1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Шежiре шығару – ерiккеннiң ермегi емес

Ескермес Әбдiқасұлы ру шежiресiн шығарғалы жатқанын өткен жылы естiгенмiн. Құрбан айттың алғашқы күнi осы өңiрдегi иiсi қазақ қатты қадiрлейтiн Құлмұхаммед ишан ұрпағы Ұлт-азаттық көтерiлiсiнде Аманкелдi сарбаздары серттескен “Дулығалы” мешiтiнде аруақтарға арнап ас бердi. Тура сол күнi Сәтбаев қаласында мейрамханада Ескермес шежiренiң тұсаукесерiн жасапты. Шежiре құрастырудың машақатын мен бiр адамдай бiлемiн. Бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесiне арнаған қарт ұстаз, сол кездiң өзiнде жасы сексеннiң сеңгiрiне шыққан ардақты ақсақал Қожа Қалиев бiрде: “Кеңестiк кезеңде қаймықтық. Солай үркiп жүргенде көнекөздер өмiрден озды. Егемендiк алып, ендi-ендi ес жиып, ел аралап шежiре жинауға бел буғанда нарықтың қыспағына килiктiк. Оның үстiне жас та ұлғайды.
Алайда өскелең ұрпақ, туған-туыс түпкi тегiн, ата-бабасын бiлсiн деген ниетпен осы шаруаны қолға алдым. Көзi тiрiсiнде қарттардан естiгенiм мен өзiм бiлетiндi барынша сараладым. Тоғыз жылдай тырбанып, бiршама тиянақтадым. Ендi осы саған аманат. Ұзақ ойланып, өзiңдi қолай көрдiм. Шамаң келгенше жерiне жеткiз. Сырдағыға қолың қысқалық қылса да, қырдағы қасыңда ғой” деген соң, ата аманатын аяқсыз қалдырмауға кiрiстiм.
Екi жылдай ауыл аралап, талай табалдырықты тоздырдым. Қалада қыстың аязында, көктем мен күздiң лайсаңында ауладағы иттен iшке кiре алмай, тентiреп көше кезгенiм әлi есте. Содан бiр күнi Қожа аға: “Шежiренi көзiмнiң тiрiсiнде көрсем – арманым жоқ” дегесiн, жиған-тергенiмiз 2004 жылы пышақтың қырындай 100 дана кiтапша болып шықты.
Ескерместiң “еңбегi” де қолға тидi. “А-4” қалыбындағы 258 беттiк кесек кiтап екен. Бiрақ баспаханасынан басқа, редакторы мен корректоры, суретшiсi мен таралымы туралы дерек таппадым. Өзiн шежiренiң құрастырушысы емес, авторы (кейiнгi кезде қазақта жоқ осындай жағымсыз үрдiс етек алып барады — авт.) деп көрсетiптi. Соған қарағанда “ғұмырлық жоба” сыңайлы.
Кiтаптың жартысынан астамы – ғаламтордан алынған материал. “Қарға тамырлы” қазақты қойып, “Алғашқы адамдардың пайда болу, даму кезеңiнен” бастайды. “Үш жүздiң ру-тайпаларын” түгендеп, кiтаптың ортасына қарай “Орта жүзге” ойысады. Одан-бұдан қағыстырғаны да едәуiр. Арасында менiң жазғаным да жүр. Жүре берсiн, қазiр кiмнен кiм көшiрмей жатыр?
Егер сөзiне сенсек, Ескермес немере келешегiн ойлап, қолына қалам алыпты. Өте дұрыс! Бiрақ өзiнiң жетi атасын таратумен тынғанда, түк жоқ едi. Басқасын да түгендеймiн деп былыққан. Ендi, мiне, жасым алпысқа аяқ артқанда кiмнiң баласы екенiмдi бiлмей, басым қатып отыр. Әлде “әке” тауып бергенi үшiн, алғыс айтсам ба екен?
Кiтаптың әлқиссасында: “...тарихшы емеспiн, журналистiк, қаламгерлiк те қасиетiм жоқ” дейдi. Шежiре құрастырушыға қажетi – мамандық емес, жауапкершiлiк! Қоғам алдындағы демей-ақ қояйын, туған-туыс, жақын-жекжат алдындағы. Тоқалдан туған баланы бәйбiшенiң бауырға басуы мен әйелдiң соңынан ерiп келген ұлдың баласын асырап алудың арасы жер мен көктей екенiн Ескермес ескермеген.
Шежiреден шыққан “шатақты” сот қарамайды. Алайда ар соты қайда қалады? Ахиреттегi жауаптасу ше? Басқасын бiлмеймiн, Жәкетай әкемнiң үйiндегi әжем бет терiсiн басына қаптайтыны анық. “Бала үлестiру қай бабаңнан қалған мұра едi?” деп, бiр алаңғасардың екi аяғын бiр етiкке тыққанын көзi тiрiсiнде көрген едiм.
Осыны жалпақ жұртқа жария етудiң де жөнi жоқ. Бiрақ шамасы келмейтiн шаруаға шатылып, ел арасына iрiткi салып жүрген бiр-бiр Ескермес әр руда бар. Мақсат — соларға шежiре шығару ерiккеннiң ермегi емес екенiн ескерту. Сондықтан әңгiмеге өзек болған ру мен кiтаптың атын атауды артық санадым.
Әлiбек ӘБДIРАШ,
Қарағанды облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар