Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. (Сурет Астана әкімдігі сайтынан алынған)

Босағадан сығалап тұрған тұрған ит жылы астаналық шенеуніктер үшін жағымсыз жаңалықпен басталайын деп тұр. Астана әкімі Әсет Исекешев 2017 жылдан бастап қала шенеуніктерін қызметтік көліктен бас тартып, жаппай таксимен жүруге міндеттейтін болды. Осылайша қала бюджетіне салмақ түсіріп отырған миллиондаған теңге қаржы үнемделіп, әрі такси қызметіне жаңа леп келіп, аясы кеңеймек. «Бұл пилоттық жоба ретінде іске асырылады» дейді қала әкімі.

Исекешевтің айтуынша, такси қызметінің пайдасы шаш етектен. Өйткені әкімдік жылда қымбат көлік сатып алып, жүргізушілерге ай сайын жалақы төлейді. Әрі көліктердің күтімі мен салығына жұмсалатын ақша да аз емесі белгілі. Өте қымбат әрі айрықша күтімді талап ететін көліктердің күтімі, жанармайы және тағы басқа керек-жарақтарын қоса есептегенде ондаған миллион теңге қаржы жұмсалады екен. «Қызметтік көлікті қарапайым таксиге ауыстыру шығынды екі есеге дейін азайтады» дейді әкім.

Бірақ бұл жобаның баптауы келіспей жатқан тұстары да жоқ емес. Әкімнің айтуынша, қалада шенеуніктерді тасуға жарамды такси компаниясы табылмай жатыр. Қала бойынша бірнеше таксопарк бар. Бірақ олар сұранысты қамтамасыз етуге аздық етіп отыр. Жоба оң нәтиже беріп жатса, әкім бұл кемшіліктің орнын қазіргі қолданыстағы әкімдікке тиесілі қымбат қызметтік көліктерді таксопарктерге төмен пайызбен несиеге беру арқылы толтыруға болатынын айтады. Қалғандарын аукцион арқылы сатылымға түседі. Жұмыстан қысқартылатын жүргізушілер такси көлігін айдауға шақырылмақ.

Ал әкімнің өзі өзгелер секілді такси қызметін пайдалана ма — ол жағын ашып айтпады.

Бүркіт НҰРАСЫЛ,
АСТАНА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз