1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
14 қыркүйек 2017
Зарарсыздандырғыш құралдар да қауіпті

Ағартқыштар мен басқа да зарарсыздандырғыш құралдарды жиі пайдаланған адамдар өкпе ауруына шалдығуы, тіпті өмірмен қош айтысуы мүмкін. Мұндай кесімді Гарвард университеті мен Франция ұлттық денсаулық сақтау және медициналық зерттеулер институтының қызметкерлері айтып отыр.
Олар 1989 жылдан бері зерттеуді бастап, 55 мың медбикені бақылаған. 2009 жылы ғалымдар 663 медбикенің өкпенің созылмалы обструктивті ауруына (ӨСОА) шалдыққанын анықтады. Тазалайтын және зарарсыздандыратын құралдарды қолдану жиілігі сауалнамадан анықталды. Сондай-ақ бақыланғандардың жасы, салмағы және шыққан тегі есепке алынды. Медбикелердің 37 пайызы ағартқыштар мен басқа да заттарды төсек-орынды тазалауға пайдаланса, 19 пайызы апта сайын медициналық құралдарды шаюға қолданған. Мұндай кезде ӨСОА-ның ұлғаю көрсеткіші 22-32 пайыз артқан.
Обструктивті аурулар қатарына тыныс алу жолдарының тарылуы салдарынан ауаның жүруін қиындататын эмфизема, созылмалы бронхит сияқты аурулар жатады. Жыл сайын бір ғана Англияда осы сырқаттан 25 мың адам қайтыс болады екен. Тазартқыш құралдардың құрамындағы аммоний қосылыстарының мөлшері сыртқы заттаңбада көрсетіледі.

«ИРМАҒА» ҚҰРБАНДЫҚ ҚАЖЕТ ПЕ?
Солтүстік Америка мен Кариб алабы аймағын «Ирма» дауылы кезіп жүр. 9 қыркүйек күні дауыл Кубаны «құшағына алды». Оған дейін «шатақ мінезді қыз» Пуэрто-Риконы таптап өтіп, Ұлыбритания, Нидерланды және Францияға қарайтын бірнеше аралды әуре-сарсаңға салған еді. Бұл аймақтарда дауылдан 22 адам қаза тапты. Ал АҚШ-тың Флорида штатында үш адам өмірімен қош айтысты.
CNN агенттінің тілшісі «Ирма» дауылы жайлы репортаж жасамақ болып Майами қаласының көшесіне шыққанда, құлаған жол белгісінің астында қала жаздады. Журналист қыз көрермендерге «су өтпейтін киім киіңіздер» деп кеңес беріп тұрғанда, қатты соққан жел оны теңселтіп жіберді. Оңға қарай құлап барып әрең түзелген қыздың дәл жанына жол белгісі құлады. Оператор біраз уақыт тілшіні эфирден жоғалтып алса да, қайсар қыз репортажын тоқтатпай, дәл осындай жағдайлардан сақтану үшін де қалың киіну қажеттігін ескертті.
Флорида штатының тұрғындарын «Ирма» дауылын мылтықпен қарсы алуға шақырғандар да болды. Рион Едвардс есімді тұрғын Фейсбук әлеуметтік желісінде «Ирма» дауылын атып тастайық» деген топ құрып, ынталыларды шақырған. 26 мың адам бірден уәделі орынға баратынын айтса, 53 мыңы қызығушылығы барын білдірген. Жергілікті полиция ескерту жасап, бұл бастама жағдайды одан ары күрделендіруі мүмкін екенін айтты.
Кейбіреулер «Ирмаға» құрбандық қажет деп есептеп, көшеге «Пепси» сусынының құтысын да алып шықты. «Құрбандығымды қабыл ал, Ирма!» деген бастама да біраз шу болды.

«КҮННЕН ТУҒАН» «АУДИ»
«Ауди» компаниясы Германияның Франкфурт қаласындағы халықаралық автомобильдер шоуында «Ауди Айкон» деп аталатын толықтай дербес автомобильді ел алдына шығарды. Бұл суперкөлікте руль де, педаль да жоқ.
Төрт есікті машина электр қуатымен жүреді. Бір рет қуаттанғанда 700-800 шақырымды артқа тастай алады. Бұрынғы көліктеріне қарағанда, бұл марканың алдыңғы терезесі үлкейтілген. Қапталындағы терезелері оңға және солға бұрыла алады.
Жаңа көлік жұқа қабықты күн батареяларынан қуат алады. Батареялар электромобильдің әйнектөбелеріне бекітіледі. Бұл жаңалықты «Ауди» компаниясы қытайдың «Ханержи» концернінің еншілес кәсіпорны инженерлерімен бірігіп іске асырып жатыр. Олардың ойынша, жаңа батареялар көліктің жүру ұзақтығын арттырады. Алғашқы өнім зауыттан 2017 жылдың соңында шығады.

БИЛЕТ ҚҰНЫ ҚАНША?
2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионаты билеттерінің құны – 1280-66 000 рубль (7500-383 000 теңге) аралығында. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) сайтында хабарланды.
Ең арзан билетке (төртінші санат) тек ресейліктер қол жеткізе алады. Ашылу салтанатындағы матч билеттерінің бағасы 3200 рубльден (17 600 теңге) бастап, 33 000 рубльге (191 400 теңге) жетеді. Топтық турнир ойындары сәл арзан – біздің бағаммен 7500 теңгеге билет алуға болады. Плей-офф кезеңінде билеттер құны арта түседі. 1/8 финалға 13 мыңнан бастап, 85 260 теңгеге билет алып кіре аласыз. Ширек финал билеті – 20 300-127 000 теңге, жартылай финал билеті 26 000-261 000 теңге тұрады. Финалдағы ең арзан билет құны 40 830 теңге болып белгіленген.
Ресейде биыл өткен Конфедерация кубогында топтық турнир билеттері 960 рубль (5500 теңге) тұрған еді.
Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты Ресейдің 11 қаласында 14 маусым –15 шілде аралығында өтеді.
Әзірше бұл сынға Ресей (турнир қожайыны), Бразилия, Иран, Жапония, Бельгия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Мексика құрамалары жолдама алды.

«ТИТАНИК» ҚАЙТА ОРАЛДЫ
Солтүстік Ирландияның астанасы Белфаст қаласында «Титаник» қонақүйі ашылды. Ол «Хәрленд&Уолф» кеме жасау орнының штаб-пәтерінде орналасқан. 1900 жылдардың басында «Титаниктің» алғашқы сызбасы дәл осы жерде жасалыпты.
Ғимаратты жөндеуге екі жыл және 28 млн фунт (37 млн доллар) ақша кетті. Төрт қабатта түрлі санатты 120 нөмір бар. Кезінде инженерлер трансатлантикалық лайнердің жобасын сызған бөлмелер мәслихат залына және барларға айналдырылған. Олардың қабырғасына «Титаниктің» бассейніне қолданылған тақталар пайдаланылды.
Аты аңызға айналған британ пароходы 1912 жылдың сәуір айында Атлант мұхитында апатқа ұшырады. Алып кеме айсбергке соғылды. Кеме бортында 2000-нан астам адам болған еді, соның басым бөлігі су астына кетті.
2016 жылдың соңында Қытайдың «Севен Стар Енержи Инвестмент Шруп» компаниясы «Титаниктің» дәл көшірмесін жасауды бастап кеткенін мәлім еткен-ді. Биылғы желтоқсан айында жаңа лайнер теңізге жіберілуге тиіс.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар