1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16258)   12 қыркүйек, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" музыкалық қосымшасы.
12 қыркүйек 2017
Мақсат Нұрланұлы ӨНЕРБАЕВ: ӘКЕМ – МЕНІҢ ИДЕАЛЫМ

− Мақсат, сіз балалық шағыңызда қандай әндерді тыңдап өстіңіз?
− Балалық шағым Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Ата-әжемнің тұңғыш немересі болғандықтан, қазақтың ежелгі салты бойынша сол кісілердің баласы болдым. Мектеп жасына келгенде қалаға кеттім. Ауылдағы кеңістікке, еркіндікке әбден үйреніп қалғандықтан, демалыс сайын сол жаққа аңсарым ауып тұратын. Ес білгелі халық әндерін сүйіп тыңдаймын. Ондағы ұлттық бояу, ерекше иірімдер жаныма жақын. Сонымен қоса, әкемнің барлық әндері ұнайды. Әкемнің: «Менің әрбір әнімде поэзия бар. Өрнекті өлеңі жоқ ән айту мүмкін емес шығар», – деген сөзін жадымнан шығарған емеспін.
− Әкеңіздің сіздің шығармашылығыңызға ықпалы болды ма? Музыка саласын таңдағаныңызға еш қарсы болмады ма?
− Әнді жүрекпен сүйіп, нағыз өнердің қадірін білуіме әкемнің септігі мол. «Етікшінің баласы етікші болады», – деп әкем бізге әзілдейтін. Рухани тұрғыдан өзімді дамытып, жолымды адаспай табуыма әкемнің үлесі зор. Осы жолды таңдауыма қарсы болмаса да, бастапқыда сәл күмәнмен қараған секілді. Алайда бүгінде талабым мен талғамымды таныған соң, зор сеніммен қарайды. Қазір шығармашылығыма жәрдемін беріп, талантты ақындармен таныстырып, деңгейлі әндерді ұсынып отырады. Әкем – мен үшін мәңгілік идеал.
− Дегенмен кәсібіңіз бойынша сіз экономика маманысыз ғой?
− Иә, есейген соң заңгер, экономист ретінде білім алып, өзімді сынап көрдім. Алайда қанда бар өнер маза берсін бе? Бүгінгі таңда әкеммен бірге көптеген концерттерге қатысып жүрмін. Өз репертуарым да қалыптасып қалды.
− Өнер адамдары бар уақытын халыққа, шығармашылығына арнайды. Бұл балаларына зиян емес пе? Олардың тәрбиесіне дегендей...
− Әнсапарларда немесе түрлі концерттерден қолым босамайды деп айта алмаймын. Балаларыма барынша көңіл бөлуге тырысамын. Шығармашылыққа да уақыт табуға болады. Ал, екінші жағынан, өнер адамының ұлы ретінде айтар болсам, бізге әкеміздің кей сәттерде жанымызда болмағаны білінген жоқ. Әкем бар өмірін өнеріне арнады. Осы уақытқа дейін талмай ізденіп келеді. Гастрольдік сапарларға кеткен кезде анамыз арқылы бізді әрдайым бақылап отырды. Әкеміз үйде жоқ болса да, анамыз арқылы оның тәрбиесін сезінетінбіз. Бір тәулікте 24 сағат бар ғой. Сондықтан өнер адамының баласына көңіл бөлуге уақыты табылады деп ойлаймын.
− Сіздіңше, адам мен қоғамның арасындағы байланыс қаншалықты мықты? Адам қоғамның айнасы ма?
– Негізінде, кез келген адам – өмір жолында қарсы алдынан кездескен адамның айнасы. Тек біз бұл құбылысты байқамаймыз. Біз қоғамға қандай мағынадағы сауал қойсақ, сол дәрежедегі жауапты ғана естиміз. Меніңше, адам өзі қандай болса, оның айналасындағылар да өзі тектес жандар болады. Сондықтан әлемнің қатесін түзеткіміз келсе, алдымен өзіміздің мінсіз екендігімізге көз жеткізуіміз керек секілді.
− Қазақ эстрадасының өткені мен бүгініне қатысты не ойлайсыз?
− Қазақ халқы қашаннан да әнге құмар халық. Ән бұрын да болған, қазір де бар және болашаққа да мұра болып жететіні ақиқат. Өткеніміз өшпей, бізге жетті емес пе? Дегенмен қазіргі эстрада мүлде басқаша. Мұны заманның өзгеруімен байланыстыруға да болатын шығар. Бірақ мен жастардан гөрі аға буынның әндерін тыңдағанды жөн көремін. Өйткені ол кездің өнерпаздары нағыз майталмандар.
− Әншілік талғам қалай қалыптасады?
– Талғам әркімде түрлі кезеңде, түрлі уақытта қалыптасатын сыңайлы. Тіпті кейбіреулер талғам жайлы мүлде ойланбайды да. Өмір бойы ненің не екенін білмей өтуі мүмкін. Өз басым лирикалық әндерді орындағанды, тыңдағанды жақсы көремін. Өйткені мен соны тыңдап өстім. Әншілік талғам өзіңе керектіні таңдай алғанда қалыптасады. Демек, өз жүрегіңнің қалауын тауып, өнерге өрелі дүниелерді әкелген сәтте талғамың да биіктей түседі.
− Сіз принципшілсіз бе?
− Принципшіл болу – әрдайым бір сөзді болу деген сөз. Екіжүзділік, екі сөйлеу секілді қасиеттер адал адамға жат. Қара қылды қақ жарып, шындықты бетке айтқанды ешкім жақтырмайды. «Тура биде туған жоқ» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Өзіңнің көздеген нысанаңа түзу жолмен жетіп, кей-кейде ойыңды, көзқарасыңды өзгертуге де болады. Бұл өмірде мызғымай, бір орнында тұратын еш нәрсе жоқ. Бәрі өзгереді. Біз де өзгереміз. Сондықтан қыруар қағидаларға бойсұнбай, уақыттың ырғағына ілесе білген де жөн.
− Мақсат Өнербаев қандай әндердің тыңдарманы?
− Мен ән мен сөзі үйлесім тапқан кез келген әннің тыңдарманымын. Мейлі қазақша ән болсын, мейлі өзге тілде болсын. Бастысы, үйлесім ғой. Әнде ғана емес, өмірде де үйлесімділік маңызды деп ойлаймын.
− Өнерге әр адам өзінше анықтама береді. Сіздіңше, өнер деген не өзі?
− Өнер дегеніміз − өзіңнің жан дүниеңде болып жатқан құбылыстарды қандай да бір тәсілмен, яғни көркем сурет, әсем әуен, сырлы сөздер арқылы жеткізу. Өнердің ауқымы сіз бен біз ойлағаннан да кең. Түптеп келгенде, әнді нақышына келтіріп орындау да – өнер, мал соя білу де – өнер. Әркім әр саланың өнерпазы. Өнерліге өріс кең болғандықтан, оған ұқсағысы келетін, еліктейтін ізбасарлары да болуы шартты нәрсе.
− Әр тұлға өзін ешкіммен де салыстырмауы тиіс секілді... Қалай ойлайсыз, сол арқылы адам өзін дамытады емес пе?
− Адамзат ғұмыр кешіп жатқан кеңістікте, яғни бұл өмірде ешкіммен ешкімді салыстыруға болмайтын сияқты. Бұл тіпті ақылға сыймайтын дүние. Өйткені әркімнің өз жолы, алар асуы, қиындықтары мен қуанышы болады. Жақсымен өткен әр сәтім құнды. Мен жанымдағы жақсыларға, үлгілі жандарға ұқсап бағуға тырысамын. Қолыңнан келіп жатса, олардан да мықты болғанға не жетсін?! Сондықтан алдағы уақытта өзімді шыңдап, ән қоржынымдағы сапалы әндердің қатарын арттырғым келеді.
− Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әлия ІҢКӘРБЕК
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті