1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16258)   12 қыркүйек, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
12 қыркүйек 2017
«Сәби болғым келеді»

Тұрсынғазы Рахимов – қазақ өнеріне әншілігімен де, композиторлығымен де өзінің ешкімге ұқсамас бөлек саз-үнімен, ерек сарынымен келген өнерпаз. Бір ғана «Сәби болғым келеді» әнімен бүкіл қазақ жүрегіне жол тауып, сал-серілердің әншілік-композиторлық дәстүрін ХХІ ғасырға жеткізген ірі тұлға.
Т.Ибрагимов өзінің «Толқын толғау» кітабында: «... Адам баласына, ең азы қазақ баласына үнемі бар уақытта – тозбас тотықпас өміршең дүниелер қатары мен қатарындағыны айтсақ керек. Бұл әнді де осы үздіктер қатарынан көре білгендейміз. Неге? Негесі сол: кейінгі 20-25 жыл орайында дүниеге келген ән кенеулісінің бәрін тыңдап тыныс рахат тапқанда, «Сәби болғым келедісіз» алар, табар ләззат, рахатымыз кем болар еді. Сезім қалауының жүрекпен жетер тілегінің бір өтеуі жетпес еді», – дейді. Шынында да, Т.Рахимовтың шығармашылығының қыр-сыры әлі толық зерттеле қойған жоқ. Танымал композитор көзі тірісінде халықтың зор құрметіне бөленгенімен, осы күні екінің бірі алып жатқан мемлекеттік марапатқа ие болмаған өнер өкілі. Әнші сырқатқа бой алдырған тұста Семейде өнердегі ізбасарлары, шәкірттері ол кісінің шығармашылығынан ән фестивалін ұйымдастырып, Т.Рахимовтың құрметіне «Қазағым-ай!» деген І Республикалық фестиваль, ән байқауын өткізді. Сол фестиваль және ән байқауы қазанда Семейде екінші рет, халықаралық деңгейде өткелі жатыр. Байқауға Моңғолиядан, Қытай мен Ресейден, Қырғызстаннан өнерпаздар келмекші. Биыл Т.Рахимовтың шәкірттері: әншілер Еркін Шүкіман мен Т.Сембаев «Сағынбасқа не шара» деген Тұрсынғазы творчествосынан ән жинағын шығарды. Тұрсынғазы Рахимовтың алты Алашқа тараған «Ән атасы – Әміре», «Ерке жирен», «Батыр бабам Қабанбай», «Керімбайдың әні», «Сағынбасқа не шара», «Қазағым-ай», «Дариға, домбырамды берші маған», «Аягөз Ару» сынды және одан өзге кесекті ірі дүниелері көп.

«АРҚАДА САЛҒАН ӘН ҚАНДАЙ»
Әнші-сазгер Роза Әлқожа көпшілікке өзінің «Мен сыйға тартқан орамал» (сөзін жазған – ақын Гүлнәр Салықбаева) әнімен танылғаны рас. Биыл осы әннің жазылғанына 18 жыл толыпты. Әрі бұл әнді Роза 18 жасында жазыпты. Он бес жылдай сахна төрінде шырқалып жүр. Әншінің Астанаға көшіп келгеніне жылға жуықтаған. «Осыларды ескере келе әрі көрермен қауым «үнемі концерттеріңізді, рухани кешіңізді Алматыда ұйымдастырасыз, Астанада бізбен қашан жүздесесіз?» деген өтініш айтады. Көпшіліктің өтінішін аяқсыз қалдыруға болмайды. Ойлана келе, Сарыарқа төсінде
1 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында концерт беруді жөн деп таптық», – дейді әнші-сазгер «Ырғаққа» берген түсініктемесінде.
Роза 2013 жылы марқұм Фариза Оңғарсынова апасының қолқалауымен Астанада алғаш концертін қойған. Одан кейін ел жүрегі елордада тыңдармандарымен жүздесудің сәті түспеген. Енді, міне, сол олқылықтың орнын толтырып, Роза жаңа ән кешін ұйымдастырып жатыр. Биыл жыл басында «Алтын микрофон» жобасында Роза Әлқожа мен әнші Еркін Нұржан дуэті еліміздегі «Ең үздік дуэт» атанды. Астанада қойылатын концертте Роза өзінің ескі-жаңа әндерімен қоса, Еркінмен қосылып айтатын әндерін қазір қайтадан жазу үстінде. Қырғызстанның халық әртісі Алтынай Нарбекова концертке арнайы шақырылды. Ол Розаның «Сағындым сені» әнін қырғыз тілінде шырқайды. Розаның қуанышын өнердегі достары сахна төрінде бөліседі.
Айтпақшы, әнші Роза өзінің орамал тігу кәсібімен де танымал. Аймақтарда 19 дүкені жұмыс істеп тұр. Концертке келген әрбір көрерменге орамал сыйға беріледі. Ал оған дейін, 14 қыркүйекте Алматыда әнші-сазгер, журналист Роза Әлқожа өз оқырмандарына арнап «Жүрек назы» деген шығармашылық кешін ұсынады.

Г.СМАҒҰЛОВА
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті