1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
11 сәуір 2017
«ЫРҒАҚТЫҢ» РЕЙТИНГІ

 БАҒЫ ЖАНҒАН ҚАРА ӨЛЕҢ
«Ай болмаса аспанда, адасады,
Көтермесе көңілді кір басады.
Жақсылардың кеудесі алтын сандық,
Кілт болмаса, сандықты кім ашады?»
Қазіргі қазақы орта осы шумақты кез келген халық әніне қосып айтатын болды. Іздеп әуреленбейді. Әннің сазы қуанышты ма, мұңды ма, толғанысқа толы ма – қарамайды. Әсіресе, алғашқы екі жолы бәріне жарап тұр. «Сусамыр – елдің жайлауы» әнін тыңдап, ойға батқыңыз келе ме – «ай болмаса аспанда» деп шырқата беріңіз. «Күміс құмған-ай» әнінің қайырмасын мейлінше жылдамдата аспандатып келіңіз де, шумағына көшкенде «Ай болмаса аспанда, адасады-ай!» деп қойып кетіңіз. Жарасады. «Ақтолғай» деген ғажап ән бар. Тұнған мұң. Бірақ оған мұңды, жанды суырып алатын шумақтарды қайдан таба қоярсыз? «Ай болмаса аспанда-о-о-о-о-оу, адасады-ы-ай!» деп төгілтсеңіз, тыңдаушыңыздың бәрі ұйыйды.
1989 жылы «Жазушы» баспасынан ақын Оразақын Асқар «Қара өлең» деген тамаша жинақ шығарып еді. Жақында көріп қалдым, сол «Өнер» баспасының кітап дүкенінде әлі бар екен. Бағасы 200 теңге шамасында. «Ай болмаса аспанда, адасады» деп әндетуден жалығып кетсеңіз, соны сатып ала салыңызшы. Кез келген әнге орайлы қара өлең сонда жеткілікті, тіпті пішен.

ОРАЙСЫЗ ҚАЙЫРМА
Шәкизаданың орындауындағы «Ой, сәулем» әнін жақсы көреміз. Төгіліп тұрған ән, қазақтың табиғатын ашатын туынды. Қазақ радиосы мен «Шалқар» таңғы 10 шамасында жиі береді. Соны Шәкизада «Айт дегенде айтайын ахау айым-ай, саздау жерге шығады тал мен қайың, ой, сәулем-ай!» немесе «Керегенің басында оймақ тұрар-ай, Кедейшілік жігітке қой бақтырар, ой, сәулем-ай!» деп шырқап келе жатады да, қайырмасында таң-тамаша етеді: «Әкем-әкем дегізген, еркелетіп жеткізген. Айналайын әкемнен-ай, Арқау болып өсірген-ай» дейді. Біріншіден, әннің негізгі шумағына үйлеспейтін қайырма. Екіншіден, «арқау болып» дегеннен гөрі «арқалатып өсірген» деген дұрыс сияқты.
Бірақ біздің айтарымыз бұл емес. Әннің үш шумағынан кейін әнші:
– Жастық өтіп барады,
Қанатында жылдардың.
Алдымызда бар әлі,
Талай тойлар, туған күн-ай! – деп қайырады. Шынымызды айтайық, бұл – халық әніне мүлде үйлеспейтін қайырма. Біріншіден, абаб ұйқас үлгісі шебер қиыстырылған. Халық әндерінде мұндай ұйқас тіпті жоқ деуге болады. Көп жағдайда қара өлең ұйқастары ааба болып келеді. Екіншіден, бұл ән тіпті ХХ ғасырдың басында туды десек те, ол кезде туған күнді атап өту қазақ дәстүрінде болмаған. Демек, бұл қайырма кейін, кеңес уақытында, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қосылған болуы мүмкін. Көз алдыңызға елестетіңізші, ХХ ғасырдың басында бастаңғы жасап отырған қазақ жастары «алдымызда бар әлі, талай тойлар, туған күн-ай!» деп отырса...
Біздің білуімізде, бұл әннің қайырмасы «Жаңбыр жауар себелеп, гүлге қонар көбелек. Жас күніңде ойна да күл, одан басқа не керек-ай» немесе «Тауда жүрер кекілік, тастан тасқа секіріп. Жас күніңде ойна да күл, кейін жүрме өкініп-ай!» болуға тиіс. Оған неге 70-жылдардың шумағы еніп кеткенін түсіне алмай «біз де аң-таң, апам да аң-таң»...

ОРЫНСЫЗ ҰЙҚАС

Құрмаш Махановтың орындауындағы «Армандамын адам боп жаралғасын» әніне «Жігіттер» жаңа тыныс берді. Әдемі ән.
Бірақ... Құрмаш та, «Жігіттер» де қазақ тілі мен әдебиетін нашар оқыған ба дейміз.
Құрмаш әннің қайырмасын: «Өткен күннің білсем де, сезсем де оралмасын, Армандамын адам боп, адам боп жаралған соң», – деп айтатын. «Жігіттер» де солай шырқап жүр.
Құлағының өзі ақын қазақ үшін бәрібір «оралмасын» – «жаралған соң» ұйқасы тосаң естіледі. Сөз сыны бұзылып тұр. Екінші жолда «жаралғасын» дей салса, «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Әннің сөзін кім жазғанын білмедік, дегенмен ақын «жаралғасын» деп жазып бергеніне күмәніміз жоқ. «Реформаны» әншілердің өздері жасаған болар...

Рейтинг түзген Есалы ӨСТЕМІР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті