1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (16203)   28 ақпан, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
28 ақпан 2017
«Тәңір өзі назарына алған...»

Димаштың даңқы бір-ақ күнде дүркіреп шыға келді. «Мен әншімін» байқауын өткізіп жатқан қытай елі ғана емес, бүкіл дүниежүзі қазақтың жұдырықтай баласын «құбылыс» деп мойындады. Аты аңызға айналған киножұлдыз Джеки Чан Димаштың өнеріне таңдай қаға тамсанып, өзі іздеп барып танысты. Әйгілі француз әншісі Лара Фабиан әуелі кездескісі келетінін мәлімдеді, кейіннен өз репертуарындағы Димаш орындаған әнді жоғары бағалап, Фейсбуктегі ресми парақшасында «Айтарға сөзім жоқ!» деп құттықтау жолдады. Қандастарының Димаштың алдында қоғадай жапырылып, құрдай жорғалағанын көрген қытайлар қазақ әншісінің киім үлгісіндей киім шығарып, соның атымен кәдесыйлар да жасап үлгерді. Бірқатар жанкүйерлер әншінің ана тілін түсіну үшін тіпті қазақ тілі курсына да бара бастаған деседі. Сондай-ақ Sina Weibo әлеуметтік желісінде Димаштың парақшасына жазылушылардың саны 35 мыңнан бір сағатта 118 мыңға жеткен. Сахнаға алғаш шыққан сәтінен бастап-ақ ол туралы шулай жөнелген қытай басылымдарының бірі: «Димаш – Тәңір өзі назарына алған әнші» деп бағалағаны тағы бар. Ал Димаштың жұлдыздай жарқ ете қалғанға дейінгі өмір жолы, ізденіске толы шығармашылық сапары қалай басталып еді? Енді сол жайында бірер сөз.
Димаш – қазақ эстрадасына ерекше реңкті өзіндік үнімен, орындау шеберлігімен келіп қосылған Қанат пен Света Айтбаевтардың ұлы. Сондай-ақ Димаштың ата-әжесі де қаражаяу емес. Бірі домбырада ойнаса, екіншісінің тәп-тәуір даусы бар. Димаштың Раушан атты қарындасы да өнерге өте бейім.
Музыкамен бала кезінен айналысқан Димаш, сахнаға ең алғаш екі жасында, спектакльде эпизодтық роль ойнап шыққан. Одан кейін балалардың музыкалық студиясында фортепиано мен вокал класында оқып жүрген кезінде сахнада ән айтқан.
2014 жылы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдаған Димаш, қазір Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде оқып жүр.
Витебскіде өткен «Славян базарынан» бұрын, ол «Айналайын», «Жас қанат», «Шығыс базары», Making Asia байқауларының жүлделерін еншілеген. Димаштың айтуынша, «Славян базарындағы» жеңіс Димашқа оңайға түспеген. Әділқазылар алқасын көпшілікке «Қорықпа, мен сенімен біргемін» фильмі арқылы таныс, Әзірбайжанның атақты эстрада әншісі Полад Бюльбюль-оглы басқарған және сонымен бірге Бразилия, Ресей, Ұлыбритания, Швеция сияқты басқа да бірқатар елдердің көрнекті эстрада жұлдыздары төрелік еткен сол байқауда өнер көрсетуді Димаш қатты армандаған екен. Оның «Мен әншімін» байқауына қатысуына да «Славян базарындағы» жеңісі себепкер болған. Қытайлар Димашты аталған байқаудағы үздік өнеріне тәнті болғандықтан да өз жобаларына шақырған.
Қытай баспасөзі екі ел арасында үлкен мәдени қақпа ашылуын, сондай-ақ басқа да көптеген салалардағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін Димаш есімімен байланыстыруда.
Осыдан бірер күн бұрын байқау кезеңдері арасындағы қысқа мерзімді демалысты пайдаланған Димаш елге оралды. Жалғыз келген жоқ, жанына Қытайдың бір топ журналисі ере келді. Мақсаттары – Димаш туралы деректі фильм түсіру. Сөйтіп олар білім алған мектебі мен музыкалық колледжінен бастап, жас таланттың жүрген, тұрған, спортпен шұғылданған жерлерін түгел таспаға басып алды. Димашты «қазақтың қанаты» деп атаған аспанасты тілшілері, оны ипподромда, ат үстінде түсіруге де ерекше құмартыпты.
Жалпы, «Мен әншімін» байқауы 14 кезеңнен тұрады. Димаш қазір оның 7 кезеңін үлкен жетістікпен аяқтады. Ақпанның басында қазақ әншісі аспанасты еліндегі шоу-бизнес жұлдыздарының ең таңдаулы ондығының көш басында тұрғаны мәлім болды.
Жас әнші бұдан кейін «Евровидениеге», сосын «Америка дауысына» қатысуы мүмкін. Ол сонымен бірге, Лос-Анджелес қаласындағы мюзикл-шоуға және Канн фестиваліндегі қазақ павильонын ашуға шақырту алды. Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасын басқаратын Қанат Айтбаев талантымен дүйім жұртты тәнті еткен ұлының шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында алдағы уақытта қызметтен кетуді ұйғарып отырған көрінеді.
Осылайша, Димаштың жұлдызды жолы басталды. Күні кеше ғана Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер академиясындағы кездесуде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Алла тағаланың қазақтың маңдайына берген әншілері көп болды. Бірақ олардың көбі бүгінгі Димаш сияқты шекара асып, бүкіл әлемді таңғалдыра алмады. Өйткені мүмкіндіктері болмады. Әміре Қашаубаев қана Парижге барып ән салды», – дей келе Димашқа: «Осы танымалдылықты көтере біл. Өйткені халық сенен үлкен үміт күтіп отыр. Алдыңда талай жарыс бар», – деп ағалық ақылын айтты. Димаш бұл сенім үдесінен шығады деп ойлаймыз. Тек жеңісті жолы ұзағынан болғай!..


Майгүл ҚУАТ,
Алматы қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Антай | 28 ақпан 2017 18:05
Димаштай дүние жүзіне, "Қазақ" даңқын асқақтататын ұл-қыздарымыз, көп болсын! Рахмет саған Димаш!
Unknown | 1 наурыз 2017 01:02
димаш емес Борат шығарды дүние жүзіне Қазақ даңқын
Шатбол | 1 наурыз 2017 08:31
Қазақта "домбырада ойнады" демейді, домбыраны тартады немесе шертеді. Қашан орысшадан аудармай (играть - ойнау) , таза қазақша жазуды үйренеміз, жорналшы қауым!
Қызылордалық Балталы Төлеген | 1 наурыз 2017 12:10
"Арманым ҚАЗАҚ ӘНІН әлемге таныту"деп еді. Сөзінде тұрды. ҚАЗАҚ эстрадасындағы бір-екі әнші болмаса,"жұлдыздардың"барлығы бір ДИМАШҚА тұрмайды ғой. Жүр ғой"гитарасы өзінен үлкендер","Астананың жігіттері анау,мынау екен"деп"немерелерімізді ұйықтату үшін қосатын"Гәккуде"тыштаң-тыштаң етіп. "Дайын асқа тік қасық"министрден бастап"біз Димашты тәрбиеледік. Оны бірдеме деген тәсілмен дайындадық"деп қояды тағы. БАС,биліктегілер шет елге сұхбат беру, өзін ұстау,ҚАЗАҚ ТІЛІН сүюді Димаштан үйренулері керек қой.
Антай | 2 наурыз 2017 10:07
Unknown Не болды сынап? Не қуануға болмай-ма? Осындайларың жаман! Мен жалғыз "Димаш"- деп тұмын ба? Олимпияда жүлдегерлері бар, Головкин бар тағы басқалары бар. Соның бәрін тізіп жаза берейін бе? Димаш туралы жазылған бұл жерде! Немесе осындай әншілерің көп пе? Мен өзім басқа саладан болсам да, кейбір әншіледен өлеңді жақсы айтам.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті