байқалып отыр.
ХХ ғасырдың соңында экологияға байланысты әлемдік деңгейдегі КИОТО хаттамасы жасалынды. Ондағы мақсат жаһандық жаппай жылынудың алдын алу үшін ауаға тарайтын парникті газдарды азайту болатын. АҚШ бастамашы болған бағдарламаға Қазақстан да 192 мемлекетпен қатар қол қойды.
Дегенмен ұлы державалық амбиция осы тұстан да көрініс берген. АҚШ КИОТО-ның құрылуына бастамашы болып алып, ізінше одан шығып кетті. Яғни басқалар сияқты емес, АҚШ-тағы технологиялық кінәраттар әлемдік қауымдастық тарапынан бақыланбайтын болды.
Экологиялық мүддеге сәйкестендірілген баламалы қуат көздеріне келсек, жаһандық экологияның бір мұңы – отынға көмір тұтыну болып отырғаны және рас. Ұлы державалық амбиция осы көмір проблемасына байланысты да алдан шыққан. Атап айтқанда, әлемде екінші держава болып есептелетін 1,5 млрд-тық Қытай елі отынға, негізінен, көмір ғана жағады. Ал парникті газдардың негізгі қайнар көзі осы көмір болып табылады. «Мықтының арты диірмен тартады» дегеннің алдан тағы бір шыққан кезі осы болды. Әлемдік қауымдастық тарапынан мың сан ескерту жасалынса да, құдіретті Қытай оның экологиялық талаптары мен стандарттарын құлағына да ілмей отыр.
Дәл осы жерден экологияға байланысты ұлттық ұстаным деген формулировканың шығуы да заңды. Яғни бұл жердегі әңгіме экологияға қатысты жеке мемлекеттер мен ұлттардың этникалық ұстанымдарына, ой-өресіне байланысты.
Бұл факторды да жоққа шығаруға болмайды. Одан табиғатпен қоса, қазіргі таңда қаржылық табыстың басты көздерінің бірі болып отырған туризм саласы да зардап шекпек.
Айтты-айтпады, соңғы кезде Қазақстанда туризмді дамыту мәселесі жиі көтеріле бастады. Өйткені мұнай мен газға негізделген елдің макроэкономикалық саясатының түптің түбінде мәңгілік таусылмас қазына емес екені белгілі бола бастады.
Оның үстіне соңғы кезде туризмнің табыс көзі екені қазақстандық ақиқаттан да байқалды. Атап айтқанда, бір ғана Алакөл курортты аймағының 2017 жылғы берген салықтық түсімі 19 млн теңгені құрап отыр. Демек, туризмнен мол кіріс алуға болады деген сөз.
2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамыту мемлекеттік бағдарламасында туризмді дамыту мәселесі жан-жақты байыпталып, түсіндірілген. Онда «елдегі аса бай туристік-рекреациялық потенциалға қарамастан, туризмнің ішкі жалпы өнімге беретін үлесі 0,3 пайызға әзер жететіні» тайға таңба басқандай етіп анық жазылған.
Негізінен, елдегі туризм саласының өркендемеу себебі елде дамыған инженерлік-транспорт инфрақұрылымының жоқтығымен түсіндіріледі.
Туристік инфрақұрылымның дамуымен айналысатын Бүкіләлемдік экономикалық форумның деректеріне қарағанда, туризмге байланысты әкімшілік кедергілердің күрделілігі бойынша Қазақстан ең соңғы орындардың бірін алып отыр.

***
Туризм саласына қатысты тұста айтылатын «туристің портреті» деген анықтама бар. Онда белгілі бір аймақтың туристі не үшін қызықтыратыны көрсетіледі. Шынтуайтына келгенде, қазақ даласында да шетелдік туристерді қызықтыратын әдемі жерлер мен тарихи ескерткіштер баршылық.
Оған арнайы ат терлетіп келіп тұратындар да аз емес. Бірақ оның экономикалық-қаржылық қайтарымы анау айтқандай мол емес көрінеді.
Атап айтқанда, Германия мен Ұлыбританиядан шыққан туристер алдын ала брондау тәсілі арқылы қаржы үнемдеу мақсатымен әуелі Алматыны емес, Орталық Азияны таңдайды екен. Орталық Азияға жеткеннен кейін Алматыға автобуспен оп-оңай жете қалатын көрінеді.
Сондықтан қазақстандық туристік сала мамандары Алматыны Орталық Азиядағы туристерді бірден-бір тартатын қалаға айналдыру болып отыр.
Қысқасы, Алматымен қоса, елдің де табиғаты көркем өңірлерін, оның айрықша флорасы мен фаунасын экологиялық туризмнің тетігіне, қаржы көзіне айналдыру күн тәртібіне шығып отыр. Ал ол үшін не істеу керек?
Алдымен табиғатқа, оның аңы мен құсына ерекше қамқорлық керек дер едік. Оның актуалдылығын біз жоғарыда келтірген ақиқат мысалдар толық дәлелдей алады деп ойлаймыз.

Өмірзақ МҰҚАЙ