1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №102 (16184) 21 желтоқсан, сәрсенбі 2016
21 желтоқсан 2016
Сен жалғыз емессiң!
Менiң мамандығым – зоотехник. Ауылшаруашылығында аттай 45 жыл жұмыс iстедiм. Мамандығым бойынша аудандық ауылшаруашылығы басқармасында бас зоотехник болып 6 жыл жұмыс iстедiм. 10 жыл совхоз директоры болдым. Кейiннен аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитетi төрағасының орынбасары, аудандық халықтық бақылау комитетiнiң төрағасы, аудан әкiмiнiң орынбасары қызметiн атқардым. Жекешелендiру басталып, совхоздар тарағаннан кейiн, мен де зейнетке шықтым.
 
Менiң айтайын дегенiм – “Жас Алаш” жөнiнде. “Жас Алаш” – қазiр қоғамда болып жатқан ақиқатты жазатын қазақ тiлiндегi жалғыз басылым. Сондықтан да газеттiң таралымын көбейтсе, нұр үстiне нұр болар едi. Менiң тiлегiм, Қазақстанның әр елдiмеке­нiндегi кiтапханала­рында “Жас Алаш” газетi мiндеттi түрде тұ­руы керек. “Жас Алаш” газе­тiне көптеп жазылуға еңбек ардагерле­рi, зейнеткерлер, көптi көр­ген қария ақсақалдар, зиялы қауым өкiлдерi өз үлестерiн қосса деген ұсынысым бар. Жаңа жылда “Жас Алашқа” көптеп жазылайық, ағайын!
2015 жылдың қарашасынан бастап 2016 жылдың қарашасына дейiн “Жас Алаш” пен Жасан (Зекейұлы) тартысудай-ақ тартысты. Алматы аудандық №2 сотының, содан кейiнгi қалалық сотының шешiмдерi­мен газет арқылы жақсы таныспын. Жасан Зекейұлының жөнсiз әрi негiзсiз талаптарын қолдаған, оның шынайылықтан гөрi жасандылықпен ие болған абыройын қорғаған судьяларды түсiнбей-ақ қойдым. Мен заң қызметкерi емеспiн, бiрақ су­дьялар ең алдымен халық алдындағы өз беделдерiн, осы жұмысқа өздерiн тағайындаған ел президентiнiң абыройын ойлауы керек едi ғой. Өкiнiшке қарай, олар тура биде туған жоқтығын, әдiлеттi судьяда сыбайластық болмайтынын көрсете алмады. Төрт баласымен олардың анасы Гүлияны қаңғытып, қызына ара түскен қайын атасы Әлихан Әлiбекпен соттасқан адамның арызын сот қалай қабылдағанына қайран қалам. Қазақта: “Күйеубалаң жақсы болса – ұлды болғаның, күйеубалаң жаман болса – қызыңнан да айырылғаның” деген қанатты сөз бар. Ау, Жасан бауырым! Сенiң қайын атаң Әлихан Гүлияны саған тұрмыс­қа бергенде “Мен ұлды болдым!” деп қуанды емес пе?! Ал сен не iстедiң? Әкеңдей адаммен, қайын атаңмен соттастың. Ол аз болғандай-ақ, “Жас Алашпен” соттастың! Осы арқылы тек достарың, ұжымдастарың, құрбы-құрдастарың, сырластарың алдында ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына (қатты кетсем кешiр!) кiр келтiргенiңдi бiлесiң бе, сезiнесiң бе сен, Жасан? Сезiне алмадың-ау деймiн...
 
ҚР Жоғарғы сотының “Жас Алашқа” қатысты шешi­мiн газеттен оқып қуанып қалдым. Әрине, 40 миллион теңгелiк   айыппұлдың 5 миллионға дейiн шегерiлгенi әдiлеттiлiктiң толық орнағанын бiлдiрмейдi. Дегенмен, бұған да шүкiр. “Жас Алаш” үшiн 5 миллион аз қаржы емес. Бас редактордың баспанасы, есепшоты бұғатталғанынан, оның шетелге iс-сапарға шығуына да тыйым салынғанынан да хабардармыз. Ұжымды iштей iрiтудiң де әрекеттерi жасалғаны көрiнiп тұрды. Мақсаты бар, мүддесi бар “Жас Алаш” бұл сынақтан да сүрiнбей өттi. Газеттiң ба­йырғы оқырманы ретiнде – “Жас Алаш” газетi ұжымының ұйымшылдығы, ауыз бiрлiгi үшiн шын жүректен жарыла шыққан шексiз алғысымды бiлдiремiн. Әлгi 5 миллион айыппұлды ел болып, оқырман болып жинап берсек деген ұсынысты қолдап, мен де зейнетақымнан 5000 теңге аудардым.
“Жас Алаш” пен Жасанның арасындағы соттасу жамағат­қа жайсыздау тидi. Ақыры не болар екен, газеттi жауып тас­тар ма екен деп алаңдадық. Кешегi күнi талай жақсылардың iзi қалған, бүгiнде халықтың iздеп жүрiп оқитын басылымына айналған “Жас Алаштың” жеңiсi – барша оқырманның, бар қазақтың жеңiсi деп бiлемiн. “Жас Алаш”, сен жалғыз емессiң! Артыңда қара ормандай оқырманың тұр. Соның қатарында өзiм де бармын. Ел, халық мүддесi үшiн алда да күрес пен тiреске толы қыруар iстер күтiп тұр. Ақиқат үшiн алысып жүрген “Жас Алашқа” тiлейтiнiм – алдымен Алланың шапағаты, сонан кейiн – Алаш азаматтарының рухы! Рухтарың сынбасын, халық сiздер­дiң жағыңызда екенiн естен шығармаңыздар!
Халқыңмен бiрге жаса, “Жас Алаш!” Әрбiр күндерiң сәттi, жағымды жаңалықтарға толы болсын. Жасыма, “Жас Алаш”
Мәндiрғали Оразғалиұлы,
Еңбек ардагерi,Махамбет ауданының “Құрметтi азаматы”,
Атырау облысы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар