1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
7 қыркүйек 2017
«Түйе етін жеген» әйелдер...

НЕМЕСЕ ЖАСАНДЫ ТОЛҒАҚПЕН ТУАТЫНДАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Атырау облысы Индер ауданының Зеленый ауылында ұзақ жыл акушер боп жұмыс істеген қолы құтты Клара Әйтекенова бүгінде жүкті әйелдерді айы-күні жетісімен, толғағын күтпестен туғызып алатынына қарсы екенін айтады. «Қырық екі аптадан асқанша босанбай жүріп алатындар бұрын да кездесетін. «Түйенің етін жедің бе?!» деп қалжыңға сайғанмен, олардың барлығы дерлік ірі денелі, маңғаз жүрісті, жай қимылдайтын келіншектер еді. Есепке қойып, толғатуын күткеніміз болмаса, босандырып алайық деп әрекеттенген емеспіз. Табиғатта әр нәрсенің өз уақыты бар. Сәбидің де дүниеге келетін өз сәті болады», – дейді ол.

Алайда күнделікті өмірдегі жағдай басқаша. Мәселен, Атырау қаласындағы №2 емханада екі жылдан бері жүктілік мерзімі асып босанған, яғни 41 аптадан артық жүрген бірде-бір әйел тіркелмепті. Дәрігер, акушер-гинеколог Анар Кетебаева оның себебін айы-күні сәл асқан әйелді дереу порталға салып, перзентхана асыратындарымен түсіндіреді. «Екіқабат әйелдің тоғыз айдан артық босанбай жүргені дұрыс емес. Мұндайда жатыр суының азайып, соның салдарынан құрсақтағы сәбиге ауаның жетпеуі, бала жолдасының «қартаюы» сияқты жайлар орын алуы мүмкін», – деп түсіндірді ақ халатты маман. Оның сөзін «Біз әйел 40 апта көтергеннен кейін-ақ медицинаның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып босандырып аламыз. Ол үшін УЗИ, КТГ, допплерография аппараттарының берген есебіне сүйенеміз», – деп, қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Назымгүл Меңдешова да қостады. Расымен де, іште жатып аяқ-қолы, ішкі органдары жетілген шарананы босандырып алудың қазір мүмкіндігі де, жолы да көп. Ғылым тілінде бұл индукция деп аталады. Ғаламторға сүйенсек, соңғы 10 жылда дамыған елдердегі индукция дерегі 25 пайызға ұлғайыпты.
– Менің анам балаларын ұзақ көтереді екен, – дейді Сандуғаш Серікқалиева. – Жерге түйенің суретін салып, үстінен секіретінін айтып күлдіретін. Бұл жай ырым ғой. Ол кісінің аяқ-қолын аман-есен бауырына алғанына үйдің-түздің қара жұмыстарын атқарғаны, анау-мынау дүниені аяғы ауыр кезінде де көтеріп жүре бергені себепші болған шығар деп ойлаймын. Мен де екіқабат кезімде шешем құсап ұзақ жүремін. Бірақ дәрігерлер екі сәбиімде де соңына дейін күттірген жоқ. Шу көтеріп, консилиумға салып, бірін таблетканың, екіншісін тампонның көмегімен тез босандырып алды.
Атырау орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансуров дін жолы егер ананың немесе баланың денсаулығына қауіп төнген жағдайда медицинаның араласуын теріс көрмейтінін айтты. Бұл жерде құнды байлық адам деген қағида ескерілуі керек.
Әйтсе де осыны желеу етіп іштегі сәбиі жетілген жүкті әйелдің бәрін толғағы жетпестен босандырып ала беру қаншалықты жөн болмақ? Оның салдары қандай? Көрсеткіш қуып кеткен денсаулық сақтау саласында оған басын қатырып отырған ешкім жоқ сияқты.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Айгүл | 10 қыркүйек 2017 18:24
Бұл ауылдың аты Зеленыйдан Көктоғай деп өзгертілгелі қашан
кура | 12 қыркүйек 2017 10:42
Бұл ауылдың аты Зеленыйдан Көктоғай деп өзгертілгелі қашан

Бұрынғы апамыз жұмыс істеген кездегі атауымен беріліп тұр ғой
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар