3 қараша 2009
Нұрлан Әлiмжан: Менiң «шапаным» — менiң бет-бейнем...

Нұрлан Әлiмжан кiм? Ол — әншi, сазгер, жүргiзушi һәм актер. Нұрланың әншi екенiн, сазгер екенiн бұрыннан бiлемiз. Ал қалың жұртшылық оны «Ағайынды» телехикаясындағы Қуаныштың рөлi арқылы кино әртiсi ретiнде де жақынырақ таныды деуге әбден болады. Естуiмiзше, ендi оған шетел кинорежиссерлерi де қолқа сала бастапты. Н.Әлiмжан қазiр «31-арнадағы» ауқымды жоба — «Бiлгiрлер бәйгесiн» жүргiзедi. Бүгiнгi сұхбатымызда Нұрланның «сегiз қыры мен бiр сырын» түгендеуге тырыстық.
— Нұрлан, театр және кино саласына түрен салғаныңа аз уақыт болса да, Қытайда киноға түсуге шақырту алған елiмiздегi бiрiншi актер екенсiң...
— Қытайға шақырту алғаным рас. Осыдан үш айдан астам уақыт бұрын Үрiмшiдегi бiр ағамыздың тойында әнiмдi естiп қалған Қытай кинорежиссерi Гон Фу актер екенiмдi естiп, сал-серiнiң рөлiн сомдау туралы ұсыныс жасады. Көп ойланбастан келiстiм. Гон Фудың шақыртуымен жақында Қытай елiне барып, оқиға желiсi 1920-30 жылдарды қамтитын «Ақсарбас» атты тарихи киноның түсiрiлiмiне қатыстым. Психологиялық драма жанрындағы фильм Қытайдың мемлекеттiк тапсырмасы бойынша түсiрiлдi. Фильм халықаралық Кан кинофестивалiне қатысады. Сәтiн салса, жүлделi орынға iлiгедi деп үмiттенемiз. Фильм қазақша түсiрiлгенiмен, қытай және ағылшын тiлдерiнде аудармамен көрсетiледi. Түсiру жұмыстары Алтай тауының бөктерiндегi Қанас өзенiнiң бойында жүргiзiлдi. Фильмде басты кейiпкердiң қым-қуыт өмiрiнiң үш кезеңi қамтылады. Рөлдердiн басым көпшiлiгiн Қытайдағы қандастарымыз ойнады. Көбiнiң кәсiби бiлiмi болмаса да, табиғи таланттары менi таңғалдырды. Кино түсiрудiң ұйымдастыру жағына да, техникамен қамтылуына да мiн таға алмайсыз. Түсiрiлiм тобы қытайлар болғандықтан, бiраз сөздерiн үйренiп алдым. Кино саласындағы өзiме тың бiрқатар дүниелердi көңiлге түйiп қайттым. Аманшылық болса, «Ақсарбасты» жақын күндерде көгiлдiр экраннан көрiп қаларсыздар.
— Таңдау нелiктен саған түстi?
— «Шапаныңа қарап қарсы алады, ақылыңа қарап шығарып салады» деген сөз бар қазақта. Менiң «шапаным» — менiң бет-бейнем. Сомдайтын кейiпкерiме түр-әлпетiм дәл келген көрiнедi. Оның үстiне басты кейiпкердiң домбыра тартудан, суырып салма ақындықтан хабары болу керек екен. Қойылған талаптарға сай келген соң кинорежиссер менi таңдаса керек, сiрә.
— Бiр сұхбатыңда Мәскеу, Голливуд сияқты алып елдерде киноға түссем деген арманың бар екенiн айтқансың. Жолың Голлувудқа емес, Қытайға түстi. Арманың орындалды деп есептейсiң бе?
— Адамның арманында шек жоқ қой. Бiр мақсатыңа қол жеткiзсең, келесiсi менмұндалап тұрады. Киноға түсу — менiң сүйiктi кәсiбiм. Ал «Ақсарбас» фильмiн үлкен мақсаттарға бастайтын табалдырық деп бiлемiн.
— «31-телеарнада» Нұрландардың басы қосылып жатыр. Сол Нұрланның бiрi — өзiң. Ән шығаруға, ән айтуға, киноға түсуге және бағдарлама жүргiзуге қалай уақыт табасың?
— Уақыт жағынан үлгеремiн десем, жалған болар. Бiрақ, өз кәсiбiмдi сүйгендiктен жүктелген шаруаны қашанда қызығушылықпен атқарамын. Содан да болар, бәрiне үлгеремiн. Ең бастысы — қызығушылық. Сонда ғана iстеген жұмысыңның жемiсiн жейсiң.
— Өзге телеарналарда да бағдарлама жүргiзушiсi болғаныңды бiлемiз. «Бiлгiрлер бәйгесiнiң» басқа бағдарламалардан не айырмашылығы бар?
— «31-арнада» жастар көп болғандықтан тың идеялар да көп. Аз уақыттың iшiнде көп достар таптым. «Бiлгiрлер бәйгесi» — шоу бағдарлама стилiнде. Сондықтан да жаныма жақын. Мұнда шабытыңа ешкiм шек қоймайды. Студия қонақтары жөнiнде, басқа мәселелер турасында редактормен келiсiп, ортақ мәмiлеге келу оңай. Ойынға қатысушыларға сұрақ қоя отырып, өз бiлiмiмдi де жетiлдiруге де мүмкiндiк бар.
Арнадағы «Пiкiр алаңы», «Замандастар», «Кәсiпкер», «Биiк мақсат» бағдарламасының қай-қайсысын алсақ та, үлкен талғаммен жасалып жатыр. Әрiптестерiм әр бағдарламаға барын салып еңбек етедi. «Жұлдызбен жүздесу», «Әзiл-студио», «Әңгiме болсын» жобалары әзiл-сықақ стилiнде. Бiр айта кетерлiгi, «31-арнада» басқа электронды ақпарат құралдарындағыдай емес, бағдарламалар тек қана қазақ тiлiнде даярланады. Сондай-ақ, бағдарламалар барлық жас аралығын қамтиды.
— Нұрлан, сенi «Бағыңды бағала», «Ол сен емес» әндерiмен әншiлiк қырыңнан жұрт таныды. Екi әнiңе бейнеклип түсiрiп үлгердiң. Продюсерiң бар ма?
— Суырмада жатқан дайын әндерiме жан бiтiретiн продюсерiм әзiрге жоқ. Өз жұмысын қадiрлейтiн әрi бiлгiр маманмен жұмыс iстегiм-ақ келедi. Қазақстанның да өзге елдерден еш кем емес шырайлы жерлерiнде сапалы бейнеклип түсiрсем деймiн. Продюсерлiктi тек ақша табудың көзi деп қарамайтын iскер жандармен бiрлесiп жұмыс iстеуге әзiрмiн.
— Рақмет.
Әңгiмелескен
Лимара Қазиева.





Уәж айту