Атырау облысында Ганюшкиннің атында теміржол стансасы да бар.

Атырау облысының Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданындағы кейбір жер атаулары орысша күйінде мызғымастан тұр. Басқаны қойып, аудан орталығының өзі Ганюшкин деп аталады. Биыл «Рухани жаңғыру» жобасы жайында болған алқалы жиында облыстық жазушылар одағының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев: «Ганюшкиннің атын Бөкей хан деп ауыстыру жөнінде ұсыныс жасағалы біраз болды. «Жергілікті халық қарсы» деген жауапты естиміз. Енді аудан халқының пікірін білу үшін мониторинг жүргізсек пе деп отырмыз» деген еді. Бірақ сауалнама жүргізудің қажеті болған жоқ, жер-жердегі айтыс-тартысқа толы, қызу талқылаулардан кейін аудандық мәслихаттың сессиясында Құрманғазы ауданының орталығын Құрманғазы деп атау жөніндегі ұсыныс бекітіліп, облыстық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді.

Қанша адам болса – сонша пікір. «Аудан мен оның орталығының атаулары қайталанып кетті» деген қарсылықтар естілгеніне қарамастан, талқыға түскен бес-алты атаудан айналып келгенде оқ бойы озып шыққаны «Бөкей хан» мен «Құрманғазы» болды. Аудандағы мәдениет үйінде өткен бас қосуда еңбек ардагері Болатбек Шурин Мақат, Индер, Махамбет аудандарының орталықтары да солай аталатынын еске салып, «Құрманғазыға бара жатырмын» деген сөздің өзі естір құлаққа ыңғайлы екенін алға тартты. Оған қарсы пікір білдірушілерден ғалым-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев: «Біз неге Құрманғазы есімімен шектеліп қаламыз? Көршілес Астраханның орталығында күйшінің ескерткіші бар, көшелер мен мектептерге аты берілген. Қазақта басқа да тұлғалар бар ғой» десе, ардагер Зейнетолла Ақбанов: «Кеңес одағы тұсында хандарды, билерді жаппай жамандадық. Бүгінде олардың өз заманының алдыңғы қатарлы, озық ойлы адамдары болғанын мойындап, мақтан етіп отырмыз» деп, «Бөкей хан елді мекені» деген нұсқаны қолайлы көретіндерін жеткізді.

Ганюшкин атауынан айырылғысы келмеген үшінші топтың да қарасы аз көрінбеді. Олардың желеу еткені — «бір кездері осы жерге келіп, үйшік тігіп, жергілікті қазақтарды балық аулап, егін салуға үйреткен Ганюшкин деген кісінің еңбегін ескерсе несі айып?!» Бұдан бөлек, аудан орталығының атауы өзгеруіне байланысты бюджеттен біраз ақша бөлінетіні де біраз тұрғынға жаға қоймағаны аңғарылды. Бірақ Ганюшкин сонда да ештеңеден құр қалмағанын айта кетейік. Себебі селоның аты өзгергенмен, Ганюшкин деп аталатын теміржол стансасы өзгеріссіз қалып тұр. Ал Ганюшкиннің шын мәнінде кім болғаны жөніндегі нақты дерек аз. Ол аздай, аудан орталығының кейде жалпақ тілмен «Қанішкен» деп айтылатыны көпшілікке ұнамайды.

Бұдан бөлек, аудандағы Дәшін ауылы Хиуаз Доспанова есімін иеленсе, Котяев ауылына Ер Қосай есімі ұсынылып отыр. Қазіргі таңда «Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуазға шағын ауылды ғана қиды», «Ер Қосай Маңғыстауға тиесілі емес пе?» деп екеуіне де қарсы дау айтатындар бар. Соған қарағанда, ата-бабамыз бен белгілі тұлғаларды ұмытпайық дегенімізбен, дұрысы – географиялық өңірлерге тарихи жер-су атауларын беру болса керек. Мәселен, жаңағы Котяевтың бір кездегі атауы Байда болыпты. Сол сияқты кез-келген жерді белгілі бір тұлғаларға дейін де ел-жұрттың жайлап, мекендегені анық қой. Қалай десек те, соңғы сөз – ономастикалық комиссияда.

Құралай ҚУАТОВА,
Атырау облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз