1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Тағдырдың жазуына сенесіз бе?!

Баяғыда есімі елге белгілі, атақты бір профессор болыпты. Сол кісінің жан дегенде жалғыз қызы болса керек. Жалғызынан несін аясын, әкесі перзентін ештеңеден таршылық көрсетпей, мәпелеп өсіріпті. Қыз да көрікті, сұлу, көркем болып бойжетіпті. Ақылына көркі сай бойжеткен күндердің бір күнінде сүйіктісін жолықтырып, әкесінің батасын алып тұрмыс құрыпты. Бірақ «қызымды құтты орнына қондырдым, міндетімнен құтылдым» деп мерейі тасыған әкенің қуанышы ұзаққа бармай, жас отбасының іргесі шайқалады. Ақыры сәтсіз некенің соңы ажырасуға алып келеді. Профессор бұл жағдайға жаны ауырып қиналса да, қызының шешіміне қарсы бола алмайды. Сөйтіп, екі жас үй болмай жатып ажырасады.
Осылайша күндер өтіп жатты. Күйбің тірлікпен біршама уақыт өтіп кетті. Бір күні қызы жүзі бал-бұл жанып, әкесіне наздана отырып өзінің жаңалығын естіртті.
– Әке, – деді қызы еркелей үн қатып, – мен сүйгенімді таптым, егер сіз қарсы болмасаңыз, мен тұрмысқа шығайын. Сіз не дейсіз?
Профессор, шындығында, қызынан мұндай жаңалықты күтпеген еді. Қапелімде не дей қойсын, «қызымның бақытты болуы үшін бәрін жасауым тиіс» дейтін өз-өзіне, қызы үшін бәрін жасағаны рас, тек жеке өміріне араласа алмайтыны шындық қой, әке құптайтынын білдірді.
– Мен неге қарсы болайын, егер сен өзіңнің бақытыңды тапсаң... Тек алдыңғы некең сияқты болып шықпай, бір-біріңді сыйлап, жарасымды жанұя болсаңдар болғаны... – деп, қызына ақ батасын берді.
Сонымен, екі жас шаңырақ көтеріп, отау тікті. Жастар да, профессор да бақытты еді. «Қызымның бағы ашылды, енді тек қуанышымыз ұзағынан болсын» деген әкенің көңілін бір күні қызы нілдей бұзды. Қызының айтуынша, екеуі жараса алмайтын сияқты. «Ажырасатын болдық, – деді қызы. – Бұдан әрі бірге тұра алмаймыз. Біз осылай шештік». Қызға әке не десін, өз қолын өзі кесе алмайды ғой, іштей қапаланса да, келісімін берді. Сөйтіп, тағы бір отбасының шаңырағы ортасына түсті.
... Бір күні профессор кабинетінде жұмыс істеп отыр еді, есікті тықылдатып рұқсат сұрап, қызы кіріп келді. Әңгімесін неден бастарын білмей, қыз біршама іркіліп тұрып қалды. Қипақтап тұрған қызына профессор:
– Бірдеңе айтайын деп пе едің, нендей шаруамен келдің? – деді көзәйнегін шешіп, бүкіл денесімен бұрылып.
– Айтсам, әке, мен тұрмысқа шығатын болдым... – деді қызы күмілжіп, – білемін, әке, сіз маған ренжулісіз. Бірақ дәл солай болғанын мен де қаламадым ғой... Мүмкін, бұл менің маңдайыма жазылған тағдыр шығар. «Тағдырдан ешкім қашып құтыла алмайды» деп өзіңіз де айтушы едіңіз ғой, бұл маған берілген Алла тағаланың сынағы шығар, бәлкім. Мен айнымас өмірлік серігімді тапқан сияқтымын...
Профессор, шынында, қызына өкпелі еді. Не айтарын білмей, біршама уақыт ойланып отырып қалды. «Мен елге танымал зиялы адаммын. Ал қызымның ісі мынау – бір емес, бірнеше рет күйеуге шығып, менің абыройыма нұқсан келтірді. Мұны естіген ел ертең «қызына дұрыстап тәрбие бере алмапты» деп күлмей ме, жұрт назарында жүрген менің әр ісіме ел сыншы ғой, соны мына қыз неге түсінбейді?» деп іштей қапаланыпты. Десе де, қызына ризашылығын береді.
Сөйтіп, қыз үшінші рет күйеуге шығып, шын бақытын тапқан еді. Алайда бұл бейбақтың шат-шадыман, бақытты өмірі тым қысқа екен. Аяқастынан кеселге шалдығып, бақи дүниеге жүріп кетеді. Қызының өлімі әкенің қабырғасын қайыстырып, жанын ауыртты. Бағы ашылмаған қызының өткен өмірін ойлап жүрегі езілді. «Не себепті ол осындай жағдайға душар болды, қай жерде біз қателік жасадық, ол бақытты болуға тиіс еді ғой» деген ой жанын жегідей жеді. Кенет профессордың ойына бір идея келді. «Қызым «бұл менің маңдайыма жазылған тағдыр шығар» деп еді-ау. Маңдайын ашып көрсем бе екен, мүмкін, шынында, солай ма?» деп, ойына алғанын жасап көруге тырысады. Сөйтіп, ол ақтық сапары алдында қызының маңдайын ашып көреді. Шынында, профессор күтпеген нәтиже алдынан шықты – қыздың маңдайында оның үш рет күйеуге шығатыны жазылған екен. Маңдайдағы жазуды оқыған профессор есі ауып құлап қала жаздайды. «Қызымның алдында кінәлімін, сүйеу болудың орнына оны бекерге жазғырдым, бұлай боларын кім білген, тағдырдың жазуы дегенді өзіміз айтамыз да, оған мән бермейді екенбіз ғой, қызым дұрыс айтыпты» деп еңкілдеп жылаған екен.
Тағдырдың жазуы демекші, мына бір оқиға да есімнен кетпейді. Жас жігіт алдағы өмірін болжап көрмекке ниет етіп, құмалақшыға жүгінеді. Құмалақшы оның алақанына қарап отырып, болашақта өмірінің қандай болатынын айтып беріпті. Балгердің айтуынша, жігіт ауылдың бір қызына үйленеді екен. Жігіт жорамал бойынша қызды іздеп барады. Іздеген қызын тапқан жігіттің салы суға кетеді: қыз ұсқынсыз әрі әкесі кедей екен. Бай баласы ол қызды өзіне қалай тең көрсін, одан құтылудың жолын іздейді. «Қызды өлтіру керек» деп шешеді жігіт. Сөйтіп, бір күні ұрымтал тұсты пайдаланып, қызды пышақтап кетеді. Жігіт қыздан құтылғанына сенімді еді. Бірақ...
Осы жағдайдан кейін бай баласы қоныс аударып, басқа қалаға көшіп кетеді. Өткен өмірін тез ұмытқан жігіт күндердің күнінде бір қызға құлай ғашық болып, ақыры екеуі сөз байласып үйленеді. Үйленген соң қыздың денесіндегі тыртықты көріп, оның не себептен болғанын сұрайды. Қыз болған жайды айна-қатесіз айтып беріпті, сөйтсе, ол баяғы өзі құтылуға тырысқан қыз болып шығыпты. Өз ісіне қатты өкінген жігіт Алла тағаладан кешірім сұрап, еңіреп жылаған екен.
Жақында бір туысымыз қайтыс болды. Мына сәйкестікті қараңыз: марқұмның туған және өлген күндері бір датаға, сондай-ақ дүниеге келген күні мен уақыты жер қойнына тапсырылған күн мен мезгілге дөп келді, яғни артық-кемі жоқ тұп-тура 49 жыл! Анасы Бибісара: «Құлыным мүшелден шыға алмай қалды-ау... Осы мезгілден аман-сау өтіп кетсе, шыбын жаны қалар ма еді?!» – деп зарлайды. Көпті көрген көнекөздер ананың бұл уәжіне басу айтып, «маңдайына жазылған тағдыр ол... адам дүниеге келген күннен-ақ өмірінің қалай болатыны жазылады» деп сабырға шақырды.
Әсілі, тағдырдың жазуы деген бар нәрсе. Бұл дүниеде барлығын пенденің ойлағаны емес, пешенесіне жазылған тағдыры шешетінін көбіміз ойға ала бермейтініміз рас. Пендешілікке салынып астамсып кететініміз де өтірік емес. Бірақ Алла тағаланың жазуынан ешкімнің қашып құтылмайтыны анық. Адам баласы бір сәт осыны ойлап жүрсе дейсің...

К.ҚАДЫРБАЕВА
Талғар ауданы
Алматы облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Дала | 16 тамыз 2017 16:36
Мүмкін. Жазу бар дейді. Жуырда жерлесімнен тағдыр жазуын жалқаулар ойлап тапқан, өзінен өзі ештеңе келмейді, көп еңбектену керек, маңдайдағы жазу деген болмайды деп естідім. Меніңше, жазу бар. Өйткені жақсы адамдар да шырғалаңнан шыға алмайды, ақыл-көркі болса да, ал кейде жалқаулар да шырқайды. Бұл не: бақ пен бап па,сор ма?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар