1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Құстың сөзі

ЖАПОНИЯНЫҢ ЧЮБУ АЙМАҒЫНЫҢ АҢЫЗЫ
Баяғыда бір қария ауыл маңынан өтіп бара жатса, үш бала түлкінің күшігін азаптап жатыр екен. Қария мақұлықты аяп кетіп, балаларға қалтасындағы ақшасын беріп, түлкінің күшігін тауға босатып жібереді. Ары қарай шаһарға барып, қайтар жолда әлгі жерден өтіп бара жатса, бір сүйкімді қыз бала тұр дейді.
— Ата, мен сіз құтқарған түлкінің баласымын. Шешем сізді қонаққа шақырды. Көзіңізді жұмып, «аш» дегенде ашыңыз, – дейді де, қыз түлкіге айналады. Шалды мінгізіп, жорта жөнеледі. «Көзіңізді ашыңыз» дегенде шал көзін ашып қараса, бір сарайдың алдында тұр екен. Ішінен ұрғашы түлкі шығып: «Жалғыз қызымды құтқарғаныңыз үшін көп рахмет. Қонақ болыңыз», – деп үйге кіргізеді. Неше түрлі таңсық асты алдына қояды. Қария таңертең кетуге ыңғайланғанда түлкі айтады:
— Ақсақал, сізге мына ожауды сыйлаймын. Бұл – түлкінің орэфу деген қасиетті заты. Құлағыңызға тақасаңыз, құс біткеннің үнін естисіз, не деп сайрағанын түсінесіз.
Қария үйіне келсе, бақтағы ағашта екі қарға қонақтап отыр екен. Құлағына ожауды тақайды.
— Қарқ-қарқ, Эчигода (Жапонияның солтүстігіндегі көне аймақ – Ш.Ж.) жағдай қалай?
— Қарқ-қарқ, Киотоның қарғасы-ау, Эчигоны қойшы, астанадағы жағдайды айтсаңшы.
Қарғалардың сөзі анық естіледі:
— Киотода (Жапонияның көне астанасы – Ш.Ж.) император ауырып жатыр. Бүкіл бақсы-балгер, дәрігерлер жиналса да, аурудың себебін ешкім білмейді. Пенде деген ақылды надан емес пе?! Император астанадағы өзенге көпір салдырған. Көпірдің тіреуіш бағанының астында тасбақа қалған. Тасбақаның қиналысы императорға ауру болып беріліп, қазір хал үстінде жатыр. Сол тіреуіш бағанды алып тастаса, император жазылып кетеді.
Қария бірден Киотоға жол тартты. «Жапон еліндегі мың сан ауруды емдейтін тәуіппін» деп император сарайына барады. Оны сарай қызметшісі шақырып алып, ел билеушісінің неден ауырғанын сұрайды. Шал түлкінің сөзін айтады. Көпірдегі тіреуіш бағанның астындағы тасбақа шығарылғанда, император ауруынан айығады. Қарияға мол сыйлық беріледі. Осылайша құстың тілін білетін қарияның даңқы бүкіл елге жайылған екен.

Жапон тілінен аударған Шарапат ЖЫЛҚЫБАЕВА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар