1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №79 (16161) 4 қазан, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
4 қазан 2016
Барды бүлдiрмейiк

Бiрде шетелге шыққан өнер қайраткерлерiнiң iшiнде жазушымыз Ғабит Мүсiрепов те болса керек. Сахнада бұлбұл үнiмен шырқап тұрған Бибiгүлге риза болғаны соншалық, Ғабең “Шiркiн, бiздiң Бибiгүлдi әлем­нiң небiр үлкен сахналарынан ән салдырып көрсетуге тұрарлық-ау!” деген екен. Ұлы жазушымыз айтқанындай, Бибiгүл өзiн ғана емес, бүкiл қазақ хал­қын да әлемге паш еткен ға­жайып әншi, ұлы тұлға, халқының маңдайына бiткен жарық жұлдызы. Бiрақ олардың бiреуi де, не Күләш, не Роза, Ермек пен Би­бiгүл де “бiз жұлдызбыз” деп айтпапты.

Сыңғырлаған күмiс көмей Күләштiң әсем даусын естiген жан ұмытар ма?! Күләштiң салған “Гәкку” әнiн бiлмейтiндер шамалы шығар. Рас, Күләш өмiрден озғалы ұзақ жылдар өттi. Ұрпақ ауысты. Оны көзбен көрiп, құлағы естiген көзкөр­гендер де азайып келедi. “Гәкку” әнi айтылғанда ерiксiз Күләш еске түседi. Күләш десек, “Гәкку” әнi түседi еске. Өйткенi “Гәкку” Күләштiң орындайтын төл әнi болатын. Талант табиғаты сол ән мен әншiнi бiрге жаратқандай едi ғой. Содан берi “Гәккуге” ие болып, дәл Күләштай айта алатын әншi болды ма?! “Гәккудi” айту үшiн Күләштiң даусындай дауыс керек шығар.
Осы күнгi “жұлдыздардың” бiрi – ер дауысты әншiнiң Күләштiң “Гәккуiн” орындағаны есiме түсiп отыр. Тыңдайын деп тындағам жоқ, кездейсоқ естiп қалдым. “Гәкку” әнi ер дауысқа мүлде келмейдi-ақ, келмейдi. Мына жiгiттiң соған батылы барып орындағанына таңғалдым. Әнге әншiнiң дауысы тiптi де үйлеспей тұрғанына ол емес, қарадай мен ұялдым. Жәбiр­лен­ген “Гәккудi” де аяп кеттiм. Ән айтқанның жөнi сол екен деп, нәзiк сезiмдi, әсем әндi белден басуға бола ма екен. Күләш айтқан “Гәкку” сопрано дауысты әйел адамның дауысына сай емес пе?!
Жап-жақсы даусы бар, бұрын өзiм құрметпен қарайтын бiр әншi iнiмiз “Айқаракөк” әнiн шырқаймын деп құртты. “Айқаракөк” әнiн Майра Мұхамедқызының және Мәдина Ералиеваның да орындауында сүйсiне тыңдаған едiм. Әннiң төресi ғой – Айқаракөк!
Әннiң не айтқысы келетiнi оның сөзiнен бiлiнбей ме? Ақын жазған өлең сөзi – әннiң тiлi емес пе. Сол тiлдi әуездете әнмен қоса, әсем даусымен, терең сезiммен жеткiзе бiлген әншi – нағыз әншi. Бұл кәсiби әншiлердiң басты борышы, мiндетi болып саналады.
Сахна төрiнен көрiнген әрбiр әншiнi тыңдап, оған баға беретiн де тыңдарман. Тiптi олар қай әншiнiң қандай әндi ерекше орындайтынын да жақсы бiлiп алған. Кейбiр әндер тек бiр ғана әншiнiң орында­уында өте сәттi шығады. Мәселен, “Алтайдың ар жағынан келген ару” әнiн көпшiлiк қауым тек Сәкен Қалымовтың орындауында тыңдағылары келетiнi белгiлi. Бұл әндi Сәкеннен өзге әншiнiң орындағанын естiмеппiз де көрмеппiз. Сол сияқты “Көк тудың желбiрегенi” әнiн Ибрагим Ескендiрдiң орындауында халық сүйiп тыңдайды. Бұл ән – елдi, жердi, Отанын сүюге арналған нағыз патриоттық туынды. Сөзi мен әнi қандай үйле­сiм тапқан десеңiзшi! Соңғы жылдардағы сағынтып келген, сәттi шыққан әндердiң бiрi. Осы әннiң жиi берiлiп тұрмайтыны өкiнiштi-ақ. Осындай ғажап әндi тек Ибрагимнiң орындауын­да тыңдағысы келедi көпшi­лiк. Өйткенi ондай ешкiм әсерлi етiп айта да алмайды.Әннiң шыра­йын шығарып халыққа жеткiзе­тiн әншi ғой. Жақында тағы да осы әндi 4-5 жiгiт қосылып айтып берекесiн кетiрдi. Не сө­зiнде мән болмай қалды. Әннiң де қисыны кеттi.
Соңғы кездерi адам танып түсiне алмайтын, татымсыз да, талғамсыз “әндер” белгi бере бастады. Нотаны құрап-сұрап әлдебiр әнсымақты жасауға болатын шығар. Бiрақ ол халық жүрегiне жетпесе, еңбегiң еш, тұзың сор. 
Сазгерлердiң мықтап есте­рi­не сақтайтын бiр нәрсе бар. Ол – ұлттық мақам, ұлттық әуен. Бұл әрбiр сазгердiң жаңа әнiнде сақталуы тиiс. Егер ұлт­тық мақам болмаса ол қа­зақ­тың әнi болмағаны. Әрбiр ұлт­тың әнiн естiгенде оның қай ұлттың әнi екенiн әуенiне, мақамына қарап бiрден айырамыз. Тiптi әуенi бiзге ұқсастау қыр­ғыз әнiн де “мынау қырғыз әнi” деп бiрден танимыз. Әрбiр ән, музыка оның тiлi сияқты өз белгiсiн танытады. Музыкада тiл жоқ дейдi. Бiрақ онда ұлт­тық белгi бар.
Атақты сазгер Сейдолла Бәйтереков “Мен машина жүр­гiзуге қорқам. Өйткенi жол үстiнде көңiлiмдi билеген бiр әуен белгi берсе, жан дүнием бәрi соған ауып, басқаның бәрiн ұмытамын” деген екен. Бұл – адамға Алланың берген қасиетi, талант, дарыны. Жайдан-жай ешкiм де қанша ұмтыл­ғанмен, жазушы да ақын да, сазгер де бола алмайды. Иә, қазақ халқы әнге құштар халық. Той-томалақта “әу” деп ән салмайтын қазақ жоқ. Оқымай-ақ, тоқымай-ақ, консерваторияны бiтiрмей-ақ Ақан серi, Бiржан сал, Әмiре Қашаубаев, Құрман­ғазы, Дина сияқты талай әншi, күйшiлерiмiз шыққан. Тiптi күш атасы Балуан Шолақ та ән айтып, ғашығына арнап «Ғалиясын» шығарды емес пе?!
Иә, бiз сондай талантты халық болғанбыз. Бола да берермiз. Қазақтың даласы да ән салып тұрғандай деп Потанин айтқан екен. Рас, қазақтың қыз-жiгiттерi кең далада алтыбақан үстiнде ән шырқады. Сол ата-бабамыз шырқаған халық әндерi кең тынысты, шырқап салатын ғажап әндер емес пе. Ендеше, оларды бағымыздай бағалап ұстайық! Жақсы әндер шығар-шықпасы – келешектiң iсi. Бiрақ барымызды бүлдiр­мейiк­шi, жаңаша құйқылжытамыз деп, заманауи әнге айналдырамыз деп, барымыздан айы­рылып қалмайық, ағайын!
Ханзипа КӘКIМЖАН,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi.
 
Сурет орталық мемлекеттiк архивiнен алынды.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті