1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Басы кесілген ат

ЖАПОНИЯНЫҢ ТОКУШИМА ПРЕФЕКТУРАСЫНЫҢ АҢЫЗЫ
Ава елінде (Токушима префектурасындағы көне елдің аты) Цуноминэ деген тау бар. Баяғыда осы таудағы Куваногава өзенінің жоғары жағындағы Кувано деген жерде бір бай тұрыпты. Бірде кешқұрым бір рикубу байдың сарайына келеді. Рикубу деген жапон елі алпыс алты аймаққа бөлініп тұрған кезде Хокэ (сутраның түрі) оқып, әр буды (бөлік) жеке-жеке аралаған діндарлар болған. Алпыс алты елді аралаушыны бір сөзбен рикубу деп атаған. Ақ кимоно киген, қолында қолғабы, бұтында шалбары, аяғында варадзиі (сабаннан жасалатын аяқкиім) бар, ган (Будда жәшігі) арқалаған рикубулар қоңыраулатып, ел аралап дұғалар оқитын болған.
Рикубу байдың қақпасын қағып, түнеуге рұқсат сұрайды. Бай рикубуды қонақ қылады. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда бай «менің асыл дүниемді көріңіз» деп, сандығындағы заттарын көрсетеді. Рикубу оған таң қалмайды. Ол байға «қазір сізге ешкім көрмеген қасиетті затымды көрсетемін» дейді. Екеуі жеке бөлмеге кіреді. Рикубу түйіншегін ашады. Рикубу алтыннан құйылған әтешті шығарады. Одан кейін көлемі 1 сун (3,03 см) болатын төрт бұрышты кішкентай қобдишаны көрсетеді.
— Мұның ішінде не бар деп ойлайсыз?
Бай таба алмайды.
Қобдишада кая (шыбын-шіркейден қорғайтын тор) бар еді.
— Бұл жай кая емес. Осы титтей қобдишаға сыйып кететін каяны жазса ішіне бір адам сыятындай болып ұлғаяды. Ол маса, шыбын-шіркей ғана емес, жын-шайтаннан да қорғайды. Рикубу каяны ашып көрсетеді. Мөлдір де жұп-жұқа үлбіреген нәрсе екен.
Сол түні байдан ұйқы кетеді. «Қайдағы бір қаңғыбас сондай асыл заттың иесі. Қолға қалай түсірсем екен?» деп ойлана келе, рикубуды өлтірмек болады. Рикубу да бір нәрсені сезгендей ұйықтай алмайды. «Қобдишаны аша қойғанымды қарашы. Бекер көрсеткен екем» деп таңға дейін уайымдаумен болады. Ол таң атпай тұрады да, сарайдан шықты. Куваногаваны бойлай жүгірді.
Рикубу қашқанмен құтылмады. Бай қуып жетіп, алтын әтеш пен каяны сұрады. Рикубу бермейтінін айтты. Бай қылышты сермеп қалғанда жүзі рикубуға емес, өзінің астындағы атының басына тиіп, шауып түсірді. Ол қашып бара жатқан рикубуды ұстап алып өлтірді де, денесін шыңырауға тастады. Бұған дейін тұп-тұнық болған шыңырау суы осыдан кейін лайланып кеткен екен. Шыңыраудың Нигорибучи (Лай шыңырау) деп аталуы содан екен. Өлімге себеп болған алтын әтеш сол күні шыңырау түбінен шақырып қоймапты дейді. Сол күннен байдың үйінде тосын оқиғалар бола бастайды. Күріш түйсе, ішінен бұрқылдап қан шығады. Байдың үйіндегі асқа қан араласып пісетін болыпты. Ақыры бай отбасы бір түнде қырылып қалыпты. Асыл каяның қайда қалғанын ешкім білмейді екен. Бай отбасы жойылса да, рикубудың зары қалып қояды. Жаңбырлы түндері басы кесілген атқа мінген рикубу ауылды елес боп кезіп жүреді. Оны көргендер не айықпас ауруға шалдығып, не бірден жантәсілім етеді екен. Жұрт қорқып, түнде далаға шықпайтын болыпты. Түнде бұл ауылдан басы кесілген аттың шабысы ғана естіледі дейді.


Жапон тілінен аударған Шарапат ЖЫЛҚЫБАЕВА
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар