1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Ерқанат ТӘУКЕБАЙ: КЕНШІ мен «АРҚАРДЫҢ» АРАСЫ ҚАРҒА АДЫМ

Жер астына алғаш рет түскенімде қасымдағы кенші «көр азабын білесің бе?» деді. Басымды шайқадым. «Қолыңдағы шамның жарығын өшірсең, көресің», – деді ол. Әлі есімде, 2010 жыл еді. Ақтөбе шахтасы. 365 метр тереңдікке жетіп, көлденең төселген рельс жолмен 500 метр жүрген соң, шам жарығы өзінен-өзі өшіп қалды. Кеншілерден бөлініп, жалғыз қалған едім. Соқыр қараңғының азапты салқыны тұла бойымды тітіркендіре өтіп, маңдайымнан салқын тер тамшылай кетті. «Жер бетіне тірі шығам ба, шықпаймын ба?» деген жалғыз сұрақтың жауабы жоқтай көрінді. Одан бері шахтаға қанша мәрте түсіп, қанша рет шығып жүрміз, етіміз үйреніп кетсе де, көкейдің бір түкпірінде бәрібір осы сұрақ тығылып тұратындай. Құдай басқа салмасын, өзім жүрген жерде төтенше жағдай болған емес. Басқа жерде кеншілер қаза тауып жатады. Сондай қаралы хабар жеткенде аздап ойланып қалатынымыз бар. Бірақ апаттан қорқып, шахтаға түсуден бас тартқан ешкімді көрмедім. Сірә, бұл емі жоқ кәсіби ауруымыз шығар.
Таныстарым шахтадағы өмір туралы көп сұрайды. Жер астында не өмір болушы еді? Әлемдегі ең ауыр жұмыс осы. Кеншілер шахтаға таңертең түседі, кешке жер бетіне бір-ақ шығады. Күннің көзін, ашық аспан, ала бұлтты көрмейді. Бірақ жеті қат жер астында жүріп күн райы қалай, жауын жауып, жел соғып тұрған шығар деп сұрап тұрады. Шахтаның қуыс-қуысын босатпайтын уілдеген жел аздық еткендей, жер бетіндегі желді, көктегі жауынды ойлау жарық дүниеге аман жетудегі бір үміт шығар, білмеймін.
Жігіттер бірімен-бірі түс кезінде ғана жолығады. Басқа кезде әңгіме айтуға шама жоқ. Дастархан басында қызу талқыланатын тақырып – саясат, отбасының билігі. Бұл жерде айтылатын сөздің қасында қала мен ауыл асүйіндегі әңгіме баланың ойыншығы болып қалады. Шахтада жүргендер елдегі әлеуметтік, экономикалық ауыртпашылықтың бәрін көріп, соған күйіп-піскендер. Билік пен саясат туралы сөйлегенде шерлері оңай тарқамайды. Мынадай бір заңдылық бар: кеншілердің 99 пайызы тұралап, құлап, қирап қалған шағын қалалар мен ауылдардың тұрғындары. Шахтаға Алматы мен Астанадан қызық қуып келген ешкім жоқ. Кентау, Текелі, Риддер қалаларының кеншілері елден жұмыс таппай, Ресей шахталарында тарыдай шашылып жүр. Кезінде Қазақстанның ең үлкен шахтасы болған Кентаудағы шахта жұмысын тоқтатқан, ішін су басып жатыр. Ал қала тұрғындары жұмыс іздеп, ел кезіп кетті. ТМД-дағы, елдегі қай шахтаға барсаңыз да, сол жерден міндетті түрде кентаулық кеншілер алдыңыздан шығады. Тіпті Кореяның теңіз порттарынан жұмыс іздеп кеткен таныстарым көп.
Кей адамдар біздің жұмысты романтика деп түсінеді. Күн көзін көрмей, апталап жер астында ауыр жұмыста жүру, мардымсыз айлық алу, алыстағы әке-шеше, бала-шағаңа діңкелеп жетудің несі романтика екенін түсінбейміз. Шынын айтқанда, бұл өзі ит тірлік. Сонысына қарамай, басқа салаға кете алмай байланып қаласың. Әлде романтика деген осы ма? Айлығың 100-150 мың теңгенің төңірегі. Мұндай ақша қалада такси болсаң да, жүк түсірсең де табылады ғой. Бірақ шахтаның ауыр жұмысына түскендер қаланың ығы-жығы тіршілігінен қашады. Мұның себебін ешбір кенші түсіндіріп бере алмайды. Қараңғы, шаңға толы суық шахта өзіне тартады да тұрады. Бәлкім, шахтадан кете алмауымыздың бір сыры арамыздағы қарым-қатынастан шығар. Білесіз бе, жер астында ешкім біріне бірі артық сөз айтпайды. Жазылмаған заңдылық солай. Айттың ба, онда кенші емессің. Жер бетіне аман шығуың неғайбыл.
Біз алтын іздеушіміз. Алтын кенінде радиация аз. Мыс шахталары сияқты денсаулыққа аса қауіпті емес. Дегенмен кейде асыққан кезде шахта ішінде газға уланып қалатындар бар. Ондай кезде жігіттерді ұйықтатпауға жанымызды саламыз. Газ тиген адам бір ұйықтаса, қайта оянбай қалуы мүмкін. Ұйқы жетелеп кетпес үшін сүт беріп, моншаға түсіріп, арнайы емханаға жібереміз. Газданған кенші тыңғылықты тазарып емделмесе, өкпесін өшіріп алады. Өкпесі өшті деген сөз – жұмысқа жарамсыз болып қалғаны. Сондықтан жігіттердің амандығы бізге алтыннан да қымбат.
Қазақ «алтынның жолы ауыр» дейді. Рас сөз. Алтын іздеу, өндіру оңай емес. Дайын алтынды ұстай, ұқсата білу одан да ауыр. Аяқасты түрлі амалмен байып кетіп, жамбасына басқан алтынның буына күйіп кетіп жатқандар баршылық қой.
Таныстарым «қанша алтын таптың, үйіңде қанша алтын бар?» деп жиі сұрайды. Айына 20-30 килограмм алтын шығарамыз. Ал үйімде бір түйір алтын жоқ. Шахтадан алтын алып шығып ұсталсаң, бірден жұмыстан кетесің. Кірген-шыққан сайын тексеру қатаң. Шахтадан алтын ұрлап, жұмыссыз қалғандарды «арқар» дейміз. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген тәпсір «арқарларға» жүрмейтін сияқты. Ауыр еңбегі бағаланып, бала-шағасына жететін айлық алса, дайын жұмыстан безіп, қауіп-қатерге басын байлап несі бар? Шындығына келгенде, «арқарлар» шахтада жүрген кеншілермен салыстырғанда өте білікті. Алтынның түр-түрін жақсы ажыратады, сапасын дөп басады. Қалай іздеу мен оңай жолмен тауып алуды әбден меңгерген мамандар. Амал не, заңға қайшы тірлікке кетеді...
«Арқарлар» қараусыз қалған немесе істеп тұрған шахталарға жасырын түсіп, айлап тығылып жатып алтын қазады деп естиміз. Бұл тірліктері, әрине, заңсыз. Алайда қу тіршілік не істетпейді? Олар басқа жұмыс істей алмайды. Амалсыздан заңсыз жолмен алтын іздей жүріп, қаза табатындары да аз емес. «Арқарлықпен» байып кеткен жан да жоқ. «Алтынның жолы ауыр» деген осы шығар.
Бізде «арқарлыққа» бармай, 55-60 жасқа дейін кенші боп жүргендер бар. Олар жастары ұлғайған сайын ауыр жұмысты атқара алмай қатты қиналады. Оларды жұмыстан шығарып жіберейін десең обал. Шығармайын десең, жоспар орындалмайды. Бүгінде кенші 45-50 жастан асқан соң қадірсіз. Ресейде жүрсе 20 жылдық еңбек өтілімен 50 жастан зейнетке кетер еді. Бізде мұны ойлап жатқан шенеунік пен депутат жоқ. Өздерінің айлықтарын көтеруді ұмытпайды, әйтеуір.
Қазір компания қожайындарын байытып жүрген алтын кеншілері күндердің күні «арқарлыққа» кететіндерін бір түйсігімен сезетіндей. Себебі ерте ме, кеш пе, шахталарға заманауи қондырғылар келеді. Қазір он адам істейтін жұмысты ертең жаңа техниканың көмегімен бір адам атқарады. Сонда қажетсіз болып қалған азаматтар, «көр азабын бір кісідей көргендер» ертең «арқарлардың» қатарын көбейтеді ғой. Басқа қайда барады? Үкімет олар үшін қолайлы жұмыс орнын ашып бермесе (мұнысына үміт аз), осылай болары анық қой. Қысқасы, кеншілерге күннің нұры да, биліктің нұры да көрінбей тұр

Жазып алған Р.ЕРБОТА
 

Редакциядан:
Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекованың үкіметке жолдаған сауалына сенсек,соңғы бес жылда елдегі кен орындарынан алтын ұрлаған 19 мың адам ұсталған. Осы уақыт ішінде ұрланған алтынды өңдейтін 75 цех әшкереленіп, 500 тонна шикізат тәркіленген. 2015 жылы кеніштерге алтын іздеу үшін заңсыз түскен алты адам қаза тапқан. Алтынды заңсыз жолмен өндіруде тек Степногор өңірінде 2014-2015 жылдары 9 млрд теңгенің өнімі алынбай, бюджетке 2 млрд теңгенің салығы түспеген.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар