1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (16253) 24 тамыз, бейсенбі 2017
24 тамыз 2017
Бас қалада климаттық өзгерістер мәселесі талқыланды

EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Болашақ энергиясы» форумы әлі де жалғасып жатыр. 21-22 тамыз күндері өткізілген «Климаттың өзгеруі түйткіліне арналған энергетикалық шешімдер» атты кезекті сессиясына отандық сарапшылармен қатар, әдеттегідей әлемнің маңдайалды ғалымдары, Нобель сыйлығының лауреаттары, жасыл энергия тақырыбында біршама ізденісте жүрген жас мамандар бас қосып, біршама түйткілді мәселелер көтерілді. Бұл жолғы сессияда қолданыстағы және тұсауы енді ғана кесіліп жатқан инновациялық жобалардың тиімділігі мен энергетикалық шешімдеріне көбірек көңіл бөлгені байқалды. Басты назар жаңа энергетика саласындағы бизнес өкілдері мен тың тақырыпта іс жасап жүрген жас ғалымдарға аударылды. Өз кезегінде мамандар қала өмірін жақсарту және инвестициялық қолжетімділік, тұрақты даму саласындағы жергілікті бастамаларға мүмкіншілік ашу, ауылдық жерлерге жел трубиналарын салу, сонымен қатар, дамыған елдердегі жасыл энергия мен қайта өңделетін қуат көздерін шалғайдағы елді мекендерге жеткізуге септігін тигізетін жобаларға қолдау мәселесін көтерді.
Конференцияның басты жаңалығы форумға Бертран Пиккардың келіп қатысуы болды. Ол – күн батареялары арқылы ұшатын алғашқы ұшақтың авторы. Өзінің серіктесі Андре Боршберг екеуі зиянды қалдықсыз, яғни отынсыз ұшатын ұшақ арқылы алғаш рет Жер шарын айналып шығып отыр. Ол өз сөзінде бүгінде жасыл энергияның заманы, яғни заманауи жаңалықтардың уақыты келіп отырғанын атап өтті. «Мен өзімнің аталарым секілді өмірімнің негізгі бөлігін алдыңғы қатарлы ғылым мен саяхатқа арнап келемін. Сондағы мақсатым технология мүмкіндігінің шексіздігін дәлелдеу болатын. Бүгінде әлемде үлкен танымалдылыққа ие болып отырған Solar Impulse жобасы осының дәлелі. Технологияның шексіз екенін әрі тиімді энергияға қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр деуге болады», – дейді ол «Прогресс және тұрақтылық» атты баяндамасын жасау барысында.
Жиынға серіктес ретінде қатысып отырған LOGA Group және To Do School өкілдері де тұшымды ойларын ортаға салды. Болашақ энергия және жасыл технология жолында ізденіп жүрген өнертапқыштардың басын қосу мақсатында құрылған To Do School жобасының негізін қалаушы ғалым Флориана Хоффманна климаттық мәселелерді шешудің ең оңай жолы «ақылды құрылыстар» жобасы деп санайтынын жеткізді. «Бүгінгі таңда тұрғын жайларды, яғни ғимараттарды дәстүрлі жылу немесе жарық көздерінен ажыратып, жасыл энергияға қосу мәселесі өзекті болып тұр. Өйткені бұл – өте ауқымды мәселе. Өйткені адамзаттың күнделікті өмірінің 99 пайызы, яғни түгелге жуығы ғимаратта өтеді. Бұл сұранысты дәстүрлі энергия көздерімен өтеу өте қымбатқа түсіп отыр. Әрі экологиялық салдары да орасан болуда. Кейбір мемлекеттерді айтпаған күннің өзінде, Еуропаның біраз бөлігі энергетикалық кедейшілікте отыр. Яғни 10 пайызы тұрғындарының үй-жайын жылыта алмай отыр. Бұл жерде негізгі инновация көзі деп күн энергиясын айтуға болады. Екінші мәселе – электрлі көліктердің өндірісін дамыту», – дейді Флориана Хоффманна. Ғалымның айтуынша, климаттық өзгерістің алдын алу үшін қатаң үнемдеу, сыртқы факторлардан жылу жарық көздерін өндіру немесе ескі ғимараттарды қайтадан жабдықтап, кем-кетігін түзеу секілді үш факторға көңіл бөлу қажет. «Бүгінде көптеген мемлекеттер осы мәселелердің тиімділігін қарастырып жатыр. Еуропада орналасқан біздің компания да жекелеген ұсыныстар бойынша тұжырымдамалар жасап жатыр. Жиырма сегіз қатысушы мемлекеттің мамандары үздіксіз жұмыс жасауда. Сондай үздік жобаның бірі электромобиль саласына қатысты болып отыр. Яғни көлік қай жерде тұраққа қойылды – сол жерден қуат ала беруге болады. Қысқасын айтқанда, бүгінде әлем жасыл технология революциясы қарсаңында тұр. Бұл салада, әрине, ІТ саланың маңызы өте зор», – дейді Хоффманна мырза.
CIVA инновациялар орталығының негізін салушы әрі құрметті директоры Майкл Нортон да қайта өңдеу және үнемдеу технологиясына қатысты тұшымды пікір білдірді. «Адам не істедім деп емес, болашақта не істеймін деген қағидамен өмір сүруі тиіс» деп сөзін бастаған ол жеке шешім қабылдай білген кез келген адам болашақты өзгерте алады деген ой айтты. «Адамзат болашағы сынақ алдында тұр. Экология нашарлап, күллі әлем энергетикалық кедейшілік алдында тұр. Алайда бір нәрсе анық. Барлығымыз болашақты өзгерте алмаймыз. Өйткені инновациялық жоба жасап, адамзатты құтқару барлық адамзаттың маңдайына жазылмаған дүние. Есесіне табиғатты қорғап, аялап ұстау қолымыздан келеді. Бізді құтқарса, осы екінші жол құтқарады. Бүгінде мәселенің ең үлкені – ауа мен судың тазалығы. Жер бетінде 700 миллионнан астам адам таза суға зәру. Азық жетіспейді. Мұндай қиындықтан шығу үшін өндірісті көбейту керек пе, әлде үнемдеу, қайта өңдеу технологиясын дамыту керек пе?! Алдымен осының басын ашып алу керек секілді», – дейді ол.
Сондай-ақ форумда жас ғалымдардың жобалары мен ұсыныстары да назардан тыс қалған жоқ. Соның бірі – Данияда жасалған су тазарту құрылғысы. Бұл құралдың артықшылығы – ішуге жарамсыз (теңіз, мұхит суларын) суды ауызсуға айналдыра алатын қасиетінде. Айтпақшы, мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарынан қалған (пайдаланылған) ыдыстар мен бөтелкелерді жоғары технологиялы стерильдеу тәсілдері арқылы қайта өңдеп, дамушы елдерде қайта қолдану технологиясы да жақсы бағаға ие болды. Қайта өңдеп, бірнеше рет қолдануға болатын гигиеналық заттар да жасалып жатқаны айтылды. Жиын соңында үздік жобалар анықталып, «Болашақ энергиясы» премиясы табысталды.
Бұл EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Болашақ энергиясы» форумының Х сессиясы болатын. Алдағы уақытта тағы екі сессия өткізілетін болады. Қосымша ақпарат ретінде айта кетер болсақ, ауқымы зор ғаламдық мәселелер көтеріліп, халықаралық энергетика төңкерісінің өзекті сауалдары талқыланатын алаң болып отырған аталмыш «Болашақ энергиясы» форумы өз жұмысын осы жылдың 29 маусымында «Болашақ ғимараттарға арналған экологиялық таза шешімдер» атты тақырыппен шымылдығын ашқан болатын. Алғашқы отырыста қазақстандық және халықаралық жетекші сарапшы мамандар құрылыс пен қала архитектурасының тиімді шешімдерін талқылап, ЖЭК және энергетикалық тиімділігі зор жаңа технологиялар, озық әдістер мен инновациялар жайында сөз қозғады. Сонымен қатар үздік еуропалық зерттеушілер мен нарық қатысушылары жемісті жобалар және ЖЭК құрылыс пен жылжымайтын нысандар менеджментіне бірігудің заманауи әдістерін көрсетіп, құрылыстың энергетикалық тиімді тәсілдері, зияткерлік құрылыс шешімдері, қалалық дизайн және ақылды қалалар инфрақұрылымы жайында әңгіме өрбітті.
Кейін мұндай талқылаулар жалғасын тауып, «Термоядролық энергия: ғылыми фантастикадан – ғылыми дерекке дейін» тақырыбы талқыға түсті. Бұл сессияда EUROfusion, ITER, F4E ұйымдары, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы, ЕО және Ресейдің жетекші ұлттық мекемелерінің өкілдері бас қосты. Қатысушылар магнитпен реттелетін плазманы басқаратын термоядролық синтезді қолданудың келешегі жайында сөз қозғады. Жиын соңында ITER және Қазақстанның Энергетика министрлігі Ұлттық ядролық орталығы арасында арнайы келісімшарт жасалып, ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге көтерілді.
Содан бері алуан түрлі тақырыптағы пікірталастар мен дебаттар ұйымдастырылып, баяндамалар жасалды. Конференцияға қатысушылар энергетикалық төңкеріс, Қазақстанның ЖЭК-ке өту әлеуеті, жаңа энергетикалық жобалардың әлеуметтік және экономикалық маңызы, ілеспе газдарды азайту, энергетикалық тиімділікті арттыру, тұрақты энергетиканың қолжетімділігі секілді кең ауқымды мәселелерді талқылап келеді. Бұл талқылауларға ЕО энергетика бойынша комиссарының орынбасары Герасимос Томас, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, елші, Қазақстандағы ЕО өкілдігінің басшысы Траян Христеа және Еуропалық инвестициялық банктің бас хатшысы Клаус Троеэль секілді саяси тұлғалармен қатар, Нобель сыйлығының иегерлері қатысты.
Еуропалық комиссияның бас директоратының шешімі бойынша жыл сайын Еуропалық одақтың Энергетика күні ұйымдастырылады. Марракеш және Абу-Дабиде өткен алғашқы екі шарадан кейін ЕО назары Астанаға, яғни Expo-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қарай бағытталған болатын. Бас-аяғы 12 сессияға жоспарланған бұл форумның қорытынды бөлімі 4-5 қыркүйекте өткізілмек. Форумның қорытынды құжаты ретінде «ЭКСПО-2017 қағидалары мен құндылықтарының үндеу хаты» қабылданады деп күтіліп отыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Астанадағы EXPO халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ EXPO көрмесін өткізу арқылы еліміз «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновацияға мүмкіндік алады. Ол жерде көрмеден кейін «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЭКСПО-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады», – деген болатын. Бүгінде мемлекет басшысының бұл пікірі расқа айналып, EXPO көрмесі аз уақыттың ішінде өзінің болашағын жаңғыртпалы энергетика, яғни жасыл технологиялармен байланыстыратын дамушы елдердің ортақ сұхбат алаңы, өнертабыстар ордасына айналып үлгерді.
 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар