1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
11 сәуір 2017
«Сал-серінің сарқыты ол кешегі»

9 сәуір күні Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында белгілі әнші Ерлан Төлеутайдың «Сал-серінің сарқыты ол кешегі» деп аталатын ән кеші өтті. Кештің өте жоғары деңгейде өткеніне еш күмән жоқ. Әншілік пен өнертанушылықты бойына қатар қабыстырған өнер иесіне халықтың ықыласы да алабөтен болды.

Жарқын ШӘКӘРІМ, өнертанушы:
– Алатау бөктерінде, «Алатау» театрында, Алматы аспанында, Арқадан ұшқан, аққу көмей, ақиық әнші Ерлан салған әндер асқақтады. Иә, Ерлан осы бір концертте ғана жиырмаға жуық ән орындады. Қандай әндер дерсің! Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Естай, Жарылғапберді, Мәди, Сәкенге дейінгі, одан бергі де Кәкімбек, Илья, Ақселеу әндері шалқыды. Ерланның әншілігі таңдандырмай қоймады. Әрбір әнді өз биігінде, ешкімге ұқсамайтын өз мәнерімен, өз түрлендіруімен шырқай берді, шырқай берді. Ерлан ерекше құбылды. Шабыттанып айтты. Шаршау деген былай тұрсын, үстемелей түсіп құлпырып кетті. Залда ине шаншар орын болған жоқ.

Ақбота АБИЫР, оқытушы:
– Ерлан Төлеутай ағамыздың тамаша кешіне куә болып қайттым. Балуан Шолақтың Ғалияға арналған сыршыл лиризмі, Жаяу Мұсаның Омбыға жаяу айдалуы, Мәдидің патша өкіметінен көрген тепкісі, жалпы, дала драмасы көз алдымнан өтті. Ұлттық музыка – этникалық жадты, дүниетанымдық архитиптерді, ментальдік ерекшеліктерді жарыққа шығарудың әмбебап саласы. Ықылым заманнан бері халықтың рухани тәжірибесін саралап-салмақтау үшін мол мағлұмат беретін басты байлығы – оның дәстүрлі өнері. Ерлан ағамыздың даусы керімсал жібек желдей түндігімізді түріп жіберді. Түздің тағындай еркін, дала дарабозындай асау даусы өн бойымызды шымырлатып, арқамызды қоздырғаны анық.
Сал-серілердің сән-салтанатымен қоса, қилы кезеңдердің қыспағында, елдің басына түскен нәубетті аласапыран заман қоса өріледі. Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер, саяси қозғалыстар, орыс отаршылдығы сахаралық көшпенділердің ұлттық дүниетанымына өз бедерін қалдырды. Осы тарихи дүмпулер сал-серілерді бейқам салт-санасынан жаңылдырып, трагедиялық ахуалға тіреді.
Белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов ағамыз кеште мынадай пікір айтты: «Жалпы, дәстүрлі музыка дегеннен гөрі классикалық музыка дегеніміз жөн». Ұлы тұлғалардың мұрасын сарқытындай сақтап келген Ерлан Төлеутай ағамыздың өнеріне тәнті болдық.
«Құндылықтар ауысатын, шындықтар шатасатын ұлы өзгерістер тұсында өмірдің өзі карнавалға ұқсап кетеді», – деген екен М.Бахтин.Расында, қазіргі қоғамдағы есер әндерден зықысы шыққан құлағымыздың құрышы қанды. Ұлы мәнге жалғанған құдіретті музыканың ұлылығын танытқан кеш болды.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, ақын:
– Ерағаңның кеші болады деп Қарағандыдан жасымыз бар, жасамысымыз бар – отызға тарта адам келіппіз. Бұл кеште Арқа әні Алатау биігіне көтерілді. Ерлан аға көтерді. «Сал-серінің сарқыты ол кешегі» деп аталған кеш тақырыбын толық ашты. Біржан салдан бастап, Ақселеу ағамен түйіндеп, екі жарым сағат ән шырқады. Әннің тарихын айтты. Ерлан ағаның кеудесі ішегіне қолың тисе шежіре айтатын домбыра мен қобыздың шанағы дерсің!

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті