1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №8 (16194) 31 қаңтар, сейсенбі 2017
31 қаңтар 2017
Жалғыз жұлдыз тоғысушы ма едi?

Н.НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ТҮСIРIЛГЕН ФИЛЬМНЕН КЕЙIНГI ОЙ

Былтыр отандық киногерлер көрерменге дүниелердi ұсынды. Бұған тәубе дейсiң. Сол дүниелердiң бiрi – Н.Назарбаевтың өмiрi туралы түсiрiлген “Жұлдыздар тоғысқанда” фильмi. Естерiңiзге сала кетейiк, бұл мемлекет басшысының өмiрi туралы түсiрiлген фильмдердiң соңғысы, яғни аяқтаушы бөлiмi болып табылады. Нұрсұлтан Әбiшұлы өмiрiнiң ең жарқын кезеңiн түсiруге ресейлiк режиссер Сергей Снежкин шақырылды. Таңдаудың орыс режиссерiне түсуi тегiн емес. Снежкин бұған дейiн мамандар жоғары баға берген “Белая гвардия”, “Брежнев” секiлдi тарихи фильмдердi қойған. Тәжiрибесi бар. Снежкин Назарбаев туралы фильмнiң режиссерi ғана емес, сценарийiн де өзi жазды.

Жалпы, режиссер үшiн тарихи фильм – өте қиын жанр. Ал өмiрде нақты болған тұлға туралы кино түсiру – қиынның қиыны. Неге десеңiз, тарихи тұлғаға қатысты әркiмнiң өз көзқарасы бар. Көрерменнiң бәрiнiң бiрдей көңiлiнен шығу мүмкiн емес. Ал көзi тiрi, оның үстiне билiкте отырған президенттiң өмiрiн бар-жоғы үш сағаттық туындыға сыйғызу дегенiңiз... Бұған мен деген режиссердiң өзi де тәуекел ете бермейдi. Мұның артында онша-мұнша адам көтере бермес зiл батпан жауапкершiлiк жатыр ғой. Сондықтан “Жұлдыздар тоғысқанда” Снежкиннiң шығармашылық жолындағы өзiндiк бiр кезеңi десек артық айтқанымыз емес. Ақпарат құралдарында фильмдi түсiру басталысымен режиссер мен продюсер арасындағы бiраз келiспеушiлiктердiң туындағаны жазылды. Бiздiң ойымызша, мұндай жағдайда ол – заңды нәрсе.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖҰРТ БIЛМЕЙТIН ҚАСИЕТI
Шыны керек, “Жұлдыздар тоғысқанда” бiр рет көруге тұрарлық кино. Оқиғалар желiсi де, көркемдiк жағы да өзгеше. Актерлардың ойыны да басқаша. Бәрiнен де бұрын фильмнiң музыкасы сәттi шыққан. Алайда...
– Қалай деп айтсақ та Н.Назарбаев ұлттың көшбасшысы (лидер нации). Бiз президенттiң образын жаңадан жасаймыз, – деген екен Снежкин түсiру басталар кезде бiр басылымға берген сұхбатында. Расында да фильмде Н.Назарбаев көрерменге мүлдем басқа қырынан танылады. Президенттiң рөлiн ойнаған Берiк Айтжанов сөз жоқ талай тарихи тұлғаларды экранға алып шыққан таланатты актер. Алайда фильмдегi Айтжановқа қарап, екiұдай күйде қаласыз. Назарбаев Айтжанов сомдағандай көзсiз батыр, бiрбеткей саясаткер ме едi? Фильм Н.Назарбаевтың жазған еңбектерiнiң, естелiктерiнiң желiсiмен түсiрiлген. Бiрақ кино кiтаптағыдай емес, көрерменге мүлдем басқаша тiл қатады. Тарихи шындықпен ешбiр қабыспайтын тұстары бар. Бiр-екi мысал келтiрейiк.
1986 жылдың 16 желтоқсаны. Д.Қонаевтың қызметiнен кетiп, оның орнына бұрын-соңды Қазақстанда қызмет етiп көрмеген Г.Колбиннiң тағайындалуына қарсылық бiлдiрген жастар алаңға шығып, көтерiлiс жасап жатады. Колбиннiң кабинетiне жиналған бiр топ атқамiнерлер “ендi не iстеймiз?” деп, бас қатырады. Колбин ә дегеннен жергiлiктi кадрларды тұқыртуға тырысады. Осы кезде “кабминнiң” төрағасы Н.Назарбаев Колбинге бетiң бар, жүзiң бар деместен ауыр сөздердi айтып-айтып салады. “Бұл – төңкерiс. Халық сiздiң басшы болғаныңызды қаламайды”,- дейдi. Колбин өзiн бұл қызметке Саяси бюро тағайындағанын айтады. Шын мәнiнде Желтоқсан оқиғасы кезiнде осындай жайт болып па едi? Егер болса ол Н.Назарбаевтың естелiктерiнде неге айтылмаған?...
Тағы бiр қисынсыздық М.Горбачевтiң Қазақстанға келiп, егiстiктi аралаған кезiнде орын алады. Әлдебiр жүк мәшинесiндегi жұмысшы одақтың бас хатшысына “Миша, привет!” деп, кабинадан қол бұлғайды. Осы бiр ыңғайсыз жәйтқа ренiш бiлдiрген Горбачев “жұрт бетiмен кеттi” деп налиды. Осы кезде республика премьер-министрi Н.Назарбаев бас хатшыға “халықты бетiмен жiберген өзiңiз емес пе?” – дейдi. Қазақстанның премьер-министрi одақтың бас хатшысына дәл осы сөздi расында да айтқан ба едi? Айтуы мүмкiн бе едi?
Президент Н.Назарбаев пен парламент арасында текетiрес болады. Мынандай бiр көрiнiс бар: төрде, президумда – бiр топ азамат. Анандай жерде неге екенi белгiсiз, Н.Назарбаев отыр. Залдағы депутаттар у-шу. Бiреу қағаз лақтырады, бiрi құлап жатыр, бiрi жұдырығын ала жүгiрiп жүр. Бiр кезде Н.Назарбаевтың көмекшiсi Ерлан (Азамат Сатыбалды) мiнбеге шығып, президенттiң кейбiр өкiлеттiктерiн Парламентке берудi дауысқа салады. Бұдан кейiн Назарбаев кабинетiне барып, тез арада Конституциялық кеңеске төбелесқұмар депутаттардың сайлануының заңдылығын анықтап берудi сұранған хатты парламенттi тарату туралы бұйрықпен бiрге әзiрлеп келудi тапсырады. Осыдан кейiн президент дәлiзге шығып, Ерланды дүйiм жұрттың көзiнше тұмсықтан ұрып, мұрттай ұшырады. “Ендi сенi көрмейтiн болайын”, – дейдi. Бұдан кейiн “Армияны қозғамаңдар, өзiмiз-ақ тындырамыз” дегендi айтады. Сонда бұл не? Апыр-ай, бiздiң парламентте қашан төбелес болып едi, өзi? Назарбаевтың қай көмекшiсi Жоғарғы Кеңестiң төрағасы болып едi? Қай шенеунiк Назарбаевтың жұдырығын “иiскеп” едi? Сонда режиссер Назарбаевты қалаған уақытында парламенттi түрлi қитұрқы жолмен таратып жiбере алатын, қажет болса, армияны да iске қосатын диктатор ретiнде көрсеткiсi келгенi ме? Айтпақшы, Горбачев Назарбаевқа КСРО-ның премьер-министрi лауазымын ұсынған кезде “билiктiң бәрiн маған бересiң” деген талап қояды. Сасып қалған Горбачев “маған не қалдырмақсың?” дейдi. Режиссер Назарбаевты шектен тыс билiкқұмар ретiнде бейнелептi. Снежкин Назарбаевты Ельцинмен шатастырып алған жоқ па деген күдiктi ой да келедi.

ПРЕЗИДЕНТ ҚОНАЕВТАН НЕГЕ КЕШIРIМ СҰРАДЫ?
Фильмде Дiнмұхамед Қонаевты (Алдабек Шалбаев) да басқа қырынан көремiз. Көрген соң апыр-ай, Қонаев халық жақсы көрген адал, кiршiксiз таза, әулие адам едi ғой. Оны сонша жағымсыз етiп көрсеткенi қалай деп таңданасыз. Тiптi ел имандылығын, дiнге аса құрметiн дәрiптейтiн тұлғаға iшiмдiк iшкiзетiн тұстары да бар. Қазақстан Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысының түсi суық, бетiнiң түгi тiкiрейгендей, озбыр бейнеде суреттеледi. Қазақстандағы шаруашылықтарда өтiрiк ақпар берудiң әдетке айналғанын, басшылардың пара алатынын, жалқау екендiгiн жазып кiрген Н.Назарбаевқа Д.Қонаев орындығын көрсетiп, “сен мына жердi көздеп жүрсiң бе?” дейдi. “Есiңде болсын” деп саусағын шұқшитады. “Маған кедергi келтiрме, сенi басқа бiреумен ауыстырамын”, деп қорқытады. Рас, М.Горбачевтiң тұсында Д.Қонаев пен Н.Назарбаевтың арасындағы сенiмге сызат түскен. Ашық айқас басталған. Алайда Қонаев соншалықты озбырлыққа бармаған. Қиянат қылса, жұрт көрер едi. Фильмдегi оқиғалардың желiсiн шиеленiстiру үшiн, кейiпкерлердi ақ пен қараға бөлу үшiн, көрермендi қызықтыру үшiн Қонаевтай ұлы тұлғаны құрбандыққа шалып жiберу қаншалықты қисынды? Көрермен-халық бұған илана қоймас.
Фильмнiң орта тұсында Н.Назарбаев жұбайы қайтыс болған Д.Қонаевқа кiрiп, көңiл айтып шығады. Н.Назарбаев Қонаевтан кешiрiм сұрайды. “Кешiрiңiз менi, Димаш Ахметұлы” дейдi. “Сен де менi кешiр, қош бол”, – дейдi Димекең... Шынайы өмiрде солай болмаса ше? Онда тiрi кейiпкердiң көңiл түкпiрiндегi қалауының кинодағы елесi деп түсiнермiз.

НҰРСҰЛТАН АБИШЕВИЧТЕН БАСҚА КIМ БАР?
Осы жерде фильмнiң атауына тоқтала кетсек. Орысшасында “Так сложились звёзды”, ал қазақшасында “Жұлдыздар тоғысқанда” деп аталады. Атауында бiраз мағына бар. Бұл яғни Н.Назарбаевтың өмiрiнiң маңызды кезеңiн, жұлдызды дәуiрiн меңзеп тұр. Фильмнiң аты затына қаншалықты сай келедi?
Фильмде Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi кезеңде Назарбаевтан басқа бiрде-бiр адамның аты-жөнi аталмайды. Тәуелсiздiктiң тар жол, тайғақ кешуiнде Назарбаевпен бiрге еңбек еткен ең құрығанда бiр-екi адамның аты-жөнi аталуы керек емес пе едi? Жоқ, аталмайды. Марат, Ерлан деген көмекшiлердiң (режиссердiң оларды тузик, музик деп атай салмағанына шүкiр дейсiң) есiмдерi кездеседi. Алайда олар кiмнiң прототипi екенiн болжау қиын. Атауында жұлдыздар болғанымен, фильмде тек бiр ғана жұлдыз бар – барлық жерде Нұрсұлтан Абишевич. Жалғыз жұлдыз тоғысушы ма едi? Бұл Снежкиннiң Қазақстанның тарихынан, менталитетiнен хабарының аз екендiгiн байқатса керек. Снежкин де Колбин сияқты, қазақтың мiнезiн, құндылығын, қасиетiн бiлмейтiн адам. Осындай дүние жасау үшiн режиссердi шетелден шақыртудың не қажетi бар едi дейсiң. Өзiңнiң қолыңнан келмеген соң, көргенiң осы ендi. 

Заңғар ҚАМЫТБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті