1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
15 тамыз 2017
Алтын сақаға ЭКСПО-дан орын табылмады

Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне көштен қалмай Шығыс Қазақстан облысының делегациясы да ілікті. «Біздерде мынандай бар, мынандай бар» дегенді көрсетуге өңір басшыларының бәрі құштар бұл күнде. Облыс әкімі Даниал Ахметов те көрмеде ерекше көрінуге тырысып бақты. Шығыстың атын шығарған археологиялық 3000-нан астам жәдігердің көшірмелері Астанаға жеткізілді. Бұл жәдігерлерге көрмеде көп назар аударылған сияқты.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, ЭКСПО-2017 басталғалы оған шығыстан 40 мыңнан астам адам барып қайтыпты. Бұл баруға тиесілі (міндетті десе де болады) 100 мың адамның жартысына зорға жуықтайды. Көрме жорығы үшін облыстық бюджеттен 419 млн теңге бөлініп, бұл ақша үлкенді-кішілі атқамінерлердің көзге түсіп қалуына тамаша мүмкіндік жасады.
Хош, сонымен қойшы, әйтеуір, шілденің соңында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Шығыс Қазақстан облысының күндері де дүркіреп өте шықты. Амал не, о баста ЭКСПО-ға қойылатыны сүйіншілей айтылған Тарбағатайдағы алып асық тасада қалды. Негізі, бұл асық жайында жылдың басында билікшіл басылымдар жарыса жазған-ды. «ЭКСПО-да тұрмағанда қайда тұрады» десті. Шетелдіктердің көзіне бірден түсетін, сол арқылы ұлттық ойынды, ұлттық болмысты баяндайтын алып сақа деп сипаттады. Әрине, бұл сөздің өтірігі жоқ еді. «Қазақстанның киелі картасы» жобасына енген Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата кесенесінің басшысы Болат Тағабайұлы (суретте) құрап жасаған бұл асық 2014 жылы Гиннесстің рекордтар кітабына енгенін айтсақ жетіп жатыр емес пе?! Алайда рекордтар тізіміне қосылған асықтың ескерусіз қалғанын шебердің өзі де түсінбей отыр.
– Асық жинауға бала күнімнен құштармын. Есейген сайын барған жерімнен асық жинап қайту әдетіме айналды. Ал мына алып асықты құрауға 16 жыл бойы жинаған 50 мың асығымды жұмсадым. Ерінбей-жалықпай алты ай уақытымды сарп еттім. Биіктігі – 3 метр 15 сантиметр, ені – 3 метр. Ешкім жаса деп тапсырма берген жоқ. Жасағаныма өкінбеймін де. Қашанда еліміздің асығы алшысынан түссін деген ниет қана. Бастапқыда асықты ЭКСПО-ға апарамыз деп жар салды. Оған қарсылық білдіргенім жоқ, еңбегімді бұлдап ақы да сұраған емеспін. Астана тұрғындары мен қонақтары тоқтап қарайтын, көзайым дүние болса, көңіліме одан басқа медеу жоқ еді. Алайда президент келгенде де, ЭКСПО-ға облыс делегациясы баратын кезде де бұл асықты іздеген ешкім болмады. Обалы нешік, Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы асықты Астанаға апаруға барын салды. Алдымен асыққа орын іздеп ЭКСПО-ның әкімдігіне шықты. Олар павильонда асық сыятын орын жоқтығын, оның үстіне биіктігі 3 метрден асатын асықтың сыймайтынын көлденең тартты. Ашық жерге қоюға ұсыныс жасады. Бірақ күннің ыстығы мен жаңбырға асық шыдамайтындықтан, одан бас тарттым. Одан кейін Астананың әкімдігіне хабарласқан едік, олар этноауылға сілтеді. Ондағылар орын жоқ деді. Астанадағы орыстілді, ұлттық құндылыққа жеріне қарайтын атқамінерлер асықтың ұлттық ойынымыз екенін білетін болса, үш шақырым көрме аумағынан үш метрлік орын тауып, ұлттық болмыс пен ойынды күллі әлемге жарнамалар еді ғой, – дейді Болат Тағабайұлы.
Расымен де, біздегі шенділер үшін осы көрме арқылы ұлттық болмыс, құндылықты әлемге жарнамалаудан гөрі ЭКСПО-ға сатылған билеттің саны мен мәжбүрлі ерікті апарған адамдарының қарасын түгендеуден асқан маңызды іс жоқ сияқты.
Айтпақшы, дәл осындай асықты шетелдегі біреу жасаса, біздің шенділер оны ондаған мың долларға ұялмастан сатып алып, Астананың төріне әлдеқашан алып келіп қойып, «көрдіңдер ме, бізді әлем мойындады» деп өңештерін жыртып жатар еді...

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Айназ | 15 тамыз 2017 16:34
Этноауылда тұрғаны жарасар еді, болмаса бұл асықты Хан шатыр жанындағы ауылға да әкеліп қоюға болатын секілді.
Болат | 11 қыркүйек 2017 13:05
Әттең,әттең!!! Орын жоқ деген әншейін сөз ғой! ниет болса ,,,,,,,,,,,
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар