1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №25 (16211)   30 наурыз, бейсенбі 2017
30 наурыз 2017
«Таңғы серуен» қалпына келтірілді

19 наурыз күні Лондон галереясындағы «Таңғы серуен» картинасын белгісіз біреу бұрағышпен жыртпақ болған-ды. Галерея қызметкерлері мен келушілер ұстағанша, ол Томас Гейнсбороның туындысын екі жерден сызып үлгерді. Кейін белгілі болғандай, картинаға нұқсан келтірген 63 жастағы Кит Грегори есімді үйсіз-күйсіз адам болып шықты. Тұтқындаған кезде ол өзінде бомба бар екенін айтып айқайлапты.
Дегенмен құнды туынды тез арада қалпына келтірілді. Оны 28 наурыз күні түгелдей жөндеуден өткізіп, экспозицияға қайта қосты. Қалпына келтіру жұмыстарын мұражайдың Пол Акройд бастаған өз қызметкерлері жүргізген. Ең бастысы, картинаға екі жерінен ұзын сызық түссе де, кенепке зақым келмеген.
«Таңғы серуен» туындысын ағылшынның XVIII ғасырдағы ең танымал суретшісі, Ұлыбритания корольдік академиясының негізін салушы Томас Гейнсборо 1785 жылы салды. Сурет Лондон галереясының қорына 1954 жылы қосылды. Картинада тоғайда ит қыдыртып жүрген ерлі-зайыпты Уильям Халлеттер бейнеленген.

ЛЕКЦИЯ ОҚЫМАСА, СЫЙЛЫҚТЫ АЛМАЙДЫ

Америкалық музыкант және ақын Боб Дилан әлі күнге Нобель сыйлығын алған жоқ. Швед академиясы оны 2016 жылдың әдебиет бойынша айтулы сыйлыққа лайық деп таныған-ды. Мәртебелі тартудың берілу себебін академия «Американың ән дәстүрі аясында жаңа поэтикалық үндестік тудырғаны үшін» деп түсіндірді. Алайда өмірінің негізгі бөлігін музыка саласына арнаған өнер иесіне ең беделді әдеби сыйлықтың берілуін қаламгерлер онша қолдай қойған жоқ.

Диланның өзі бұл жаңалықты естігенде тілін жұтып қойғандай күй кешкенін айтыпты. 2016 жылдың 10 желтоқсанында өткен сыйлықты табыс ету кешіне де жиналғанымен, музыкант гастроль кестесінің тығыздығынан бара алмаған. Сыйлық тарату комитетінің өкілдері Диланмен жеке хабарласа алмапты, өйткені агент музыканттың «концерт алдында демалып жатқанын» айтқан. Сыйлықты табыс ету кешінде Диланның құттықтау сөзін АҚШ-тың Швециядағы елшісі Азита Раджи оқып берді. Ал ақынның досы, жазушы, әнші Патти Смит көпшілік алдында Диланның A Hard Rain’s A-Gonna Fall деп аталатын әйгілі әнін орындап берді. Смиттің толқығаны соншалық – әннің сөздерін ұмытып қалып, қайта-қайта кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Жақында Нобель академиясының хатшысы Сара Даниус өзінің «Академия өмірінен» деп аталатын блогында Диланға қойылатын талапты мәлім етті. Ақын дәстүрлі Нобель лекциясын оқымаса, Швед академиясының қаржылай сыйлығын ала алмайды. Сыйлық көлемі – 8 млн швед кроны (911 мың АҚШ доллары). Дилан 10 маусымға дейін лекция оқымаса, ештеңе берілмейді. Дегенмен қандай жағдайда да Дилан Нобель сыйлығының лауреаты болып қала береді.


ҰРЫЛАР ЖЕЛІДЕН ТАБЫЛДЫ

21 наурыз күні Екібастұз қаласындағы «Максимол» сауда үйінде ұрлық жасалды. Белгісіз үшеу сауда үйіндегі бутиктердің бірінен жақұт көздері бар 3 асыл бұйымды сатып алатын рай танытып, алып қашып кеткен.

Жергілікті полиция қылмыскерлерді қолға түсіру үшін бар мүмкіндікті пайдаланды. Барлық әлеуметтік желіге күдіктілердің бейнежазбасын таратты.
Бұл әдіс тез нәтиже берді. Әлеуметтік желідегі топтардың бірінде бір азамат күдіктілерді көргенін жазды. Тәртіп сақшылары ақпаратты дереу тексеріп, Екібастұз ықшамаудандарының бірінен күдіктінің біреуін қолға түсірді. Бұдан кейін оның екі сыбайласын табу да қиын болған жоқ, олар Қарағандыда ұсталды.
Күндізгі көпе-көрінеу ұрлықтан кейін күдіктілер дереу такси жалдап, облыс орталығына тартып отырған. Сол жерде асыл бұйымдарды ломбардқа 300 мың теңгеге өткізген. Ұсталғандардың үшеуі де – Қарағанды облысынан, 22, 27 және 28 жастағы жігіттер болып шықты. Үшеуі де бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Екібастұз қалалық ішкі істер департаменті оқиғаға бейжай қарамай, көмек көрсеткені үшін қала тұрғынына алғыс білдірді. Енді оны марапаттау мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл туралы Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

АҚША ЖАУҒАН КҮН

Американың Фредериксберг (Вирджиния штаты) қаласының тұрғыны Мерри Томас танысына лотереяны қалай дұрыс ойнау қажеттігін көрсетіп тұрып 1 млн доллар ұтып алды. Жұмыстан кейін Мерри мен құрбысы супермаркетке кіреді. Дүкен ішіне қойылған автоматқа таяғанда, құрбысы лотерея ойнауға ықылас білдіреді. Мерри өзі де билет сатып алып, оны автоматта қалай сканерлеу керек екенін көрсетіп тұрғанда 1 млн доллар ұтып алғаны белгілі болады.
Лотерея ережесі бойынша ұтысты аз-аздан отыз жыл бойы немесе соманың бір бөлігін қайырымдылыққа беріп, бірден алуға болады. Мерри екіншісіне тоқтап, 630 915 долларды қолма-қол алып кетті.
Көктемнің алғашқы күнінде Австралияның Ньюкасл қаласының тұрғыны да күтпеген байлыққа кенелді. Ол өз заттарын ақтарып жатып ескі лотерея тауып алады. Сөйтсе, бұл құнды қағаз 1 млн-нан астам Австралия долларын «арқалап» жүр екен.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар