1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
Ырыздығы артқан Ыдырыс

Дәрігер ұлымызға саумалдың пайдасы зор екенін айтты. Ертеңіне күн көкжиектен сығалай салысымен Талғар жолын жағаладық. Тұздыбастаудан Талғарға шығатын жолдың екі қапталында саумалдың неше жарнамасы жарқырап тұратын еді. Белбұлақтан шыға бере оң жақтағы киіз үйді көріп қуанып кеттік. Бірақ есігі тарс жабық тұр. Сауындағы бие де көрінбейді. Сәл ұзадық. Екі жүз-үш жүз метр жүрдік пе, жүрмедік пе, «Қымыз, саумал. Көзіңізше сауылады» деген жарнама «менмұндалай» қалды. Тежеуішті бастық. Тобымызбен келген бізді езуіне күлкі үйірген жігіт ағасы қарсы алды. Қасында құлдыраңдап он бір-он екі жасар баласы жүр. Сауын уақытына аз қалыпты. Ұлдың сырқаттанып жүргенін, саумал ішуге дәрігер кеңес бергенін айтқанымызда, Ыдырыс өз баласына күле қарап:
– Мына біздің батыр да жылқылар су ішетін астауға шомылам деп жөтеліп қалыпты, – деді. Мұрат болса бізге қарап тығыла тықылдап, жымың-жымың етеді.
Аз күнде Ыдырыс Дауылбайдың тұрақты клиентіне айналдық. Балалар жалбыз дәмі аңқыған саумалды әуелі жатырқай ішкенімен, екі күн өтпей сұрап сіміретін жағдайға жетті. Күнде таң атпай баруға уақыт та көтермеді. Оның үстіне таңғы алтыда алғашқы сауын басталған кезде Ыдырыстың шаруашылығына тұрақты саумал ішушілер көп келеді екен. Біз кешкі сегізге жазылдық. Күнде кешкі жеті жарым шамасында барып алып, енді Ыдекеңмен әңгімелесіп отыратын болдық.
Ыдырыс елге Қытайдан 2005 жылы келіпті. Өзі үш ағайынды екен. Әулеттен Қазақстанға кетуге алғаш тәуекел жасаған да осы Ыдырыс екен.
– Жаңа өмір бастауға онша қорқа қойғаным жоқ. Арғы бетте де мал баққанмын. Мұнда да екі қолға бір күрек табылатынына сендім. Үш баламызды ертіп, жарымыз екеуміз «атажұрт, қайдасың?» деп тарттық та кеттік, – дейді ол.
Жас отбасы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылына тұрақтапты. Шелек соңғы жылдары аудан орталығы мәртебесінен айырылғанымен, күре жол үстінде жатқан ауқатты ауылдардың бірі. Ыдырыс мұнда сегіз жыл ет сатумен айналысты. Бір қыс қой да бақты. Кірпіш зауытында істеп нанын айырған кездері де болды. Ет сатуды кәдімгідей жолға қойып, бордақы бұқалар ұстауға машықтанды. 2000 жылдардың ортасында мынау деген етті бұқаны 50 мың теңгеге сатып алып, бір айдай бордақылап, 70-75 мыңға өткізіп жүрді. Үш ай ішінде Шелектің тау бетіндегі Қызылшарық ауылынан үй де алды.
– Бірақ етпен айналысудың да өз мехнаты бар, – дейді Ыдырыс. – Тұрақты сатып алушыларың болғаны жақсы. Бір кездері Алматыға ет өткізуге ниеттендім. Бірақ үлкен мейрамхана-кафелердің тұрақты қамтамасыз етушілері бар екен. Оның үстіне бұл шаруа да бірте-бірте шаршата бастады. Әлі де ет сатамын, бірақ бұрынғыдай ауқымды емес.
Атажұрт алыстан келген Ыдырыстың тынысын ашты. Балалары ортаға тез сіңісті. Оны айтасыз, елге келген соң жеңгей бірнеше рет олжалы болды, қазір олар көпбалалы отбасының ата-анасы. Ортадағы Мұратты бес қызғалдақ қоршай қаулап өсіп келеді.
Өткен жылы Ыдырыс бір кісінің биесін жаз бойы сауып берді. Бір бие сауғаны үшін күніне бес мың теңге алып тұрды. Бұл шаруаның өрісті болатынына әбден көз жеткізді. Сосын жиені Мақсат Әбіжановпен келісіп, екеуі бес-бестен он бие сатып алды.
– Қанша мал танимыз десек те, биенің бір-екеуінен қателесіппіз. Сүт беріп жарытпағандарын дереу ауыстырып, тез қалыпқа келіп алдық, – дейді ол.
«Мал танимыз» дегені тегін емес. Қазіргі он биенің біреуі ғана асаулау көрінді. Басқасы Мұраттың айдауына, Ыдырыстың қақпайына көніп, сауын уақытында шарбаққа тізіліп тұра қалады. Ыдекең Мақсат екеуі бас-аяғы 10-15 минут ішінде сауымды тез аяқтап, тізіліп отырған бізге, біз сияқты «саумалшыларға» көбігі қайтпаған ыстық сүтті ұсынып үлгерді.
– Бие сауатын жерді іздеп біраз жер жүріп қалдым. Жол үстінде, өткен-кеткен адамдар тез байқайтын тұста болғаны дұрыс қой. Шола жүріп, осы жерге көзім түсті. Қорыстанып, қурай басып кеткен жер екен. Қасынан су арнасы өтіп жатыр, тауға қарай жылқыны түнделетіп өріске шығарып кетуге де ыңғайлы. Дегенмен жер иесін іздеп алты ай жүріп қалдық. Ақыры таптық. Сөйтіп, бес жылға шарт жасастық. Алла бұйыртса, осы жерде бес жыл сіздерді саумалмен қамтамасыз етіп тұрамын.
Ыдырыстың бұл сөзіне бірден нандық. Желінің тау жақ беті бұталы жер екен. Биелер күн ұзақ соның ішінде жайылып, сауын уақытында Мұраттың алдына түсіп келе қалады. Келесі жылы Ыдырыс шаруа ауқымын кеңейте түсуді жоспарлап отыр. Келушілер енді саумалға ғана қанағаттанбай, тапшан үстінде сірне жегісі келетіндерін үнемі айтады екен. «Келесі жылы тағы киіз үй тігіп, қонақжайға айналдырамын. Келген адамдар сірне, кәуап жеп, қымыз ішіп, тау етегінде жақсы демалып кетеді», – дейді іскер жігіт.
Биыл бұл отбасының үлкен қызы Бәтима Бірлік ауылындағы №35 гимназияны үздік бітіріпті. Әкесі қызының ерте бастан өмір жолын таңдағанына разы. Бәтима жетінші сыныпта жүргенде-ақ өзінің дәрігер болатынын айтыпты. Түрлі сынақтарға қатысып, жүлдемен оралған кездері аз емес.
– Бәтима үшін бақаның аяғын тарбайтып қойып, жүрегін тоқтатып, шағын ота жасап, жүрегін қайта соқтыру түк емес. Медицинаға кішкентай күнінен бет бұрды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 127 ұпай жинады. Енді осы салаға түбегейлі кететін шығар, – дейді мерейленген әке.
Екінші қызы спортпен айналысады екен. Қазір Талдықорғанның «Жетісу» волейбол командасының жастар құрамасында ойнап жүр. Болашақта мықты жетістіктерге жетуді армандайды.
Келген қонақтарға Мақсаттың жары тік тұрып қызмет етіп жүр. Біздің көзіміздегі сауалды Ыдырыс тез оқи қойып:
– Жеңгең сәбимен үйде отыр, – деп күлді.
Іскер азаматтың дөңгеленген шаруасына ырза болып атымызға қондық. Жақында тағы бірер күн барып саумалын ішпекпіз. Балалар қыңқылдап сұрап жүр.
 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар