1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
«Ұлт көшбасшысы» заңы қабылданған күнi С.Дуванов пен А.Свиридов екеуi ғана наразылық шарасын өткiздi. Қазақ қоғамы неге бұларға қосылмады?
Футболдан әлем чемпионатын көруден қолы босамағандықтан (8%)
Саяси бойкүйездiктен (56.7%)
Назарбаев қажетсiз заңды өзi-ақ қайтарады деп сенгендiктен (19.3%)
Бұл жайттан хабары болмағандықтан (16%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №14 (15472) 18 ақпан, бейсенбі 2010
18 ақпан 2010
Бiр мәселеге үш пiкiр

«ЖАЛБАҚАЙ АҚСАҚАЛДАР» ДЕГЕНI КIМДЕР?

«Жас Алаш» газетiнiң №104 (15456) санында маңғыстаулық Аманқос Ұзақбаев деген азамат «Зобалаң немесе тас жүрек ұлдарының тепкiсiнде зар илеген қарапайым қазақ» атты мақала жариялаған екен. Ақиқатты ғана халыққа жеткiзуi тиiс басылымның дәлелсiз ақпарларға сүйенген автордың облыс басшысына таққан кiнәсiн, жаққан күйесiн жариялауы, қолымызға қалам алуға мәжбүрледi.
Мiне, биылдың өзiнде бүкiләлемдiк дағдарысқа қарамастан, облыс аймағы мен бiздiң Жаңаөзен қаласында ерекше үлкен өзгерiстер болып, әлеуметтiк және коммуналдық нысандардың құрылыстары басталып кеттi.
Дағдарыстың алғашқы жылы Қазақстан республикасы Үкiмет қаулысымен Жаңаөзен қаласына бөлiнген 39 миллиард теңге облыс әкiмi Қ.Көшербаевтың тiкелей араласуымен жүзеге асқанын мойындауымыз керек. Алдын-ала жоспарланған және жан-жақты талданып жасалған құжаттар бойынша тұрғындардың әлеуметтiк хал-ахуалын жақсартуға соншама қаржының қажеттiлiгi дәлелдендi. Бұл облыс әкiмiнiң парасаттылығы мен бiлiктiлiгiн, жұмысты талдаудағы ұғымдылығын, ел жағдайын толық зерттеп анықтағанын, жергiлiктi тұрғындарға деген жанашырлығын дәлелдейдi.
Бұл азамат Маңғыстауға 2006 жылы келген болатын. Содан бергi кезеңдердегi түбегiмiзде жүзеге асқан жаңалықтардың куәсi болып жүрмiз. Инвесторларды тарту арқылы жаңа зауыттар мен мекемелер ашылып, ұрпаққа үлгi боларлықтай шаралар өткiзiлуде. Мұндай жағдайды тек қана соқырлар мен көкiрегi таяз жандар ғана көрмеуi мүмкiн. Жалпы, жергiлiктi халық осы азаматтың елмен тығыз байланыста болып, ұлы өзгерiстерге басшылық жасап жүргенiне қолдау жасайды және еңбегiн жоғары бағалайды.
Экономикамыздың қарыштап дамып, тұрғындардың әлеуметтiк хал-жағдайларының жақсарғанын облыс жұртшылығы ғана емес, республика басшылығы да көрiп, бағалап отыр. Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында облыстың отызға тарта еңбеккерлерiнiң Үкiмет марапатына ие болуы, облыс әкiмiнiң «Барыс» орденiмен наградталуы – бүкiл маңғыстаулықтардың жемiстi еңбектерiне берiлген баға деп санаймыз.
Бас-аяғы екi-үш жылда облысымыздың барлық елдiмекендерi су, газ, байланыс, электр қуаты, телеарналармен қамтамасыз етiлдi. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Мұны облыс емес, бүкiл Қазақстан естiп-бiлдi. Дағдарыс­қа қарамастан, тек соңғы жылдың өзiнде қаламызда бiрнеше тұрғын үй пайдалануға берiлiп, екi iрi денсаулық сақтау нысаны, стадионы бар денешынықтыру кешенi, бiрнеше балабақша мен мектеп салынды.
Таяуда ғана қаламыздың жаңа келбетiн қалыптастыратын кешендi жоспарға 43 миллиард теңге бөлiнiп, жоспарға қосымша «Жұлдыз» және «Мерей» шағынаудандарынан сумен қамту екi нысаны, iшкi iстер органдарының жедел басқару орталығы, төрт денсаулық сақтау нысаны, Теңге мен Қызылсайдан мәдениет үйлерiнiң құрылыстары жоспарланды. Мұнайшыларды басқару орталығы Астанадан Ақтауға көшiрiлдi. Мұны да президент пен үкiмет алдында дәлелдеп, нәтижелi iс тындыра бiлген өз әкiмiмiз – Қ.Көшербаев.
Кендiрлi демалыс аймағында «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыруда жаңадан көшiп келушiлерге тұрғын үйлер салынады.
Бiздiң Жаңаөзен қаласы бойынша «Рахат», «Арай» ықшамаудандары мен Қызылсай, Теңге елдiмекендерiне толықтай газ бен су және тоқ желiлерi тартылды. Қала iшiндегi ескi тұрбалар ауыстырылып, тұрғындар қыс кезiнде жылумен және ыстық, суық сумен толықтай қамтамасыз етiлдi.
Осындай iстердi «көз көрмей», «халқының көңiл-күйi неге төмен, иiнi неге түсiңкi?» – деген сұрақ қояды Аманқос Ұзақбаев.­ Елiмiздiң ертеңгi болашағына үмiтсiздiкпен қарайды. Бұл мақала авторының өз пiкiрi болса керек. Өмiрге деген жеке көзқарасын халықтың атын жамылып, баспасөз арқылы жария етуге оның ешқандай құқы жоқ.
Облыс тұрғындары А.Ұзақбаевтың көптеген жергiлiктi азаматтардың басқару саласында лауазымдық қызметтер атқарып жүргенiне қарамастан, «басшы кадрлардың көбi сырттан әкелiнген», – дегенi, Әбiшке орынсыз жала жапқаны бiздi қатты ашындырды.
Облыс аймағында өткiзiлетiн мерекелiк шаралардың жастар үшiн тәрбиелiк маңызына қарамастан, «нан-тұзын айырып жүрген «шестерка» шалдарға ұнайтын болар», – деп көкидi. Сол ақсақалдар өмiрiнiң барлық кезеңдерiн елi мен жерiнiң гүлденуiне арнаған азаматтар екенiн ойламай, оларға орынсыз тiл тигiзгенi Аманқостың өзiнiң қандай тұлға екенiн аңғартады. Оның «жалбақай ақсақалдар» деп отырғаны – кешегi соғыс және тыл ардагерлерi, кезiнде шаруашылықты басқарған азаматтар, малшылар мен мұнайшылар, барлаушы-бұрғышылар, дәрiгерлер мен ұстаздар, ел басқарған азаматтар. Олар – «жалбақайлар» емес, өмiрдiң ащысы мен тұщысын бастан өткiзген еңбек ардагерлерi. Көпшiлiктiң атынан көлгiрсiп сөйлейтiн, «басқа бiреудiң қолымен от көсейтiн» жандардың ой-пiкiрiне қосылмайтынымызды айтып, елiмiзде болып жатқан игiлiктi iстердi толықтай мақұлдаймыз.
Жақсылық КӨҢIЛIМҚОСҰЛЫ,
Қызылсай ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы,
ҚР Журналистер одағының мүшесi.
Биғали қажы Тоқмырзаұлы,
Банк саласы қызметiнiң ардагерi,
Жаңаөзен қаласының тұрғыны.
 
 
«ӨГIЗДI ДЕ ӨЛТIРМЕЙ, АРБАНЫ ДА СЫНДЫРМАЙ» ЖҰМЫС IСТЕУ — ОҢАЙ ЕМЕС
Республикалық «Жас Алаш» газетiнiң 2009 жылдың 31 желтоқсанында жарияланған «Зобалаң немесе тас жүрек ұлдарының тепкiсiнде зар илеген қарапайым қазақ» (авторы – Аманқос Ұзақбаев) деген мақаланы оқығаннан кейiн, мен де өз пiкiрiмдi бiлдiргендi жөн көрдiм. Мақалада жазылған жайлар (кемшiлiктер) негiзiнен дұрыс және өмiрде бар нәрселер. Автор бұл жерде өзiнiң көптен iшiнде жүрген қыжылын сыртқа шығарған. Ол үшiн оны «же­тiстiктердi де неге жазбадың?» деп кiнәлауға да, жазғыруға да болмайды. Себебi жетiстiктердi жазатын газеттер бiздiң облыста (республиканы былай қой­ғанда) жетерлiк, атап айтсақ «Маңғыстау», «Огни Мангистау», «Үш қиян», «Мұнайлы», «Рауан», «Жаңаөзен», «Ақкетiк арайы», «Қарақия», «Жаңа өмiр» қандайы керек, толып жатыр. Бұл газеттерде жасалған ұсақ-түйек нәрселерге дейiн бiрнеше мәрте қайталап жазылып жатыр. Сондықтан кей­бiреулердiң «жетiстiктерiмiз бен нәтиже­лерiмiз жазылмай жатыр» деуi, тiптi, естiген құлаққа ұят. Ал керiсiнше, келеңсiздiктер мен кемшiлiктердi батыл жазатын газеттер саны облыс емес,тiптi республика бойынша некен-саяқ. Мысалы, менiң бiлетiнiм – облыстық деңгейде шығатын «Ар.kz», аймақтық деңгейдегi «Алтын ғасыр», республика шеңберiнде «Жас Алаш», «Қазақстан», «Общественная позиция» («Тасжарған»), «Республика» газеттерi. Бұл санаулы газеттердiң кейбiрi бiрде тоқтап, бiрде жабылып, ит ырғылжың ғұмыр кешуде. Сондықтан Аманқос бауырымыздың өзiнiң наразылығы мен уәждерiн тәуелсiз «Жас Алаш» газетiне берiп, жарыққа шығаруы бұл – заңдылық. Және А.Ұзақбаев облыстағы проблемалардың бәрiн емес, кей­бiреулерiн ғана қозғаған.
Мысалы, Жаңа жылға таяу Жаңаөзен қаласының әкiмi ауысты. Сол жиында сөйлеген сөзiнде облыс әкiмi Қ.Көшер­баев: «Жаңаөзенде қордаланып қалған проблемалар баршылық»,– дедi. Осы жерде мынадай сұрақ туады: «2004-05 жылдары Қазақстан экономикасы жоғары деңгейге көтерiлдi, «қарыштап дамып кеттiк» дедiк, сонда осы күнi бүгiнге дейiн сол Жаңаөзендегi проблемаларды қордаландырған кiм? Жаңа­өзеннiң он жылдан бергi әкiмi Ж.Бабаханов па, әлде облыс әкiмi болғанына 4 жыл болған Қ.Көшербаевтың өзi ме?
 Әрине, айтатын нәрсе көп, бiрақ мен мысал ретiнде бiр мәселеге ғана тоқталып отырмын.
Және менiң айтқым келiп отырғаны – келеңсiздiктер мен кемшiлiктердiң барлығын бiр әкiмге жаба беруге болмайтыны. Әкiм қанша жерден «аузымен құс тiстеген» адам болса да, ол қазiргi қалыптасқан билiк жүйесiнiң ықпалынан шығып кете алмайды. Атырау мен Маң­ғыстау майлы, сүбелi аймақ бол­ғандықтан оған жоғарыдан көзiнiң сұғын қадап отырған, түктi қолды алпауыттар баршылық. Ол алпауыттарда билiк, ақша, ықпал, бәрi де бар. Әкiм жергiлiктi жерге барынша жағдай жасаймын деп қалай тырысса да, әлгi алпауыттар оның жолына кесе көлденең тұрып, өз мүдделерiн тықпалап отырады. Егер олармен санаспасаң, онда қызме­тiң­мен қош айтысасың, тiптi одан да ары қарай кетiп қалуың мүмкiн. Бұған Қазақстанның қазiр әлем бойынша сыбайлас жемқорлық жөнiнен алдыңғы орындарда екенiн қоссақ, әкiмдерге де халық үшiн жұмыс iстеудiң қиын екенi айтпаса да түсiнiктi. Дегенмен, әкiм – саясаткер. Оған қандай жағдайда болмасын өз аймағының дамуы үшiн «өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай» жұмыс iстеуге тура келедi. Осындайда таразының халық жақ басы басып кетiп жатса – құба-құп, ал әлгi алпауыттар жағы басып кетiп жатса, онда ол әкiм бәрiбiр жақсы атақ алмайды.
Менiң ойымша, әдiлiн айту керек, Маңғыстау облысының осыған дейiнгi әкiмдерiнiң iшiнде салыстырмалы түрде алғанда Қырымбек Көшербаевтың шоқтығы биiк. Қазақилығы, қазақ тiлiнде сөйлеу шеберлiгi, облысты (ауыл-аймақты) аралап, халықпен кездесуi – оны басқа әкiмдерден ерекшелен­дiрiп тұрады. Осы орайда Қ.Көшербаевтың тындырып жатқан жұмыстарын да көре бiлуiмiз керек. Менiң атап айтатын бiр нәрсем, ол – жаңадан Мұнайлы ауданының құрылуы. 60-70 пайызын оралмандар құрайтын бұл аудан облыс әкiмiнiң бастамасымен 2007 жылы құрылды. Қазiр ауданда 70 мыңдай халық тұрады, қазiргi күнде шешiмiн таппаған мәселелер де жетерлiк, дегенмен сол жолда жұмыстар атқарылып жатыр.
 Барды-бар, жоқты-жоқ деуiмiз керек. Бұған әкiмдер уақытында назар аудармаса, көрсе де көрмегенсiп, бiлсе де бiлмегенсiсе, Аманқос сияқты азаматтар газетке жазбағанда қайтедi?
Әр нәрсеге өз деңгейiнде, өз уақытында, шынайы бағасы берiлуi тиiс. Сөйте тұра, бiр жағынан әкiмдердi төпелеп, бас-көзге қарамай мақтай беру де дұрыстыққа жатпайды, оның арты жалбақайлық пен жағымпаздыққа апарып соқтырады. Әкiм халық үшiн iстелiп жат­қан жұмыстарға қаражаттарды өз қалтасынан шығарып жатқан жоқ. Ол қаражат – мемлекет қазынасынан, ел мен жердiң байлығынан келiп жатқан қаражат, яғни халықтың өз несiбесi. Әкiмнiң мiндетi – сол қаражаттарды орын-орнына тиiмдi жұмсау, ұрлыққа жол бермеу. Болды. Осы мiндетiн дұрыс атқарған әкiм – жақсы әкiм. Сол әкiмнiң жұмысын бағалау керек, бiрақ оны асыра мақтап, оған жағымпаздану – бұл терiс қылық. Ал жағымпаздық – дерт, ол елдi азғындауға апарады. 
Аңшыбай НАУХАНҰЛЫ, зейнеткер
Маңғыстау облысы.
 
ШЫНДЫҚ ПЕН АҚИҚАТ ЖЕРДЕ ҚАЛМАЙДЫ
«Жас Алаш» газетiнiң өткен жылғы №104 санында маңғыстаулық Аманқос Ұзақбаевтың «Зобалаң» атты мақаласы жарияланған болатын.
Басқа облыстарды қайдан бiлейiн, Маңғыстауда мақала кең көлемде халықтың талқысына түстi. Үш-төрт адамның басы құралған жерде әңгiменiң өзегi осы «Зобалаңның» төңiрегiнде болды. Мақала сыни тақырыпта жазылғандықтан, көпшiлiк халық бұл мақаланы қолдап, өз­дерiнiң ризашылықтарын бiлдiрiп, «Апырмай, ойымыздағыны дөп басқан екен. Көптен айтылмай жүрген ащы шындық қой», – деп жатыр. Ал, кейбiреуi: «Бұл мақаладан кейiн авторды қудалау басталады ғой»,– деп өз алаңдаушылықтарын бiлдiруде. Мақаланың төркiнi «түгел қате, дұрыс емес» деп ешкiм айта қойған жоқ. Кейбiр билiк жағындағы ақ­сақалдар: «Әкiмiмiзге қатты тиiскен екен», – деп жатыр. Қайтсiн-ай! Елде осылайша қоғамдық пiкiр тудырған мақалаға мен де өз пiкiрiмдi бiлдiрiп, көзқарасымды жазғанды жөн санадым.
Мақаланы мұқият оқып шықтым. Жалпы дұрыс жа­зыл­ған. «Құдайдан жасыра алмағанды адамнан жасырып қайтейiн» демекшi, бәрi де халықтың көз алдында өтiп жатыр.
 Қазiргi әлемдiк қаржы дағдарысы кезiнде «1 мил­лион халық тұратын Ақтау-сити қаласын саламыз» деу, халықтың ойын басқа жаққа бұрып қоюмен бiрдей. Қазiргi кезде оған ешкiм сене қоймайтыны белгiлi. Соңғы жылдары «бармақ басты, көз қысты» тендермен өткiзiлетiн құрылыстардың сапасы өте төмен. Бүгiн салынып, келер жылы күрделi жөндеуден өтiп жатқаны жетерлiк. Оған де­ректi даладан iздеп қажетi жоқ, салынып жатқан құрылыс­­тарға қарасақ та жеткiлiктi.
Мақалада сөз болған, мәселенiң бiрi – жергiлiктi кадр мәселесi. Бұл да – нақты факт. Маңғыстаудың облыс болып құрылғанына 37 жыл болды. Осы жылдардың iшiн­де жергiлiктi кадрдан облыс­қа басшы болған Қиынов Ләззаттан басқа жергiлiктi жерден бiрде-бiр адам жоқ. Ал облыстағы департамент басшыларының 80 пайызы – өзге облыстардан келгендер.
Отпан таудың басына Адай атамызға кесене салғанымыз рас, бiрақ сол кешенге «Адай ата» деген сөзден қорқып, «Отпан тарихи-мә­дени кешенi» деген атау берiлдi. Жол бойындағы «Адай ата» деп аталған белгi-бағдар алынып, «Отпан тау» деп жазылды. Ал халық «Отпан тауға» деп қаржы жинаған жоқ едi.
 Ал өндiрiс орындарының шын қожайыны кiм екенi шынымен де белгiсiз.
Мақалада тағы да сөз бол­ған тақырып – жерлес, құрдасым Әбiш Кекiлбаев жөнiнде.Әбiштiң жазушылығына, қара сөзге шеберлiгiне ешкiм де күмән келтiре алмайды. Бiрақ, президенттiң қолын сүйгенiн ерсi көргенiмiз рас, оның несiн жасырамыз.  
 Мақалада көптеген тақырыптар сөз болған. Мысалы, бұл әкiмiмiз (Қ.Көшербаев) барлық iссапарларында тек қана тiкұшақпен ұшып жүре­тiнi жазылмапты. «Ауылдарға қарапайым жолмен барды» дегендi бiр рет те естiген жоқпын. Ал тiкұшақтың жалдау құнына келсек, «Бiр сапарының өзi миллион теңгеден асады» деп жүр. Сонда бұл кiмнiң қаражаты?
«Сын түзелмей, мiн түзел­мейдi» деген сөз бар. Бiрақ бiздiң атқамiнер басшыларымыз, мұндай сынды қабылдай алмайды. Олар мадақтау мен қолпаштауға әбден үйренген. Басқа сөздi естiгiлерi де келмейдi. Әрине, Кекiлбаев пен Көшербаев авторды сот­қа сүйрей қоймас. Бiрақ, «әкiмiмiздiң табанына кiрген шөңге, бiздiң маңдайымызға қадалсын» деп жүрген шалдарымыз баршылық. Менiң қорқатыным – солар. «Пышақ қанша өткiр болса да, өз сабын өзi кесе алмайды». Бұл мақаладан кейiн авторды күстаналайтын, әкiмдi қолпаштайтын мақалалар да жазылар, әңгiмелер де айтылар. Тiптi, автормен соттасуға дейiн барар, бiрақ шындық пен ақиқат қайтсе де жерде қалмайды, бәрiбiр жеңедi.
 Елдiң де, жердiң де байлығының иесi – халық. Әкiм­дердiң жұмысы – халыққа қызмет көрсету, бұл – олардың кәсiби мiндетi.
Құрманғали ЕРБОЗОВ, зейнеткер.
Ақтау қаласы,
Маңғыстау облысы.
 
«ЖАС АЛАШТАН»: Аманқос Ұзақбаевтың мақаласы жарияланғаннан кейiн Маңғыстау өңiрiнен түрлi пiкiр бiлдiрген хаттар көп келдi. Бұл — заңды да. Өйткенi, «Жас Алаштың» белсендi оқырмандарының қалың шоғыры осы батыста.
А.Ұзақбаев өз мақаласында облыс басшылығы мен олардың жүргiзген саясатын өткiр сынаған-ды. Мақала жарияланғаннан кейiн облыс әкiмi Қырымбек Көшербаев пен «Еңбек ерi» Әбiш Кекiлбаевтың жақтастары ертоқымын бауырына алып тулайтын шығар деп күткенбiз. Солай болды да...
Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылының ардагерлерi облыс әкiмi Қ.Көшербаевтың iскерлiгi мен кiшiпейiлдiгiн, бiр жылдың iшiнде оның Тұщықұдыққа 4 рет келгенiн айтып, мақала авторына «ел iшiне iрiткi салмауды» ескертiптi. Және де бiр мәтiндегi хатты редакцияға екi мәрте жiберген. Бiрiнiң артынан кейiн бiрiн.
Ал Социалистiк Еңбек ерi Тайшық Қазбеков бастаған қарақиялық бiр топ ақсақал: «Алла шүкiр дейiк. Заман тыныш, елдiң жағдайы жақсы. Облысымыз көркейiп жатыр. Осыны неге көрмейсiңдер?! Мұндай хатты неге жария­лайсыңдар», — дептi бiзге өкпелеп.
Осы мәселеге байланысты редакцияның есiгiн екi мәрте «қаққан» тағы бiр хатты облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Мұратбек Игiлiков пен Қазақстанға еңбегi сiңген қайраткер Дүйсенбi Әрiпұлы бастаған ақсақалдар жолдапты. «Зобалаң деген немене?! Отызыншы жылдардағы аштық пен қуғын-сүргiннiң заманы емес қой қазiр. Әкiмiмiз бен Әбiшiмiзде нелерiң бар?!» — дейдi шамданған ақсақалдар.
Бұған қарама-қайшы пiкiр бiлдiргендер де бар. Мәселен, «Маңғыстау-тағдыр» қоғамдық-саяси қозғалысының төрағасы Қамысбай Бесiмбергенұлы өңiрдегi заңсыздықтарды жiпке тiзгендей ете келе, Маңғыстау облысының әкiмi Қ.Көшербаев отставкаға кетуi керек деген пiкiрiн жеткiзiптi.
Маңғыстау облысының мәселесiне ақсақалдардың белсендi түрде үн қосқанына шынымен де қуанып отырмыз. Егер әкiм-қараның тапсырмасынсыз-ақ осындай белсендiлiк танытса, «ақсақалдар, алға!» дегеннен басқа не айтамыз? Ал егер осы хаттарды облыс әкiмiнiң өзi немесе оның айналасында жүрген атшы-қосшылары ұйымдастырса, Аманқос Ұзақбаевтың мақаласына алып-қосарымыз бола қоймас, сiрә.   
 
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (8)
Азамат | 19 ақпан 2010 14:10
ЖАС АЛАШ МОЛОДЕЦ! жасасын Жас Алаш! Соңғы хаттар Көшербаевтікі
Елман | 19 ақпан 2010 16:36
А. Ұзақбаев ағамызға алғыс айтамыз Маңғыстаудың журналистері орысы қазағы бар біреулері Көшербаевтан қорқады біреулері колынан алады Курманғали Ербозов айтқандай жергілікті кадрлеріміз жок емес бар солардың ішінде Көшербаевқа болмағандары бар ол Актау қаласының бүрынғы әкімі Рашит Мұстапаев Сол жігітті істеткен жоқ елде қорықты шамасы Жүрегі бар жігіт
Әділхан Шиелі ауданы Кзылорда облысы | 19 ақпан 2010 18:17
Жалпы өте маңызды ашық әділ мақала Аманқос ағамызбен амандық болса бір Маңғыстауға жол түскенде міндетті түрінде танысамын Әбіш Кекілбай Дүйсенбі Әріп Бектүр Тлеуғалі Өмірзақ Озғанбаев басқада партақсақалдар қара қасқалар Бүл дүниені емес ол дүниені ойлаңдар Нағыз маңғыстаудың ақсақалдары міне Аманқос Қурманғали секілді ағалар аман болыңдар! Көшербаев ол келдіме кетеді өзі де кеткісі келіп жүр бірақ Алланың озі біледі Ондай кісілерге айтатыным әкеңді Елеуді Казантаев Конекеңді есіңе түсір
Жанаөзен | 20 ақпан 2010 23:45
А.Ұзақбаев ағамыздын айтқаны дұрыс.оған қарсы пікір айтып отырған шалдарымызға не жоқ. қазіргі кезде биліктен үлкендер ақсақалдар қорқады!неге? ал керісінше жастарымыз қорықпайды.тек ақсақал деп сыйлап журген улкендеріміз жастарымызды көндіріп биліктін ығына жығып бермесе болғаны.
Мен Қазақпын | 24 ақпан 2010 12:09
Ата бабаларымыз айтқандай: Біреулер тойып секіреді, біреулер тоңып секіреді. Бұл создің мән жайын түсіндіруінін қажеті жоқ деп ойлаймын. Облысымыздағы істеліп жатқан оң өзгерістер облыс әкіміні Қырымбек Көшербавтың қолдауымен іске асырылып отыр, бірақ өкінішке орай тойып секіретіндер оны әлі түсінбей жүр
Әлия | 27 ақпан 2010 16:48
Иеее? Ұзақбаев ағамызға да береу жақсылап өтініш жасаған ғой. Негізі Жанаозен әкімі есеп бергенде бір қызық жағдай болды. Қазақ тіл қоғамының төрагасымын деп ақсақал шығып, сынауды жаудырты. Ол да солай деп: неге біз нашақорлық туралы айтпаймыз, жастар көп ішіді, әкім қайда қарайды.... Сосын өз балдарына көшті: менің балам өзенмунайда істейді, жалақысы 50 мың, жұмысы қиын деп. Рахаттанып сөйлеп отрнына отырды. Сосын сөзді Өзенмұнайдың бастығы алып, былай деді: біріншіден, бізде 50 мың деген жала
Әлия | 27 ақпан 2010 16:52
жалақы мүлдем жоқ. Екіншіден, жаңа бухгалтериядан суратып едім, сіздің балаңыз Қанат декабрь айында 350 мың начисление болып, қолына 290 ьың тенге алды. Сонда ақсақал не айтарын білмей, ей, мен деген басқа адамдардың қалын ойладым ғой деді.
алын елим .казагым.кайран журтым... | 24 шілде 2010 12:29
макаланын жазылуы дурыс. дурыс жерин айтайын..казир шал дейтин дурыс шал да жок, бир жылдары енди жыл сайын болып турады деген шубат мейрамы кезинде,обл. акими ауыз тиген шубатка шалдар таласып калган/саркытын мен ишем де мен ишем болып/. сол сиякты абиш кекилбаев та /дардай жасына карамай/ президенттин колын суюи/опустился на два километра ниже городской канализаций./. менин шалдар деп отырганым улы отан согысындагы аталарымыз емес, казирги жагымпаз шалшыктарды айтам.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар