1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №6 (16192) 24 қаңтар, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
24 қаңтар 2017
Марат Омаров, әншi, сазгер: “БIР КYНДIК ӘНДЕР” БYГIН – БАР, ЕРТЕҢ – ЖОҚ

Әншi, сазгер Марат Омаровтан қазiргi қазақ эстрадасындағы қордалы мәселелерге байланысты сұрақ қойып, сұхбат алдық. Сегiз жасында қазақ вальсiнiң королi Шәмшi Қалдаяқовтың алдында ән шырқап, ақ батасын алған Марат Омаровтың ән өнерiне қосқан еңбегi елеулi. “Анашым”, “Қыз сыны”, “Наурыз тойы”, “Қоштасқым келмейдi”, қазiргi қазақ эстрадасында жүрген кейiнгi толқынның денi бала күнiнде шырқаған “Әншi балапан” секiлдi әндерi уақыт көшiмен бiрге iлесiп келедi.

– Марат аға, сiздiң “Әншi балапан” деген әнiңiздi талай бала балабақшада шырқады. “Әншi жыршы, бишi балапанды” айтпаған бала кемде-кем. Қазiр балалардың шырқайтын әнi азайды. Сазгерлер жазбай ма, жоқ әлде жазғандары насихатталмай ма? Сосын, балабақшаларда таңғы жаттығуда бүлдiршiндер орыс тiлiндегi әндердiң ырғағымен жаттығу жасайды.
– Балаларға арналған әндердiң азайғаны рас. Қазiргiнiң балалары “Ауырмайды жүректi” айтады. “Мен сенi сүйдiм, сен маған қарамадың, жүрегiмдi жараладың” деп ән салады. Қызым Бибiмарияммен бiрлесiп “Әкетай-көкетай” деген әнiмiздi жаздық. Балалар өздерiнiң жас ерекшелiгiне сай әндердi шырқауы керек, таным-түсiнiгiне сай туындыларды тыңдауы тиiс. “Бесiктен белi шықпай” жатып, “сүйдiм, күйдiм” дегенi өте ерсi. Балалар тақырыбында өлең жазатын ақындар, сазгерлер бар. Келешекте бiз бала тәрбиесiнде қателiкке ұрынбас үшiн, ұлттық құндылығымызды ұрпағымызға бесiгiнен сiңiремiз десек, ұлттық нақыштағы әндердi тыңдатуымыз керек. Солар тыңдайтын, талғамынан шығатын туындыларды жарыққа шығаруымыз қажет.
– Жуырда Иранда болып, концерт қойып қайттыңыз, қалай өттi?
– Мен дүниежүзiлiк композиторлар одағына мүшемiн. Сол ұйымның ұйытқы болуымен Иран елiнде жергiлiктi халыққа концерт бердiм. Түрлi конкурстарға шәкiрттерiмiздi апарамыз, өзiмiз қазы болып қатысамыз, сонда байқалады, жалпы өзге мемлекеттi сен өз елiңнiң ұлттық музыкасымен ғана таңдандырып, тамсандыра аласың. Мысалы, Иранда өткен концертiмде ұлттық аспаптардың сүйемелдеуiмен ән шырқадым. Иран елi екi iшектi домбыраның күмбiрлеген үнiне таңғалды. Терiмен қапталған қобыздың даусына таңырқап, қалай жасалатынын сұрады. Мiне, көрдiң бе, шетелдi даңғаза музыкамен емес, ұлттық саз аспаптарыңмен ғана баурай аласың.
– Өзiңiз де сазгерсiз. Тамаша әндер жазылмайды, тың туынды тумайды деп аузымызды қу шөппен сүртсек, таяқтың ұшы композиторларға тиедi. Айтпағымыз, орындаушылардың шетелден ән ұрлауы, соларды көшiрiп, сөзiн қиыстырып сахнада орындауы қалыпты үрдiсiңiз не, дәстүрге айналды.
– Сазгерлердiң ән жазуы туралы айтпас бұрын, шетелден ән көшiруге жауап берейiн. Олардың бәрi “бiр күндiк нәрсе”. Тыңдарманға бүгiн қызық естiлгенiмен, ертең тыңдарманды тартпайды. Жеңiл-желпi ырғақ, салмағы жоқ мәтiндi ел көп өтпей-ақ есiнен шығарады. Өйткенi екiншi бiр туынды бар тағы сондай. Шетелден ән алушылардың көксегенi не? Көксегенi – құлқынның қамы. “Мына әнге сөз жаздырып, той-томалақтан ақша тауып несиемдi өтесем, көлiк алсам, үй салсам” деген ниет жатыр. Өнерге келген адам, қазақтың ән өнерiнiң дамуына үлесiн қосу үшiн осы жолға бағытын түзеген жан шығармашылықты саудаға салмайды. Өнердi табыс көзi, пайданың ортасы деп қараған адам ұзаққа бармайды.
Сазгерлердiң тамаша туындылары бар, композиторлар жазып та жатыр. Бiрақ қазiр эстрада әншiлерiмiз дейтiндердiң көбi танымал болуды, арзан атағымен ақша тапқанды қалайды. Өнердiң таразысы, сүзгiсi ондайларды уақыты келгенде қалқып қайраңға шығарып тастайды.
– Қазiр шетелден ән ұрлаудың тағы бiр тиiмдiлiгi, сазгерге қаламақы төлемейдi. Автордан рұқсат алмайды, көбiнесе әннiң иесi өзiнiң туындысы Қазақ елiнiң сахнасында, той-томалақта шырқалып жүргенiн бiлмейдi де.
– Дұрыс айтасың, шетелдiктердiң әнiн рұқсат сұрап, қаржысын төлеп сатып алып шырқап жүргендер де бар. Бiрақ көпшiлiгi рұқсат сұрамайды, ғаламтордан әннiң әуенiне қызығады да, “ертең хит болады” деп сөзiн жазып тыңдарманына тарту етедi. Егер шетелдiк сазгерлер сотқа берсе, әй, бiздiң әншiлердiң көпшiлiгi жерге қарайтын шығар.
Жақында Өзбекстан елiнiң бiр сазгерiмен шетелге сапарға бардық. Сонда ол: “Марат, сенiң елiңнiң әншiсi менiң бiр әнiмдi орындайды екен. Ғаламтордан тауып тыңдадым. Мен оның кiм екенiн де бiлмеймiн, маған хабарласқан да жоқ” дедi. Не деп уәж айтам, үндемедiм.
– Қазақ сахнасы “шөп те өлең, шөңге де өлең” боп кеткенiне бақылаудың жоқтығы, қадағалаудың болмауы себеп емес пе? Қазiр хит болатын ән едi деп теледидарға алып барып, ақысын төлесеңiз, эфирден көрсетедi. Радиодан да жiбередi. Туындының көркемдiгiне, талапқа сай ма, сай емес пе ешкiм бас қатырмайды. Қалтасында қаржысы бардың барылдаған даусын техникамен түзеп, “әншi атандырғандар” да өнердiң өрiсiн лайлады.
– Кезiнде көркемдiк кеңес деген ұйым болды. Сен жазған әнiңдi көпшiлiктiң тыңдауына жолдауың үшiн бiр емес, бес ұйымның есiгiн қағасың: мәдениет министрлiгi, Қазақконцерт, теледидар, радио және композиторлар одағы секiлдi бес ұйымның рұқсатын алған соң ғана әнiң теледидардан көрсетiледi, радиодан берiледi. Қазiр ше, қазiр ақшаңды төле де ән жаздыр, ғаламтор арқылы да тарат, теледидар, радиодан насихатта, ешкiм қой демейдi. Осыдан кейiн қалай өнер құнсызданбайды? Ескендiр Хасанғалиев ағамыздан бастап, алдыңғы толқынға көркемдiк кеңес құрсақ деп айтқым келедi.
– Алматыда жеке шығармашылық кешiңiз өтедi деп естiдiк.
– Тыңдармандардың сұрауымен сәуiр айында Республика сарайында жеке ән кешiмдi өткiзсем деймiн. Астана қаласындағы шығармашылық өнер мектебiнен түлеп ұшқан шәкiрттерiмнiң, сол жерде оқитын өнерпаздардың талантын халыққа тағы бiр көрсетсек деп отырмыз.

Сұхбаттасқан Қ.РАХМЕТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Серік Алматыдан | 25 қаңтар 2017 12:46
Мəке. Сізден бір өтініш тезірек Көркемдік кеңесті құрып Қазақ теледидарын, радиосын мына қаптап кеткен қоқыстан тазарпаса болмайды . Бүкіл əзіл театрлары т.б екі сөзінің бірі орысша қазақтың тілін қорлап бітті. Диктор, тележүргізүшілерді де сұрыптау керек .......?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті