Жақында «Еларнадан» «Сағыныш» концертiн көрсеттi. Биылғысы болса керек, сiрә. Сонда концерттiң жүргiзушiлерi Нұрлан мен Мархабат «Жас қалам» деген әндi «Қорабай Есеновтiң әнi» деп жариялады. Ал халық жазушысы Қабдеш Жұмадiловтiң «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында жазушының досы Төлеубек Жақыпбайұлының ақындық қабiлетi болғанын, орыстың халық әнi «Сорвала я цветок полевойдың» мақамына салып, осы әндi шығарғанын жазады. Төлеубектiң сүйген қызы тастап кетiп, оны ұмыта алмай жаны қиналып жүргенде туған ән деседi. Бұл дәл осы «Жас қалам» ба, әлде осы аттас басқа ән бе, бұл жағын анық бiлмеймiн. Бiрақ, жазушы Қабдеш аға: «Бұл әндi басқалар «өз әнiм» деп жариялап жүргенiн құлағым шалды. Сондайда есiме Төлеубек түседi. Жақсы ән бәрiне ортақ шығар, бiрақ соны «Төлеубек Жақыпбайұлының әнi» деп неге турасын айтпасқа?!» — дегенi есте. Бұл мәселенiң әлi нүктесi қойылмады. «Қорабай Есенов ән ұрлады» деуден аулақпыз, әрине. Алайда, әлгi әндi естiген сайын бiздiң есiмiзге Қабдеш ағаның сөзi түседi. Сонымен, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс болды? Бәлкiм, анық-қанығын әншi-сазгер Қорабай Есеновтiң өзi айтар?





Уәж айту