1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №103 (16185) 26 желтоқсан, дүйсенбі 2016
27 желтоқсан 2016
Жымқыру жайлы жиналыс

Елiмiздiң баукеспе ұрылары төтенше жиналыс жасап жатыр. Әр облыстан келген “Жымқыру” партиясының делегаттары сөз сұрап, қиқуласып кеттi. Оңтүстiк Қазақстаннан келген атақты мал ұрысы Ұрыбай Қарақшыұлы сөз алды.
– Елiмiзде төменгi сатыдағы ұрыларға мүлде жағдай жасалмайды. Бiздi елемейдi де. Бiздi арнайы пәтер кезегiне қойды ма? Қыстың көзi қырауда халықтың малын ұрлап, тоңып, жадап-жүдеп жүргенiмiз сол. Бiздi марапаттап жатқан кiм бар? Журналистер мақтап емес, даттап, ар-намысымызды таптап, керек десеңiз қақтап жазады. Ал атақты, алпауыт ұрылар ше? Оларды шетелге қашырып жiберген. Миллиардтаған ақшаны бауырларына басып, қампиған қарындарын тыр-тыр қасып, шалқып өмiр сүрiп жатыр...
Одан кейiн Батыс Қазақстан облысының пәтер ұрысы Пәтербек Есiкбаев ашына сөйледi: – Мал ұрлайтын ағайындар! Сиырды атып ұрлағанды қойсаңдаршы! Ұры деген атымызға ұят қой? Әшейiн, сеспей қатыратын укол айдай салыңдар. Соған да миларың жетпедi ме! Мен де өз проблемамызды айтайын. Пәтер ұрлаушылардың да жағдайы мәз емес. Тапқанымыздың жартысын полицейлер бөлiседi. Көп пәтерлерде камера қойылған. Үкiмет сол камераларды алдыртып тастаса. Сосын елiмiзде мереке көп. Мереке көп болған соң, келеке көп. Неге “Ұрылар” күнiн тойламасқа? Ұрыбайдың сөзiне қосыламын. Мәселен, соңғы он-он бес жылдың iшiнде Қазақстаннан шетелге 100 миллиард теңге шығарылған. Интернеттен оқыдым.Масқара ғой! Бiз ұрласақ, өз ауылдастарымыздың малын ұрлаймыз. Шетел асырмаймыз ғой! Сол жымқырылып, шетелге аударылып кеткен 100 миллиардтың 30 пайызы ғана елге қайтарылыпты. Ұят! Орысша айтқанда, позор! Бiздiң елде малы ұрланғандар: “Е, ұрласа, өз ұрымыз ғой, пайдасы өз ұрымызға, қайғысы өзiмiзге!” деп жүре бередi. Ал мыналар... Бар байлығымызды шетелге тасып жатыр! Менiң бiлуiмше, қаржының көп бөлiгi Солтүстiк Америка және Еуропаға жiберiлген. Тағы айтарым, ақшаның офшорлық аймаққа шығарылғандығын растайтын деректер де жетерлiк. Обшым, отандық ұрыларға жағдай жасалсын! Олай болмаған күнде, ештеңе ұрламай қоямыз! Ұрысы жоқ ел ел ме? Ел ұрылары бiрiгiп, шеруге де шығуға даярмыз! Керек пе, өзiмiздi... жоқ, ұрлаған малымызды Астана көшесiне шығарып, бензин шашып, өртеп те жiберуден тайынбаймыз!
Ұрылар көздерiне жас алды. Қандары қайнап, шетел асып кеткен шенеунiк ұрыларға лағнет айтып жатты.
Келесi кезекте Қызылорда облысының ұялы телефон ұрлаушысы Смартбек Кейселұлы сөз алды.
– Бiздiң күнiмiз де өте нашар. Елiмiзде ұялы телефондар ұрлау қарқынды жүрiп келе жатыр едi, қазiр бұл ұрлықтың деңгейi сәпсiм төмен түсiп кеттi. Менттер тыныштық бермейдi. Өздерi ұрлай алмайды, ал ұрыларды көре алмайды. Қызғаншақтар! Сендер шетел асып кеткен атақты ұрылар жайында айтып жатырсыңдар. Соларды қойып және көп сөздi, көбiк сөздi қойып, ұрлық шаруашылығымызды қалай өркендетемiз, сол жөнiнде ақылдасып-кеңессек.
Жымқыру жайлы жиналыс әлi аяқталған жоқ. Жүрiп жатыр... 
                                                                                                                                                                                     Мұхтар ШЕРIМ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар