1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Сайра, сайра, Сандыбай!

– Әй, оқымысты жиен, – дедi жасы сексендi алқымдап қалған Көбiк қарт үйiнде қонақта отырған Сандыбайға, – осы сен ғой, ғалымсың. Инстөтетте сабақ берiп, дүйiм жұртқа ақыл айтасың. Сен маған мынаны айтшы, мына заман, мына халiмiз күннен-күнге төменшiктеп, қайда шегiншектеп бара жатыр?Алдымызда не тұр?
– Нағашы, – дедi Сандыбай күлiмсiреп, – “көп екен көргенiмнен көрмегенiм, жақсы екен бәрiнен де өлмегенiм” деп бiр ақын айтқандай, сiздiң де осы уақытқа дейiн бiр жерде қылжиып қалмай, бұл заманға жеткен маңдайыңыздың бармақтай бағы бар екен. Бұл күнге жеткен де – арманда, жетпеген де – арманда. Өйткенi бiз қазiр тарихтың керемет бiр бетбұрыс, ұлы кезеңiн бастан кешiп отырмыз. Бiле бiлсеңiз, бiз қазiр өзiн-өзi жер-көкке сыйғызбай марапаттаған коммунистiк қоғамның аузын ұрып, бұрын-соңды көз көрiп, құлақ естiмеген, коммунистердiң өңi тұрмақ түсiне де кiрмеген, анау-мынау адамның ақылы жетпейтiн иманжүздi, инабатты, құқықтық-демократиялық ғаламат мемлекет құрып жатырмыз.
– Апыр-ай, ә! – дедi Көбiк қарт, – ғаламат дейсiң бе?
– Сұрамаңыз. Бiздiң бұл құрып жатқан қоғамымыздың құдiреттiгi сонда – онда бұрынғыдай бассыздық, арсыздық, заңсыздық, қырсыздық, мисыздық дегендер атымен болмайды. Өйткенi мұның бәрi тек бұрынғы коммунистiк қоғамға ғана тән ауру болды. Ол қоғамда, тiптi жергiлiктi партия көсемдерiнiң өзi заңнан тысқары тұрды. Партия сойылынан сот та мыңқ ете алмайтын. Мiнеки, заңсыздық, бассыздық, арсыздық осыдан туындады. Заң болмаған жерде жын-сайтанның жүретiнiн өзiңiз де жақсы бiлесiз. Ақырында коммунистiк қоғамды жын соғып, ақылынан адасты. Ал бiздiң құрып жатқан қоғамымыз атасының алдында иiлiп қана тұратын инабатты келiн сияқты ар-ұятты, тәртiптi қоғам. Онда ешкiм заңсыз бiр қадам да қия баспайды. Ең бастысы – адам мүддесi, адам құқығы қызғыштай қорғалады. Мәселеңки үшiн айталық, сiздiң аяқ астынан баяғы жiгiттiк сайтаныңыз ұстап, ойнағыңыз келдi делiк, пожалыста, шал екенмiн демеңiз, ойнай берiңiз! Немесе, көсемсiп, бiрдеңе ойлап тапқыңыз келдi делiк, пожалыста, алжыған екенмiн демеңiз, ойлай берiңiз! Бұл – сiздiң адамдық құқығыңыз. Құқықтық мемлекетте адам талантына ешқандай шек қойылмайды, ешқандай күдiк, күмән келтiрiлмейдi. Сондықтан да ондай қоғамның адамы қартаймайды, көктемнiң қырмызы гүлiндей бетiнен әр таймайды. Көрдiңiз бе, бiз қандай қоғам құрып жатырмыз?!
– Айналайын-ау, қандай құқықты айтып отырсың? – дедi Көбiк қарт шәт-шәлекей күйiнiп. – Бiзде қазiр құқық бар ма? Құдай-ау, бiзде қазiр адамдық сиық бар ма? Зейнетақының түрi анау. Дәрi-дәрмегiңе де жетпейдi. Жаңа туған нәрестеге төленетiн ақшамен қалай күн көруге болады? Осы құрып жатқан қоғамдарыңды бiреулер “жабайы қоғам” деп жүр ғой. Сол рас па деп жүрмiн...
– Дұрыс айтасыз, – дедi Сандыбай елпiлдеп, – өте дұрыс айтасыз. Адамның өзi о баста жаратылғанда жабайы жаратылмап па едi. Мыңдаған жылдар бойы тыр жалаңаш жүрген жоқ па?! Ендеше, одан бiз ендi неге қашамыз? Немене, жалаңаш жүрсеңiз сiзден бiреу неге жалаңаш жүрсiң деп сұрар дейсiз бе? Жүре берiңiз! Бұл да өз құқығыңыз. Бiзде адам құқығына ешқандай шек қойылмайды. Бiрақ түптiң түбiнде бiзден асқан дәулеттi, бiзден асқан сәулеттi ел болмайды.
– Әй, қайдам, – дедi Көбiк қарт күрсiнiп. – Адам құқығы деп айғайлайсыңдар, заңмен ғана жүремiз деп даурығасыңдар. Қайдағы заңды айтасыңдар? Қазiр бiр баланың инстөтетке түсуi үшiн пәленше мың теңге сұрайтын көрiнедi. Өлiп бара жатсаң да ақшасыз операция жасамайды дейдi. Қаптаған қылмыс, қаптаған ұрлық, қаптаған парақорлық... Бұл не масқара! Әлде жұртты ақша “құсатын” Қожанасырдың көк есегi дейсiңдер ме? Ойларыңа келгендi сапырыстырып жатырсыңдар ғой.
– Сiз де қызық екенсiз, нағашы, – дедi Сандыбай қызбаланып, – дүниенi сапырыстырмасаң, ол дүние бола ма? Өзiңiз ойлап қараңызшы, биенiң сүтiн сапырыстырмасаңыз, ол қымыз бола ма, сиырдың сүтiн сапырыстырмасаңыз, ол қаймақ, май бола ма? Тiптi, балшықтың өзiн әбден сапырыстырғандай ғып илемесеңiз, ол кiрпiш бола ма? Адамның өзi бiр тоқтам, шешiмге келуi үшiн көңiлi құйын сияқты сапырылысып жатпай ма? Ендеше, қоғам неге сапырылыстырылмауға тиiс? Қоғамның – денi дұрыс қоғам, мемлекеттiң – маңдайы түзу мемлекет болуы үшiн де алдымен бәрiн әбден сапырыстырып алу керек. Сондықтан бiз де алдымен сапырамыз, бiрақ түбi қатырамыз.
– Әй, қайдам, – дедi Көбiк қарт, – сендер қатырғанша бiз де қатып қалатын шығармыз. Сапырыстырамыз деп жүрiп боғын шығарып алдыңдар ғой...
– Жо...жоқ, – дедi Сандыбай, – қатпайсыз, қатыртпаймыз! Боғыңызды да шығармаймыз! Ойбай-ау, мынадай мамыражай, инабатты, иманжүздi, ақкөңiл, адам құқығын ойлайтын өлшеусiз ақылды қоғам құрып жатқанда сiз қайда қашып кетпексiз? Қашырмаймыз, қашыртпаймыз.Сiздiң, ендi қалай өмiр сүргiңiз келсе де, қанша өмiр сүргiңiз келсе де өз құқығыңыз өзiңiзде. Бұрынғы бетсiз коммунистiк қоғам талай боздақты қыршынынан қиып жiберген жоқ па? Бiз ендi оған жол бере алмаймыз. Бiз құқықтық мемлекет құрып жатырмыз. Жүз жыл жасағыңыз келе ме, пожалыста, жасаңыз. Оған толық жағдай туды. Жасарғыңыз келе ме, пожалыста, жасарыңыз, жас иiс алыңыз. Бұрынғыдай ешкiм де аузын қисайтпайды. Бұл сiздiң адамдық, қажет десеңiз, еркектiк құқығыңыз.
– Өй, еркектiгiңмен қоса құрып қал! – деп Көбiк қарт қолын бiр сiлтеп, орнынан тұра бастады.

Дамир ӘБIШ
Қостанай қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар