1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 39 (16225) 16 мамыр, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
16 мамыр 2017
Жазығым«ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІН» жазғаным ба?

Әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлиевпен сұхбат

– Әбиірбекаға, жасұлғайғандажұмысауыстыруға, жерауыстыруға не себеп болды?
– Еңбек жолымды Жамбыл облысында бастадым. Одан Талдықорған, Алматы қалаларында еңбек еттім. Жас ұлғайғанда туған жерді аңсайды екенсің. Ағайын-туыстың бәрі сол өлкеде... Оның үстіне Жамбыл облыстық драма театрынан ұсыныс түсті. Ойлана келе қабыл алдым. Сонымен Тараздан бір-ақ шыққан жайым бар.
– Туған өлкеңіз, жерлестеріңіз қалай қарсы алды?
– Ауысып келгенімді естіп-білгендер қуанып жатыр, әйтеуір. Ұжым да жылы қарсы алды. Қарапайым жандардың барлығы «ауысып келгенің дұрыс болды» деп, бұл қадамымды құптап, қолдау көрсетті. Бірақ жергілікті басшылар тарапынан әзірге ешқандай жанашырлық ниет байқамадым. Екі жылдан асты... Актер ретінде театрда ешқандай рөл берілген жоқ. Кеше ғана алпыс жасқа толдым. Әкімдік жақтан елеп-ескеріп, құттықтаған жан болмады. Бұл жайт мені қатты ойлантты. Қазақ өнеріне азды-көпті сіңірген еңбегіміз бар сияқты еді. Жамбылдық басшылар «құтты болсын» деп айтуға жарамады. Бірақ мына заманда кімге ренжисің? Әкімдер тек іздеушісі, демеушісі бар жандарға ғана мойын бұрып, соларға ғана шабылып үйреніп қалған ғой. Мынау жақсы адам еді, ел құрметтеген өнер адамы еді деп бұрылып келу олар үшін қиын шаруа. Жазығым «Желтоқсан желін» жазғаным ба? Сонымен іштен тынып, спектакль көріп, рөл күтіп жүрген...
– Таразға келгеніңізге де үш жылдың жүзі болып қалыпты...
– Алдағы өмір Аллаға ғана аян ғой. Таразға ширек ғасыр уақыт салып сағынып жеткенімде мұндай қағажу, қысастық көремін деген ой мүлде болмаған еді. Алабұртқан сезімім су сепкендей басылды. Мәселен, маған 13-ші ықшамауданнан уақытша тұруға екі бөлмелі пәтер берді. 80 пәтерлік ол үйдің 65-інде жетімдер үйінің тәрбиесін көрген жастар тұрады. Түнге қарай олардың жылап-сықтағаны, айқай-шуы – бәрі естіледі. Шығармашылық адамы жалғыз мен ғана. Осы жайтты облыс басшыларына айтқан болатынмын. Олар «бұл мәселені қала әкіміне айтсаңызшы» деп, ақыр аяғы сиырқұйымшақтанып «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды. Әрине, «тегін берген малдың тісіне қарама» деген сөз бар ғой. Егер уақытша тұруға емес, атыма аударып берген болса әңгіме басқа...
– Әбиірбек аға, сізді елге жақынырақ таныстырып, абыройыңызды асқақтатқан әндеріңіздің бірі «Фариза қыз» болатын. Қазір сол жылдары түсірілген бір сюжет ғаламторды шарлап жүр. Сіз осы әнді орындағанда көрермендердің алғашқы қатарында Фаризаның өзі отыр. Әнді тыңдап, қатты толқып отырғаны жүзінен байқалады. Жалпы, осы әнді Фариза Оңғарсынованың өзі қалай қабылдады?

– Бұл ән 1987 жылы дүниеге келді. Ал сіз айтып отырған бейнебаян, шамасы, 1991 жылдары түсірілген ғой деймін... Рас, алғашында ақын апамызға біреулер «Сіз туралы бір ән шығыпты, тыңдап көрмейсіз бе?» деп айтқанда, ол кісі «Қазір не көп? Ән де көп, әнші де көп. Сондай жылаңқы әннің бірі шығар» деп жақтырмай қалған екен. Содан бірде Фариза апамыз таңертең үй жинап жатса, теледидардан осы ән беріліп жатқан ғой. Ә дегеннен қалт тұрып тыңдап қалыпты. «Әннің жүрегімді бірден баурап алғаны соншалық – тыңдап отырып көзіме жас келді», – деп еске алушы еді ақын апам. Содан Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына арналған кеште осы әнді тұңғыш рет Фаризаның алдында орындадым. Кешке Мұқағали ағамыздың жары Лашын апай да қатысқан. Әнді шырқап жатып көзім Фаризаға түсіп кете берді. Шынында, ол кісі қатты толқып, тіпті бір-екі жерінде беторамалымен көзін сүртіп, көңілі босап қалды. Ақынның жаны тым нәзік екен. Ән аяқталып, елдің бәрі қол шапалақтап жатқанда ақынға бір құшақ гүл тарту еттім. Ол кісі риза болып, гүлді алып Лашын апайға берді. Кейінірек Фариза Оңғарсынқызы Жамбыл жеріне арнайы қонақ боп келіп, Талас ауданын аралады. Қасында бірге жүрдім. Ол да бір ұмытылмас күндер еді...

– Елдің жүрегін баурап алған тағы бір әніңіз «Толғанай» болды. Бүгінде Толғанайдың өзімен байланысыңыз бар ма? Кейінгі тағдыры қалай болды?
– 1989 жылы Жамбыл облыстық драма театрында жұмыс істеп жүргенімде Өзбекстанға төрт айға гастрольге шықтық. Бірақ гастроль бастала салысымен қатты ауырып, елге қайтуға тура келді. Содан Жамбыл вокзалында бір танысым кездесіп қалып, Толғанайдың анасы туралы жағдайды содан естідім. Алдында екі ұл туған байғұс ана енді қызды болуды аңсаған көрінеді. Сөйтіп, дәрігерлер рұқсат бермесе де, бала көтерген ғой. Жағдайы қиын болған соңғы сәтте Таластан Таразға алып келіп, қаланың перзентханасында қиналып босанған. Ақхалаттылар жаңа босанған анадан «қыз босандыңыз» деп сүйінші сұрапты. Арманының орындалғанын білген ана жымиған күйі о дүниелік болып жүре беріпті. Кейінірек перзентханадағылар әйелдің киім-кешегін жинап жатып қалтасынан бір жапырақ қағаз тауып алады. Сөйтсе, ана жүрегі дүниеге қыз әкелетінін, бірақ соңы осындай қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін екенін алдын ала сезсе керек, «Қызымның есімін Толғанай қойыңыздар» деп, бір ауыз өтінішхат жазып кетіпті. Осы оқиға мені қатты толқытты. Сөйтіп, ақын Абдрахман Асылбекке осы әңгімені айтып, ол кісі әннің сөзін жазды. Ақын ағамызға да қайтыс болған ананың тағдыры қатты әсер еткен білем, алғашында өлеңді 11 бет қып жазып келіпті. «Мұның бәрін әндетіп айтып шығу мүмкін емес қой» деп, 7-8 шумаққа дейін қысқартуға тура келді. Ел әнді өте жақсы қабылдады. Тыңдаған адамның көзіне жас алмайтыны некен-саяқ. Рас, Толғанайдың әкесі тарапынан бұл әнге деген ептеп түсініспеушілік болды. Қанша дегенмен елдің ықыласы өзіне ауып, перзентіне мүсіркеу, аяушылық білдіріп жатқаны ұнамады ғой деймін. Биыл Толғанай 28-ге толды. Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Қазір Қаратау қаласында тұрады. Қайбір жолы Талас аудандық әкімшілігіне барғанда Толғанаймен жолығып қалдым. Әкімдікке жұмыс сұрап келіпті. Аудан әкіміне айттық. Әкім «қалайда жұмыс тауып беремін» деп қалған, әйтеуір...

– Аға, ендігі әңгімемізді әйгілі «Желтоқсан желі» төңірегінде қозғасақ. Желтоқсаншылардың әнұранына айналып кеткен бұл ән 1986 жылғы оқиғаға қатысты деп айтылғанымен, әннің мәтіні басқаша сияқты...
– Желтоқсан оқиғасы туралы жаңалықты сол Жамбылда жүргенде естідім. «Ойбай, не дейсің, Алматыда жастар көтеріліпті, оларды су шашатын машинамен әрең тоқтатыпты. Алаңға шыққан жастардың барлығы наркоман, ішкіш, қылмыскер екен» деген әңгіме гу-гулеп жатты. Жаным түршігіп кетті. Сол күні-ақ Алматыға тартып кетейін деп едім, еш мүмкін болмады. Жібермеді. Содан әрең дегенде 20 желтоқсан күні бір-ақ жеттім. Сол арада Жамбылға ақын Абдрахман Асылбек келіп қалды. Көп мән-жайды сол кісіден білдік. Жамбылдың жастары да дүрлігіп қалған. Ойпырмай, сол заманның жастары нағыз рухшыл, намысшыл, ұлтшыл екен-ау... Жамбылда орталық кітапханаға қарсы бір жоғары оқу орнының жатақханасы болды. Жатақхананы мұғалімдер, милициялар қоршап алған. Сонда да жайманы бір-біріне байлап, жоғарғы қабаттың терезесінен ұрланып қашып кеткен жастар болды. Мен де қылшылдаған жаспын. Сонымен ән туды. Сөзін жазған Абдрахман ағамыз: «Егер мәтінде Желтоқсан оқиғасын ашық айтсақ, бәріміз құримыз. Сондықтан жұмбақтап айту керек»,– деді. Ойлап отырсақ, 1969 жылдың желтоқсанында Қазақстанда мал қырылып, жұт болған екен. Біз сол желтоқсандағы қырғынды айтқан болып, желтоқсанның ызғарын сездірдік. Міне, қараңызшы... «Желтоқсан бірде, Ел тосқан түрде, Келетін мүлде жайдарлы. Сол жылы бірақ, Әдеттен жырақ, Көрінді шын ақ айбарлы»...
Қалай айтсақ та, бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын астарлап анық жеткізген алғашқы ән болды. Қасымда Жүніс деген досым бар, екеуміз 20 желтоқсан күні Алматыға келіп, алдымен Қазақ радиосына бардық. Бұрын да 7-8 әнімді жаздырғанмын. Бұл жолы «Желтоқсан желін» таспаға жаздырдық. Бірақ радиодан беруге қарсы болды. Қарсы болмақ түгіл, «мәтінде «желтоқсан» деген сөз көп екен» деп, «айналайындар, аулақ жүріңдер» деп шығарып салды. Содан радиодан шығып кетіп бара жатқанымызда, қап-қара пальто киген бір жігіт ағасы амандасты. Домбырамызды көріп, салған жерден «Әншісіңдер ме?» деді. «Иә» дедік. «Қане, менімен бірге жүріңдерші... Тыңдап көрейін» деп, Қазақ радиосының 2-қабатындағы бөлмесіне алып келді. Сонымен ән айттық, әңгіме айттық. Әлгі бөлмеде бір сағаттай отырдық.

– Ол кісі өзін таныстырмады ма?
– Содан кейін ғана таныстық қой. «Мен «Азаттық» радиосының Алматыдағы меншікті тілшісі Қиял Сабдалин деген ағаларың боламын. Жігіттер, айып етпеңдер, сендерге айтпастан арадағы әңгімені де, әнді де таспаға жазып алдым. Қорықпаңдар, ешқандай зияным тимейді. Кешкі сағат 19:35-те «Азаттық» радиосынан «Желтоқсан желі» әні беріледі. Мүмкін болса, дүкенге барып қолға алып жүретін радио сатып алыңдар», – деді әлгі кісі. Аң-таңбыз. Шынымды айтсам, қорыққанымыз жоқ. Бірақ сенбедік. Қазақ радиосы қуып шықты. Енді мына кісінің «Желтоқсан туралы әнді беруі мүмкін емес» деп ойладық. Дегенмен де дүкенге барып радио сатып алдық. Кешкі сағат 19:35-те «Азаттықтан» даусымыз саңқ ете қалды. Алдымен «Қазір Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы турасында репортаж тыңдайсыздар» деді. Сонымен арадағы әңгімені де, әнді де сол күйі берді. Жүніс екеуміз қуанып, бір-бірімізді құшақтап жылап жібердік.

– Бұдан кейін КГБ соңдарыңызға түсіп, тергеуге шақырып әурелеген жоқ па?
– Соған өзім де аң-таң қаламын, ешқандай қудалау болған жоқ. Бірақ, рас, үлкен концерттерде осы әнді орындауға тыйым салды. Тіпті «сол әнді орындайтын болсаң, концертке қатыспайсың» деген де талаптар қойылды. Амал жоқ, «басқа ән айтамыз» деп шығып, кейде «Желтоқсан желін» де шырқап жіберетін кездерім болған. Кейінірек оқыдым, «Азаттық» радиосында жүрген Хасен Оралтай деген ағамыз менің әнімнің сол күні қалай берілгенін өз кітабында тәптіштеп жазыпты. Сонымен «Азаттық» осы әнімді бес жыл бойына үзбей беріп отырды. Қазақ радиосы бес жылдан кейін ғана тәуекел етті.

– Былтыр Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы шарасында елеп-ескерген адам болды ма?
– Алматыда өткен іс-шараға арнайы шақыртты. Сонда «Желтоқсан желін» орындадым. Залда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те бар еді. Алғашында толқып, «ел қалай қабылдар екен?» деп әнді көзімді жұмып бастағам... Бір көзімді ашсам, елдің бәрі сілтідей тынып тыңдап қалыпты. Бұл тіптен шабыттандыра түсті. Ән де аяқталды, Алматының әкімі де микрофонға қолын соза берді. Сөйтіп, Бауыржан Байбек атымды атап құттықтап, «сізді таппай қалдық қой» деп, Желтоқсан оқиғасына арналған медальді кеудеме тағып, куәлігін тапсырды. Әрине, кейін бұл әннің мәтінін өзгертуге де болар еді. Бірақ сол күйінде қалдырғанды жөн көрдік.

– Қазір не жазып жүрсіз?
– Былтыр ма еді, әйтеуір, Жамбыл облысының Ақкөл ауылында болған жағдай мені қатты толғандырды. Перзентінің амандығы үшін жанын қиған аналар бар. Ал шыр етіп дүниеге келген шаранасын көліктің терезесінен лақтырып кеткен сұмдықты кім естіген? Осы екі жайтты салыстырып ән жаздым. Бейнебаян да түсірілді. Қазір монтаждалып жатыр. Дегенмен бұл әнді де телеарналардан, радиодан бермей ме деген де қорқынышым жоқ емес.

– Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Нұрболат ӘЛДИБЕКҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті