8 қазан 2009
Адам өмiр сүруiне ең қолайлы ел – Норвегия
БҰҰ-ның 2009 жылға жасаған қорытындысы бойынша, адамның өмiр сүруiне ең қолайлы ел болып Норвегия танылды. Бұл қорытынды әр елдегi халықтың тұрмыс деңгейi мен әлеуметтiк қорғалуын зерттеу негiзiнде шығарылды. Мұнда адамның өмiр сүру ұзақтығы, денсаулық жағдайы, халықтың мәдени деңгейi мен қоршаған ортаға деген көзқарасы толық қарастырылған.
Үздiк бестiкке iлiнгендердiң қатарында Норвегиядан басқа Австралия, Исландия, Канада және Ирландия бар. Бұл тiзiмде Қазақстан 82-орынға ат басын тiрептi. Ал көршiлес Ресей 71-шi, Белоруссия 68-орындарға жайғасыпты.
Өмiр сүруге ең қолайсыз ел Нигерия мен Ауғанстан екен.
ТӘЖIК ДЕПУТАТТАРЫ ОРЫС ТIЛIНIҢ МӘРТЕБЕСIН ШЕКТЕДI
Тәжiкстан парламентiнiң төменгi палатасы үкiмет дайындаған елдегi орыс тiлiнiң мәртебесiн шектеудi көздейтiн заң жобасын қабылдады. 1989 жылы қабылданған “Тiл туралы” заңға сәйкес, елдегi кез келген ұлт өкiлiнiң тәжiк тiлiмен қатар орыс тiлiнде де ақпарат алуға және беруге құқығы бар едi. Ендi жаңа қабылданған заңға сәйкес, барлық мемлекеттiк мекемелермен қарым-қатынасы, оның iшiнде iс қағаздары, кеңсе құжаттары тек тәжiк тiлiнде жүргiзiледi. Ендi елдiң барлық азаматтары тәжiк тiлiн бiлуге мiндеттi. Бұл заң жобасын парламенттiң жоғарғы палатасы да қабылдап, президент Эмомали Рахмоновтың да қолдауын тапты. Осылайша кеше “Тiл туралы” жаңа заң ресми түрде өз күшiне ендi.
ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ БЕС ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Коста-Риканың бұрынғы президентi Рафаэль Кальдерон сот шешiмi бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 2004 жылы пара алғаны үшiн айып тағылып, бес ай қамауда отырған болатын. Алайда, кiнәсi толық дәлелденбегендiктен оны полиция үйқамақта ғана ұстауға мәжбүр болған-ды. Жақында сот экс-президенттi кiнәлi деп тауып, оны қамау жөнiнде бұйрық шығарды. 1990-94 жылдар аралығында президент болған Кальдерон лауазымын асыра пайдаланып, медицина мекемелерiне құрал-жабдықтар сатып алу кезiнде ақша жымқырыпты. Сатып алынған құрал-жабдықтың жалпы сомасы 40 миллион доллар болған. Президенттiң қаншасын жымқырып қалғаны әзiрше белгiсiз. Бiрақ, Р.Кальдерон өзiне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып отыр.
РЕСЕЙ ХАЛҚЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ
2025 жылға қарай Ресей халқының саны 11 миллионға кемидi. Бұл жөнiнде өткен дүйсенбiде БҰҰ мәлiмдедi. Мамандардың мәлiметiнше, 1993 жылдан берi ресейлiктердiң саны 6,6 мллионға азайған. Қазiр ел халқының саны 142 млиллионға жуық. Демографиялық дағдарыс туу көрсеткiшiнiң азаюы мен ер адамдар арасындағы өлiм-жiтiмнiң көбеюi есебiнен туындап отыр. Ресейдегi ерлердiң орташа өмiр сүру ұзақтығы – 60 жас. 1950 жылы халқының саны жағынан дүниежүзi бойынша алғашқы бестiкке iлiнген орыс халқы биылғы қорытындыға сай тек тоғызыншы орынды мiсе тұтқан. Сарапшылардың айтуынша, Ресей 2025 жылы демографиялық көрсеткiш бойынша Бангладеш, Нигерия, Вьетнам сынды елдерден де кейiн қалуы әбден мүмкiн. «Бұл өз кезегiнде Ресей елi үшiн орны толмас экономикалық құлдырауларға әкеп соғуы мүмкiн», – дейдi мамандар.
ПРЕЗИДЕНТТIҢ ОРНЫН ОНЫҢ КЕНЖЕ ҰЛЫ БАСАДЫ
Оңтүстiк Корея парламентiнiң депутаты Еон Сан Хюн елдiң келесi президентi қазiргi президент Ким Чен Ирдiң кенже ұлы Ким Чен Ун болады деп мәлiмдедi. Оның айтуынша, Ким Чен Ир 2010 мен 2012 жылдар аралығында ел тiзгiнiн өз ұлына өткiзiп бермекшi. Депутат мұндай мәлiметтi Оңтүстiк Корея үкiметiндегi сенiмдi адамдардан естiгенiн айтады. Алайда, үкiметке қатысы бар бiрде-бiр орган ол ақпараттың шындығын растамаған. Еон Сан Хюн өз сөзiн жуырда президент ұлының жоғарғы лауазымды қызметтердiң бiрiне тағайындалуымен байланыстырады.





Орыс болғың келсе қазақ бол!!