1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 11-12 (16197-198) 9 ақпан, бейсенбі 2017
9 ақпан 2017
Облыстық «туалет»

Ауылдан арсалаңдап, қалаға келейiн. Қалаға қыдырып келген жоқпын, оны-мұны, майда-шүйде керек болып келдiм. Құдайдың бере салған қуығы қыштап, дәретхана iздейiн. Бұрын кеңес заманында аттаған сайын дәретхана болатын, қазiр мұның бiрi де жоқ, тек мекеме, кафелердiң iшiнде болмаса... Олар да “асылып өлейiн деп” жатсаң да кiргiзбейдi. “Қуық үшiн асылып керегi не?” деп ышқырымды көтерiп қойып, суық тиген бе, күрк-күрк жөтелiп қойып, бiр жерлерге келгенде, маңдайшасына: “Қалалық туалетхана” деп жазып қойған екi қабатты дәретхананы көрiп, көзiм шығып кете жаздады. “Туалетханасы” несi? “Дәретхана” деп жазса қайтедi? Осы қалалық әкiмшiлiкте отырған мамандардың денi сауатсыз, қиялилар-ау деймiн? Қалалық туалетхана? Ойым он, қиялым қырыққа бөлiнiп, дәретханаға кiре бергенiмде, алдымнан автомат асынған күзетшi шыға келдi.
– Қайдан келдiңiз? – деп сұрады ол.
– Ауылдан.
– Ауылдан болсаңыз, ауыңызды көтерiп, облыстық туалетке барыңыз!
– Кешiр iнiм, кiре салайын...
– Болмайды! Бұл – қалалық туалетхана.
– Әшейiн айтамын, мен де қалалық туалетпiн. Ой, кешiр iнiм, қалалықпын.. –дедiм мен. Өтiрiк айтып тұрмын, әрине.
– Қаладан болсаңыз, ЦОН-нан мекенжайыңыз туралы анықтама әкелiңiз.
– Ойбай-ау, оны әкелемiн дегенше, қуығым қызып кетедi ғой...
– Қайнап кетсе де, тәртiп солай!
– Жаңа келген әкiмнiң тәртiбi қызық екен. Үстiңгi қабатта не бар?
– Қыз-келiншектерге арналған туалетхана...
Қуығым “қайғырып” бара жатқан соң, ол сiлтеген көшеге зымырай жөнелдiм. Шыдап келемiн. Жүрiсiмнiң, жүгiрiсiмнiң өзi қызық болып кеттi. Көрер едiм, сiздердi де қыштап бара жатса...
Содан сонадайдан маңдайшасына: “Облыстық туалет” деген жазуы бар мекемеге, ой, кешiрiңiздер, дәретханаға да жеттiм-ау. Жете бере, алдымнан қолына гранат ұстаған күзетшiнi құшақтай алдым. Сүйенбесем, дауыл тұрып, аспанннан жауын сiркiреп кететiндей.
– Ары тұрыңыз! Террорист болсаңыз, гранатпен жарып өлтiремiн! –дедi ол.
– Ойбай-ау, қайдағы жанкештi? Сәл... “кiшт-кiшт” етiп алайын...
– Қалалық туалетке барыңыз!
– Сол қалалық туалеттен жiбердi.
– Резюмеңiз бар ма?
– Құдайым-ау, резюмесi несi? Мен жұмысқа тұрайын деп келген жоқпын, нетейiн деп...
– Немене, нетейiн деп? Қалада тiркелгенсiз бе?
– Жiбершi шырағым! Өлiп барамын!
– Сiз өзi қазаққа ұқсамайсыз?
– Е?
– Сириядағы оппозиционер емессiз бе? Олай болса, халықаралық туалетке барыңыз!
– А?
– Халықаралық туалетке деймiн...
– Ендi керегi жоқ... Нелерге шыдамаған бұл қазақ?! Ауылға дейiн шыдаймын! Шыда, қазақ!!!
Мен суық күнде бүрсеңдеп, ауылдағы қайран кең даламды, ен даламды көзге елестетiп кете бардым.


Мұхтар ШЕРIМ
Шымкент

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар