27 қазан 2009
Жылт еткен жақсылыққа балаша қуанушы едi

Ол кiсiнiң аузынан ең жиi шығатын екi сөз бар едi. Бiрi – «айналайын», екiншiсi – «қарағым». Қашан көрсең де, сол «айналайын, қарағымдап» тұрғаны.
«Жас Алашты» «менiң өзiмнiң газетiм» дейтiн. Бұлай дейтiн жөнi де бар. Ұзақ жылдар бойы «Лениншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») отымен кiрiп, күлiмен шыққан-ды. Ал аттай 11 жыл осы газеттiң жауапты хатшысы болған едi. «Мақалаңызды ептеп қысқарттық, көлемi тым үлкен екен...» – деген бiздiң ескертпемiзге: «Айналайын, көлемi үлкен болып кеткенiн өзiм де сезiп едiм. Бiрақ, қарағым, менi бiлесiң ғой... Бiреу туралы жаза қалсам, сол адамның жылт еткен жақсылығына дейiн түгелдеймiн ғой. Жамандықты тiзiп жүретiн адамдар да болады, ал мен, айналайын, тек жақсылықты түгендеп жүретiн адаммын. Жамандықтың бетiн әрi қылсын, бiз бiр-бiрiмiздiң жақсылығымызды, жақсы iстерiмiз бен жақсы қылықтарымызды түгендеп жүрейiкшi. Жамандық деген не ол? Қардың суы секiлдi тез суалатын бәле ғой ол, тәйiрi. Ал жақсылық адамның жанын семiртедi. Бойыңа нұр құяды. Қуат бередi. Сондықтан да ең әуелi жақсылықтарымыз туралы айтайықшы!..» – дер едi баладай аңқылдап.
Ажалға амал бар ма, жылт еткен жақсылыққа балаша қуанатын және балаша қуана бiлетiн сол қайран ағамыздан, ақжүрек, жақсы ағамыздан айрылып қалдық. Бiлiктi публицист, белгiлi прозашы, баспагер, ұстаз Серiк Әбдiрайымұлы дүниеден озды. 66 жасында. Ауыр науқастан.
Серiк Әбдiрайымұлы қазақ публицистикасының iлгерiлеуiне көп еңбек сiңiрдi. Бұл ретте, әсiресе, қадап айтар бiр жайт, С.Әбдiрайымұлы қазақ публицистикасында Д.А.Қонаевтың деректi бейнесiн жан-жақты сомдай бiлдi. Шынымызды айтайықшы, Серiк Әбдiрайымұлы жазғанға дейiн бiз Д.А.Қонаевтың қазақ тарихын, оның iшiнде қазақ шежiресiн өте жетiк бiлетiнiн бiлдiк пе? Бiлген жоқпыз. Д.А.Қонаевтың қазақ тiлiн бiлмейтiн қазақтарды өсiруге, лауазымды қызмет беруге құлықсыз болғанын (Кремль айтса да!) бiлдiк пе? Бiлген жоқпыз. Д.А.Қонаевтың кадрды бағалаған кезде ең негiзгi өлшемдi, яғни «оның қазақ елi мен қазақ жерiне қаншалықты жаны ашиды?» деген өлшемдi басшылыққа алғанын бұрын-соңды бiлдiк пе? Бiлген жоқпыз. Ендi қарап отырсақ, Серiк Әбдiрайымұлы Д.А.Қонаевтың бекзаттығы мен тектiлiгiн, тазалығы мен адалдығын, көшелiлiгi мен көсемдiгiн жаза отырып «Қазақстанды, қазақты қандай адам басқаруы керек?» деген сауалға да жауап берiп кетiптi-ау.
Қош болыңыз, аяулы аға! Жаныңыз жанатта болып, нұрыңыз бейiште шалқысын!
«Жасалаштықтар».




