1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16258)   12 қыркүйек, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
12 қыркүйек 2017
Ақан серінің домбырасы табылды

Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне Ақан серінің шежірелі көне домбырасын жазушы Сәкен Жүнісовтің ұрпақтары тарту етті. Музей директоры, жыршы Ұлжан Байбосынованың айтуынша, С.Жүнісов оны Ақан серінің туыстарынан алған екен. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қасиетті қоңыр домбыра музей төрінен орын алды.
Ерекше атап өтерлігі, халық музыкалық аспаптар шаңырағында әнші-композитор Ақан Қорамсаұлына ұстаз болған атақты Біржан салдың ұстаған домбырасы да бар еді, енді құнды жәдігерлер арасына Ақанға серік болған жан домбырасы қойылды. Бір жарым ғасыр бұрын жасалған ұлттық аспаппен әнші Ерлан Төлеутай автордың «Алтыбасар» әнін орындады.
Қазақ мәдениеті мен өнерінің «Алтын ғасыры» аталған кезең – ХІХ ғасыр – халқымыздың арасынан небір дүлділ өнер майталмандарын өмірге әкелді. Ұлт руханиятының дарынды өкілдері, әнші, күйші, композиторлар мен жыршы-жыраулар ұрпағына өшпес мол мұра қалдырды. Әсіресе сол кезеңде ерекше шырқау шегіне жетіп дамыған – сал-серілік өнерді жалғастырушы, аты алты Алашқа мәшһүр Дәстем сал, Нияз сері, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Естай т.б. сынды көмейіне бұлбұл ұя салған дарынды тұлғалар еді.
Әрі ақын, әрі әнші-композитор Ақан серінің шығармашылығы сан қырлы. Ақжігіт Қорамсаұлы 1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келіп, 1913 жылы сол жерде қайтыс болған. Ақан сері жас кезінен ақындық, әншілік өнерімен көзге түсіп, кейін аты алты Алашқа мәлім сері атанған. Әуелі ауылда, одан кейін Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) молдадан оқыған. 16-17 жасынан өнер жолына түскен. Біржан салды өзіне ұстаз тұтса, Балуан Шолақ, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты әнші-композиторлар – оның өнер жолындағы ең жақын достары.
Ғалым, күйші Мұрат Әбуғазының айтуынша, Ақан серінің ақындық мұрасы идеялық-тақырыптық жағынан екі топқа бөлінеді: алғашқысы махаббат, аңшылық, саятшылық болса, екіншісі – өзі өмір сүрген заманның ащы шындығын жырлаған шығармалар. Біреу білер, біреу білмес, Ақан сері көрнекті айтыскер ақын болған. Ол Орынбай, Нұркей, Нұрғожа т.б. ақындармен сөз сайысына түскен. Ақан сері артына әншілік, композиторлық мол мұра қалдырғаны белгілі. Оның атақты «Құлагер», «Маңмаңгер», «Қараторғай», «Сырымбет», «Мақпал», «Балқадиша» және тағы басқа ондаған (мүмкін, жүздеген) халық арасына кең тараған әндері бар. Осынау жүрек тебірентер терең әндерді қазақтың классикалық өнерінің төл туындылары десек артық айтқандық емес.
Ақан серінің домбырасы Халық музыкалық аспаптар музейіне салтанатты түрде қойылды. Концерт залы көрерменге толы болды. Сол күні музейдің концерт залы ән-жырға бөленді. Ақан серінің «Шәмшіқамар», «Маңмаңгер» әндерін әнші Рамазан Стамғазиев, «Ақтоқтының аужарын» Гүлсім Арысбаева, «Балқадиша» әнін Талғат Әбуғазы, «Майдақоңыр» әнін Талдықорғаннан арнайы келген Құралай Шаяхметова, осы күні көп орындала бермейтін «Көккөбелек» әнін Саят Нұрғазиннің орындауында тыңдап, көрермен шат-шадыман күйге бөленді. Айдана Асанбаеваның орындауындағы «Мақпал», Тілеулес Құрманғалиев шырқаған «Құлагер», күйші Сырым Нұрмолдин шерткен Тәттімбеттің «Қосбасары» құлақ құрышын қандырды.
Ұлттың рухани жаңғыруы науқандық іс-шарамен шектелмей, табиғи түрде жүректерде, ой-санамызда, өмірімізде жаңғырса, соның өзі үлкен жетістік емес пе?

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті